Бақытжан Сағынтаев халықаралық сарапшылармен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бағыттарын талқылады

Бүгін таңертең ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев цифрландыру мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің алдында халықаралық сарапшылармен кездесу өткізді және олармен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі аспектілерін талқылады.  

Бақытжан Сағынтаев кездесуге қатысушыларға бағдарламаны әзірлеу бойынша атқарылған жұмыс туралы айтып берді. Ол көптеген халықаралық кеңесшілерді тарта отырып жүргізілгені атап өтілді. Сондай-ақ, құжат қосымша рецензиялауға әр түрлі елдерге жіберілді, сол арқылы мақұлдаулар мен ескертулер алынды. Қазіргі уақытта пилоттық режимде IBM, General Electric, Microsoft сияқты ірі халықаралық компаниялармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұдан өзге, кездесу аясында IDC өкілдігінің басшысы Андрей Беклемишев, Корея Республикасының ішкі істер және қауіпсіздік министрінің орынбасары Шим Бо-кюн, жаңа технологиялар саласындағы сарапшы Кристофер Сурдак, бағдарламалардың аға үйлестірушісі Олег Петров, «Сингапурдың ынтымақтастық жөніндегі кәсіпорнының» Азия бойынша директоры Кевин Чонг, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян және басқалары сөз сөйледі.

Сарапшылар жұртшылықты осындай бағдарламаларды іске асыру жұмысына тарту тұрғысынан өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті, цифрлық экономика мен цифрлық мемлекет құруға үлкен мәліметтердің әсер етуі, сондай-ақ бизнесті, мемлекет пен қоғамды дамытудағы жалпы ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың рөлі туралы айтты.

«Қазір біз цифрлық трансформацияға куә болып отырмыз. Бұл әлеуметтік трансформацияны білдіреді. Біз байлық негізі ретіндегі капиталдан мәліметтерге, ақпаратқа көшіп жатырмыз. Америкада Google, Apple, WAIS, Airbnb, Uber сияқты ірі компаниялар бар. Олар мәліметтен байлық жасайды. Үкіметке осы үдерісті мойындау және ынталандыру қажет. Цифрлық трансформация мәліметтер жинаудан гөрі көп нәрсені талап етеді. Үкіметті трансформациялау қажет. Блокчейнді ғана емес, басқа да цифрлық технологияларды қабылдау керек, басқаша әрекет ету қажет: жылдам, адамдар тұрғысынан. Осыны жүзеге асыра алсаңыздар, бұл істе алға басасыздар», — деп атап өтті өз сөзінде Кристофер Сурдак.

Кездесу барысында мәліметтерді қауіпсіз өңдеу және ұсыну, ІТ-саласы үшін кадрлар даярлау, цифрландырудың экономикалық әсері, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетулерді жақсарту мәселелері талқыланды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу