Қазақстанда І жартыжылдықта 441 мыңға тарта адам жұмысқа орналастырылды

Үкімет отырысында өңірлік жұмыспен қамту карталарын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірінші кезекте Отбасының цифрлық картасы аясында жұмысқа тартылуы тиіс мақсатты топ анықталды.

Бұл азаматтардың жұмыспен қамту мәселелерін тиісті деңгейде жүргізу мақсатында жыл басында облыс әкімдерімен 20 Өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітіліп, олардың аясында 947 мыңнан азаматты жұмысқа тарту қарастырылды.

«Есепті кезеңде 441 мыңға тарта адам жұмысқа тартылып, бұл жылдық көрсеткіштің 47%-ын құрап отыр. Олардың ішінде жастардың үлесі 50%-ға жуық. Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 79%-ы қазіргі таңда 10%-дық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып, өздерінің тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растап отыр», — деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Жұмыс орындарының денін біріншіден – 11 Ұлттық жобаның аясында ашылып жатқан 20 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары құрап отыр. Ең көп жұмыс орындары «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Жасыл Қазақстан» жобалары аясында ашылуда.

Бүгінде бұл жұмыс орындарына 19 747 азамат орналастырылды. Олардың ішінде 44%-ы жастар.

Бұл бағытта Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласының жұмысы жақсы жүргізілуде, дегенмен Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында жұмысқа тартылған азаматтардың зейнетақы төлемін аудару көрсеткіштері 40%-дан аспай отыр.

«Жұмыспен қамтудың келесі бағыты – азаматтарды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарына жолдау. Жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес 124 мыңнан аса азамат аталған бос жұмыс орындарына жолданып жұмыспен қамтылды. Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі, ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылып отыр. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 62%-ы осы негізі бес салаға тиесілі», — деді Тамара Дүйсенова.

Мемлекет басшысының өңірлерде тұратын әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы аясында 123,7 мың кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 151 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды.

Мемлекет тарапынан субсиядияланатын жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де белсенді жүргізіліп келеді. Бірінші шілдеге халықтың осал тобына жататын 26 мың азамат өздерінің бірінші жұмыс орындарын тапты.

Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған азаматтардың 36%-ын жастар құрап отыр.

«Биылғы жылғы жұмыспен қамту процессінің мониторингі зейнетақы жарналары, электронды еңбек кітапшалары және мақсатты топқа тиесілі екендігін Отбасының цифрлық картасы арқылы анықтау жолымен жүргізіліп отыр. Слайдта көрсетілгендей, жұмыспен қамтудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес жасалып жатқан шаралар нәтижесінде 297 мыңнан аса отбасының құрамындағы кемінде 1 адам азаматтар жұмыспен қамтылу арқылы отбасының еңбек табысы пайда болғандығын, сондай-ақ 137 мыңнан астам отбасының құрамында жұмыс істейтін азаматтар санының артуына орай отбасының табысы артқандығын атап өтемін7 Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 52%-ы ауыл тұрғындары», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі сондай-ақ Отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы айтып өтті.

«Бұдан басқа, жастарды жұмыспен қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі ретінде Отбасының цифрлық картасының мүмкіндігін пайдалана отырып 36 мыңнан астам жастарға жұмысқа орналасудың мүмкіндіктерін жеткізе отырып смс-хабарлама жолданды. Нәтижесінде, 4 мыңға жуық жұмыссыз жастарға жұмыспен қамтуға қосымша мүмкін берілді», — деді ол.

Қазіргі кезде гранттарды таратудың 2 потогы өтті, нәтижесінде 5 316 әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға мемлекетттік грант берілді, олардың 40%-ы жастар.

Грант алушылардың бір мысалы ретінде Ақтөбе облысының тұрғыны, 2-топ мүгедегі Бекбол Сүндетбаевты атап өтуге болады. Оның бизнес-идеясы кілем тігу цехын ашып, өзін өзі нәтижелі жұмыспен қамтып отыр. 

«Мемлекет басышысының тапсырмасына сәйкес жастарға шағын несие беру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 4244 өтінім қабылданып, олардың ішінде 1228 адамға 5,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді», — деп мәлімдед Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізіліп отыр. Барлық өңірлеріндегі жұмыс нәтижелі деп айтуға болады. 

Нәтижелі жұмыстың тағы бір мысалы Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Әділхан Кубаев шағын несие алып үй жағдайындағы микрозелень өсірумен айналысып, жұмысын жүргізіп жатыр.

Жалпы мұндай азаматтардың саны бүгінде мыңнан асты. 

Жұмыспен қамту шараларының тиімлідігін арттыру мақсатында 1 шілдеден бастап өңірлерде 20 еңбек ұтқырлық орталығы құрылды. Олар белсенді жұмыспен қамту шараларымен қатар еңбек күші ресурстарының өңіраралық деңгейдегі қозғалысын және басқа елдерде жұмысқа тұруға қатысты процесстерді жүргізуге бағытталатын болады.

«Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек нарығын дамыту бағытында қажетті шараларды уақтылы атқаруды қамтамасыз ететін болады», — деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.

#Жұмысқа орналастыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу