Бақытжан Сағынтаев Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің (ИАЖК) кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында қолданыстағы экологиялық заңнаманы жетілдіру, қалдықтарды басқару стратегиясын әзірлеу және Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу нарығында бәсекелестікті дамыту мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, биылғы жылдың 1 қазанында өткен отырыста ИАЖК мүшелерінің айтылған ұсыныстары бойынша министрліктердің есебі қаралды. Мәселелер инвесторлар үшін тең жағдай жасау, бәсекеге қабілетті экономикалық ортаны қалыптастыру және антимонополиялық заңнаманы жетілдіруге қатысты болды.

Қазақстандағы Америка сауда палатасының президенті К. Мак, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі М. Гиффорд, АҚШ елшілігінің уақытша сенімді өкілі Т. Линг, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлсон, ЭЫДҰ-ның қоршаған ортаны қорғау  бойынша дирекциясының саяси талдаушысы П. Боркей, Coca-Cola Bottlers Kazakhstan бас директоры А. Ертин, Resero Power басқарма мүшесі Т. Браун, Metro Cash & Carry Kazakhstan бас директоры Э. Горп және басқалар күн тәртібі бойынша өз ойларымен бөлісті.

Отырыс қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мүдделі мемлекеттік органдарға кейіннен іске асыру үшін ИАЖК мүшелерінің ұсыныстарын мұқият зерделеуді тапсырды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдамасында айқындалған қалдықтарды басқару саясаты қалдықтарды жекелеп жинауды енгізуге, инвестициялар тарту арқылы екінші реттік шикізаттан өнім алу үшін қалдықтарды өңдеу секторын дамытуға, және соның нәтижесінде полигондарға шығарылатын қалдық көлемін азайтуға бағытталған. Қазақстан жоғары тиімді технологияларды пайдалана отырып, қалдықтарды басқару саласында алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені белсенді зерттеп әрі енгізіп келеді.

Бүгінгі күні экологтардың негізгі міндеті — муниципалдық қалдықтарды озық, дәлелденген, термалды газдандыру арқылы пайдалы энергияға айналдыру. Осындай өңдеудің нәтижесі қайта өңдеуге болатын шикізаттар — болат, алюминий және күл, жылу және электр энергиясы бола алады. Олардың барлығын қайта пайдалануға болады және бұл процесс БҰҰ-ның көміртек несиесі туралы негізгі конвенциясына сәйкес келеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу