Б. Сағынтаев өнеркәсіп және отын-энергетика салаларын цифрландыру мәселелері жөнінде отырыс өткізді

Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.

Отырыс барысында еліміздің өнеркәсіп саласында және отын-энергетика кешенінде цифрландыруды дамыту мәселелері талқыланды.  

Аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және энергетика министрі Қ. Бозымбаев сөз сөйледі.

Баяндамашылар салалар бойынша цифрландыруды дамытудың негізгі бағыттарын, өңірлерде жобаларды іске асыру әрекеттерінің алгоритмін атап, қабылданып жатқан технологиялар мен олардан күтілетін нәтижелерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, Astana Hub базасында Индустрия 4.0 платформасының өнеркәсіп порталын құру, АТ-инфрақұрылымды, отандық ғылыми-зерттеу институттарын, зияткерлік кен орындарын және цифрлық кеніштерді дамыту жөніндегі жоспарлар ұсынылды. Білікті АТ-мамандарын даярлау мәселелерінің жүйелік тәсілдеріне ерекше көңіл бөлінді.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев отырыс қорытындысы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігіне «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын уақытылы орындау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Өнеркәсіп саласында стандартталған өндіріс (процестердің жартылай автоматтандырылуы) деп аталатын технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «айқын» өндіріс (цифрлық ағымдарды басқару, барлық өндірістік деректерді цифрландыру) деңгейіне өту көзделген. Бұдан әрі «ақылды» өндіріс кезеңіне өтеді деп күтілуде (адам мен роботтың өзара іс-қимылымен орындалатын кибернақты процестер).

Тау-кен өнеркәсібінің жүйе құраушы кәсіпорындарын цифрландыру саласында 2025 жылға дейін 142,8 млрд тг сомасына 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Оларды іске асырудан түсетін экономикалық пайда 2025 жылға дейін 239,8 млрд теңге (ЖҚҚ) деңгейінде болады деп болжамдалған. Тау-кен-металлургия саласының 6 жүйе құраушы кәсіпорындарына мониторинг жүргізілуде. 522 жаңа жұмыс орындарын алу жоспарда бар.

Биыл өңдеу өнеркәсібінде цифрлық технологияларды танытып, цифрландырудың әсерлерін көрсететін, цифрландыру жолындағы кедергілерді анықтап, мемлекеттік қолдау құралдарын әзірлеуге жол ашатын үлгілік цифрлық фабрикаларды құру жобасы іске асырылып жатыр. Жобаға өнеркәсіп саласындағы жеті компания қатысуда. 2022 жылға дейін өңірлерде 58 кәсіпорында цифрлық технологияларды енгізу көзделген (цифрландырудың 80-ге жуық жобасы), олардың ішінде 2018 жылы – 33 кәсіпорында.

Энергетика саласында зияткерлік кен орындары («Қазмұнайгаз» АҚ), МӨЗ-де ЖТҚЖ жүйесін енгізу («Қазмұнайгаз» АҚ), цифрлық кеніш («Қазатомөнеркәсіп» АҚ), Бірыңғай электр энергетика жүйесінің режимдерін басқаруды автоматтандыру («KEGOC» АҚ), мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесі (ЭМ), қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (ЭМ), «Кен орындарының онлайн-аукционы» және «Сұйытылған газдың болжамды теңгерімі» модульдері тұрғысынан жерді пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі жобалары іске асырылып жатыр.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында өнеркәсіптегі, энергетикалық кешендегі бірқатар маңызды индикаторлар анықталған. Оларға 2022 жылға дейін қол жеткізу қажет. 2022 жылы еңбек өнімділігінің өсімі «Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді өңдеу» секциясы бойынша— 38,9%, «Көлік және қаттау» секциясы бойынша — 21,2%, «Өңдеу өнеркәсібі» секциясында — 49,8% болуы тиіс.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу