Қазақстанның автожол саласы: транзиттік әлеуетті ұлғайту, жолдарды жөндеу, ақылы режимді енгізу және жол бойы сервисін дамыту

Автожолдардың сапасын арттыру — азаматтардың қолайлы өмір сүру деңгейін арттыру басымдықтарының бірі. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылдан бастап елімізде «Нұрлы жол» ауқымды мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сәтжан Әбіләлиев бағдарламаны іске асырудың аралық қорытындылары, сондай-ақ автожол саласының маңызды жобалары туралы PrimeMinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

— Сәтжан Әйтенұлы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында не істелінді, алдын ала қорытындылары қандай?

— Өздеріңіз білетіндей «Нұрлы жол» бағдарламасы 2015 жылдан бастап іске асырылып жатыр. 2019 жылға дейін осы бағдарлама аясында 2400 км автожол қалпына келтірілді. Бұлар негізінен төрт жолақты қозғалыстағы бірінші және екінші техникалық категория жолдары. Бұдан өзге, әр түрлі жөндеу жұмыстарымен 5,5 мыңнан астам км жол жөнделді.

— Қазіргі таңда елорданы алыстағы облыс орталықтарымен байланыстыратын Орталық –Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Орталық – Солтүстік көлік дәліздері секілді жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?

— «Нұрлы жол» бағдарламасы орталықтардың тұрақты көлік инфрақұрылымын қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобаларды қарастырады. Бұл — Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс. Бұл өте ауқымды жобалар. Әрқайсысы — 1000 км-ден астам.

Бүгінде Орталық–Шығыс жобасы бойынша 1000-нан астам км құрылыс жұмыстары аяқталды. Биыл қалған 230 шақырым пайдалануға беріледі. Осылайша дәліз осы жылдың соңында толықтай жұмыс істейтін болады.

Ірі жобаларының бірі — Нұр-Сұлтан – Алматы қатынасындағы (1200 км-ден астам) Орталық – Оңтүстік жобасы. Аталған дәліз бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан жағынан кейбір учаскелер пайдалануға берілді: бұл — Нұр-Сұлтан — Теміртау, Алматы — Қапшағай. Қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, мердігер компаниялар анықталды, қаржыландыру қамтамасыз етілді. 2020 жылдың аяғында осы учаскелерде құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Тағы бір үлкен бағыт — Орталық – Батыс. Бүгінде біз бұл бағытта Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында жұмыс жасаймыз. Ақтөбе — Атырау — Астрахань жобалары жүзеге асырылуда. Маңғыстау облысында — Бейнеуден Шетпеге дейін Жаңаөзен қаласына шығу жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобалар іске асырудың әр түрлі сатыларында тұр. Барлық жерде қаржыландыру көздері қамтамасыз етілген. Қостанай облысында 114 шақырым ұзындықтағы учаскеде республикалық бюджет қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы алғанда, барлық осы жобаларда белсенді құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ол қолданыстағы жоспарға сәйкес аяқталады.

— Көлік-логистикалық хаб ретінде еліміздің рөлін арттыру үшін халықаралық дәліздерді және шекара маңындағы бағыттарды дамыту басымдық болып табылады. Қандай жобалар басталды және қозғалысы қашан ашылады?

— «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыты —еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру. Мұнда біз шекара маңы аймақтарына, Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға және т.б. бағдарланамыз. Осы бағытта бүгінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қытай бағытында: Ұзынағаш — Үшарал — Достық учаскесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Бақ Кескен — Бақты автомобиль жолдарын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қалбатау — Майқапшағай бағытында жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы Алматы — Қорғас учаскесі аяқталды. Қытайға баратын барлық негізгі транзит дәліздері жұмыс істеп тұр және аяқталған. Сонымен бірге, Талдықорған — Өскемен жобасы іске асырылуда, бұл да Қытайға осы бағытта барлық жолдарды біріктіреді.

Бұдан өзге, өткен жылы біз Орал — Озинки жобасын өткіздік. Бұл Ресейге шығар жол. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласынан Қорған бағытындағы шекараға қарай қайта жөндеу жобасы іске асырылып жатыр. Атырау облысында Атырау — Астрахан жобасы басталды. Бұл транзиттік әлеуетті арттырады.

— Қазіргі кезде бірқатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақы алу жүйесі енгізілді. Болашақта бұл жүйе қандай бағыттарда іске қосылады? Бұл жүйені енгізуден республика бойынша түсім қандай мөлшерде күтіледі және олар қйда бағытталады?

— Өткен жылдың соңында ұзындығы 470 км астам автожолдың үш учаскесінде төлем жүйесін енгіздік. Бүгінде бұл жолдар штаттық режимде жұмыс істейді. Соңғы кездері біз бұл мәселені көп талқылап жүрміз, ақылы, ашық жүйені енгізу туралы шешімдер қабылдануда. Бұл төлем алу пунктеріндегі кешігулерді болдырмау үшін жасалады. Негізінен автомобиль жолдарының пайдаланушылары қолма-қол ақшасыз төлемдер мен алдын ала төлемдер жасау арқылы төлеуіне жағдай жасалады.

Біз Батыс Еуропа — Батыс Қытай жобасына, сондай-ақ жақында ғана реконструкциядан өткен және жаңартылған барлық учаскелерге төлем жүйесін енгіземіз. Жақын арада Алматыдан Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлізі бойынша Таразға, Шымкентке, Қызылордаға дейін, Ақтөбеге шығу арқылы және одан әрі Ресейге қатынау учаскелері ақылы болады. Сондай-ақ, төлем жүйесі Нұр-Сұлтан — Атбасар — Қостанай учаскелерінде енгізіледі. Маңғыстау облысында порт, Бейнеу, Ақтау бағыттары бойынша төлемдерді енгізу мәселесі қарастырылуда.

— Жолдарды салу мен реконструкциялау кезінде тиісті инфрақұрылымды — жол сервисі объектілерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Біздің жол бойындағы сервисіміздің сапасы мен деңгейі нашар екені құпия емес. Оны жақсарту үшін қандай шаралар көзделген?

— Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз, үлкен көлемде қаражат жұмсалуда, біз жолдардағы қызмет көрсету нысандарын жақсартуға мүдделіміз. Осыған байланысты, біз Үкімет тарапынан — Автомобиль жолдары комитеті сервис нысанарын дамытуы үшін мүмкіндігінше шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдап жатырмыз.

Егер жолды жөндеу учаскелерінде қызмет көрсету нысандары бар болса, онда біз әрдайым сол жерлерге кіріп-шығу жолдарын қарастырамыз, тиісті қызмет көрсету орындарына тоқтау автокөліктерге ыңғайлы болуы үшін автотұрақты абаттанлыруға тырысамыз, осылайша жеке секторға өз бизнесін дамытуға мүмкіндік береміз. Бүгінде ешқандай бизнес нысандары жоқ, бірақ өте қажет жерлерде демалыс алаңдарын қарастыруға тырысамыз, мүмкіндігінше сол жерлерге байланыс орнатамыз, осылайша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп біз жеке бизнесті дамытуға ұмтыламыз.

— Облыстық және аудандық маңызы бар жергілікті жолдарды жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылды? Қазақстанда жолдарды салу мен реконструкциялау саласында қандай жаңа технологиялар қолданылады?

— Өткен жылы Елбасы жергілікті жолдарды дамытуды тапсырды. Осыған орай, жергілікті жолдарды дамыту үшін өткен жылдан бастап қаржыландыру көлемі ұлғайтылды, жергілікті жолдарды дамытуға 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл облыстық және аудандық жолдар. Жалпы, 4 мыңнан астам км жол жөнделді. Алайда жөндеуді талап ететін жерлер бар. Бұл шамамен 30% құрайды. Осыған байланысты жыл сайын, биылдан бастап жергілікті жолдарды дамытуға 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетін болады және жыл сайын 4 мыңнан астам шақырым автожолды жөндеу жоспарланып отыр. Негізінен, жергілікті жолдар жергілікті жерлерге арналған, қарқындылығы төмен, сондықтан біз бөлінген қаражат есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Әлемде танымал барлық озық технологиялар қазірдің өзінде зерделеніп жатыр және қолданылуда, осылайша жол-құрылыс жұмыстарының құнын төмендетіп, сапасын жоғарылатқымыз келеді.

— Сіздің Комитет су тасқыны кезінде автомобиль жолдарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар қабылдайды?

— Соңғы жылдары су тасқыны мәселесі өте өзекті, кей жерлерде климаттық жағдайлар өзгеруде. Бұдан бұрын салынған жолдар, әсіресе көктемгі су тасқыны кезеңінде, еріген судың өтуін қамтамасыз етпейді. Осыған орай, реконструкциялау мен жаңа жолдарды салу кезінде біз климаттық жағдайларды ескереміз. Арнайы зерттеулер жүргізілді, осылайша біз жаңа жобаларда барлық мәселелерді ескереміз: еріген сулардың өту орындары қайта қарастырылады, кейбір құбырлардағы тесіктер үлкейтіледі, еріген суларды қауіпсіз өткізу үшін барлық қолжетімді технологиялар қолданылады.

— Сәтжан Әйтенұлы, сұхбатыңызға рақмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу