Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын таныстырды

Бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен экономиканы цифрландыру жөніндегі кеңес барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет әзірлеген «Цифрлық Қазақстан» инновациялық даму бағдарламасын таныстырды. 

Сөз сөйлеу барысында Бақытжан Сағынтаев Бағдарламаны әзірлеу кезінде цифрлық дәуірдің Қазақстан экономикасы үшін жаһандық сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктері ескерілгенін баяндады. Осыған байланысты екі бағыт айқындалды: инновациялық дамудың ұзақ мерзімді институттарын құру және Бағдарламаның нақты сектордағы шынайы жобалардан тұратын прагматикалық бастауын қамтамасыз ету. 

Бастапқы тәсіл ретінде Үкімет тоғыз саланы жеделдетілген цифрландыру стратегиясын таңдады. Оған қоса, энергетикаға, агроөнеркәсіп кешеніне, өнеркәсіпке, логистикаға және ақпараттық технологиялар секторына баса назар аударылды. Сонымен бірге, еліміздің флагмандық салаларын технологиялық жаңғырту және еңбек өнімділігінің ауқымды өсімі үшін жағдайлар жасауға қосымша серпінді қамтамасыз ету жоспарланған. 

Сонымен қатар, экономика салаларын цифрландырудан бөлек, Бағдарлама мобильді мемлекетті дамытуға, креативті қоғам қалыптастыруға және елді цифрлық трансформациялауға қажетті жаңа инфрақұрылымды құруға негізделеді. Экожүйенің барлық төрт сегментінде цифрлық бизнестің жаңа түрлерінің пайда болуы үшін экономиканың тұтас секторын «бұзуға» арналған «мұзжарғыш жобалар» анықталды. Бүгінгі таңда мұндай «мұзжарғыштар» 23 және олардың тізімі ылғи ашық болады. 

ҚР Премьер-Министрі мықты цифрлық ел цифрлық шешімдер әлеміне толық ықпалдастырылған мықты бизнестен басталатынын баса айтты. Сондықтан, Бағдарлама цифрлық технологияларды барлық басымдықты секторларда кеңінен енгізуді және бизнестің пайдалануын көздейді. Аталған бағытта кәсіпкерлер үшін диджиталдандыруға ынталандыру жүйесі құрылады.

Бұл жұмыстың басымдықтары — нормативтік базаны жетілдіру мен реттеу, кəсіпорындардың цифрлық трансформациясы үшін шығындарды азайту, цифрлық жобаларға инвестициялар тарту үшін ерекше жағдайлар жасау болады. 

Мысал ретінде бүкіл тау-кен өнеркəсібіне «цифрлық кеніш» моделін тарату, бүкіл мұнайгаз секторына «интеллектуалды кен орны» жəне «мұнайды электронды есепке алу» моделін трансляциялау тұтас ел деңгейінде сервистік IT-бизнестердің өсуі үшін кластерлік тиімділік беретіні айтылды.  

Бұдан өзге, экономикалық өсімнің жаңа моделінің тіректерінің бірі ретінде инновациялық агроөнеркəсіптік кешенді қалыптастыру аясында, əлемнің ең үздік тəжірибелеріне сəйкес еліміздің АӨК цифрландырудың модельдік болжамы əзірленді. Онда ауқымды мəліметтерді қамту жүйесі, анализ жасау жəне интеллектуалды жоспарлау жүйесі, кəсіпорын динамикасын цифрлық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі қамтылады. 

Бағдарламаның тағы бір зəкірі цифрлық экономиканың инфрақұрылымдық негізі жəне ең алдымен интернетке жаппай қолжетімділік болады. Тұтас елді желіге кеңінен қолжетімділікпен қамтамасыз ету түпкі тұтынушыларға бағдарланған цифрлық экономиканың көптеген секторларының озық дамуы үшін жағдайлар тудырады. Олардың ішіндегі маңыздылары: ара қашықтықтан оқыту, телемедицина жəне электронды сауда. 

Сонымен қатар Бағдарламада медициналық қызметтер нарығын инновациялық дамытуға мəн берілген. Бұл бағытта жасанды интеллект пен ауқымды мəліметтерді өңдеу технологияларына негізделген инновациялық шешімдерді жаппай қолдану барынша артады.

Сонымен қатар, отандық IT-секторы үшін маңызды серпін Бағдарламада қойылған 2021 жылға қарай мемлекеттік қызметтерді 80% цифрландыру міндеті болады. Отандық əзірлеушілер дербес ауқымды ІТ-шешімдер, ІТ-секторда Қазақстанның ұлттық брендтерін жасай алады. Бұл Электронды үкімет, UrbanTech жəне мемлекеттік киберқауіпсіздік тəрізді бағыттарға қатысты.

Өз сөзінің соңында Премьер-Министр Қазақстанның цифрлық трансформациядағы қомақты мақсаттары оған бүкіл қоғамның атсалысуын талап ететінін атап өтті. 

«Қазақстан жылдан жылға өзінің цифрлық даму саясатын тұрақты дамытып, бағдарламаны өзекті əлемдік трендтерге сəйкес жаңа жобалармен толықтырып отыратын болады. Осы салмақты басқарушылық сын-тегеурініне мемлекеттік басқарудың ең үздік тəжірибелерінің негізіндегі бағдарламалық менеджмент моделі сəйкестендіріледі», — деді Б. Сағынтаев. 

Ол бағдарламаны жүзеге асырудың барлық сатысы бойынша корпоративті жобалық кеңсесі құрылғанын атап өтті, оның жұмысын Қазақстанды цифрландыру бойынша Ведомствоаралық комиссия үйлестіреді.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінің мәтіні.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу