Б. Сағынтаев: бизнестің мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы тауарлары мен қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігі үшін жауапкершілігін талап етеді

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының кеңейтілген отырысы өтті. Онда палата жұмысының қорытындысы шығарылып, сондай-ақ Қазақстан экономикасының түрлі салаларында бизнесті дамыту бойынша қойылған міндеттердің орындалу барысы талқыланды.

Өз сөзінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жақында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында экономикалық және саяси мәселелерге қатысты сыртқы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер мәселесі көтерілгенін атап өтті. Үкімет бұл тұрғыдан өз болжамдары мен көзқарасын ұсынды. Сонымен қатар, бұл жұмыс тек бизнес-қауымдастықпен бірлескенде ғана мүмкін екенін атап өткен жөн.

Отырыс барысында мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының негізгі нәтижелері анықталды. Биылғы жылдың басынан бері салықтық әкімшілендіруді жеңілдететін жаңа салық кодексі күшіне енді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 89 мың ШОБ өкілдеріне есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша салық амнистиясы жүргізіледі. Сонымен қатар, салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шегі де көтеріледі (еск. — 20 мыңнан 50 АЕК-ке дейінгі залалды әкімшілік айыппұлға ауыстыру). Аталмыш жұмыстар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жете пысықталды.

Биылғы жылдың басынан бастап іске қосылған жаңа кедендік кодекс те рәсімдердің ашықтығын арттырып, кедендік алымдар мөлшерлемесін төмендетеді. Халықаралық сауда-саттықты дамытудың кедендік инфрақұрылымы жаңартылды, Қорғаста жаңа техникамен жабдықталған «Нұр Жолы» автокөлік өткізу пункті іске қосылды.

Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген жүйелі реформалар қазірдің өзінде тексеріс санын 76,6%-ға (соңғы 8 жыл ішінде) 349 мыңнан 81,6 мыңға дейін немесе 4 есеге азайтты. Бұдан басқа, бизнестің бақылау-қадағалау жүктемесі азайды. Бақылау функциялары 30%-ға төмендеді әрі бұл жұмыс жалғасуда.

Премьер-Министрдің айтуынша, цифрландыру үлкен мүмкіндіктер береді. Мемлекеттік қызметтердің 60%-дан астамы электронды форматқа көшірілді, олардың шамамен 80%-ын «Азаматтарға арналған үкімет» көрсетеді. Astana Hub Халықаралық технопаркі іске қосылды, оның алаңында Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірге инновациялық экожүйенің орталығына айналуы тиіс технопаркті одан әрі дамыту бойынша жұмыстарды жүргізуді жоспарлап отыр.

Электронды сауда мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру шаралары заңды түрде реттелді. Статистикаға сүйенсек, осы салада он мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қоғам да, Парламент те көтеріп отырған үлкен мәселе - көлеңкелі секторды азайту. Оның басым бөлігі сауда саласына тиесілі. Осыған байланысты, бизнесті көлеңкеден шығару үшін бизнес қауымның өзіне осы саясатты жүргізуде қолдау көрсетіп, салықтан жалтаратын жосықсыз кәсіпкерлерге бақылауды күшейту қажет.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өзінің биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Үкіметке экономиканы қосымша қаржыландыру арқылы қолдау бойынша шараларды тапсырды. Мәселен, Ұлттық банк бөлетін 600 млрд теңге басымдықты жобаларды несиелендіру мен ұзақмерзімді өтемпаздықты қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп тетігін әзірледі, тиісті тауар позициясы айқындалды, Жол картасы жасалды, қатысушы банктер мен құралдары анықталды. Жыл соңына дейін 2019 жылдың басынан бастап қолдау шаралары көрсетілетін бағыттар мен жобаларды таңдау жоспарланып отыр. Сонымен қоса, ел үшін көп еселенген экономикалық және әлеуметтік әлеуетті тиімділігі бар жобаларға баса көңіл бөлінетін болады.

Бизнестің жол картасы бағдарламасы жыл сайын қосымша 30 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлумен 2025 жылға дейін ұзартылады. Сонымен қатар, 500 млрд. теңге алдағы 3 жыл бойы өңдеу өнеркәсібін және шикізаттық емес экспортты қосымша қолдауға бағытталады. Осылайша, бизнестің экономиканың басымдықты салаларында дамуы үшін барлық қажетті қаражат бөлінген. Шағын несиелендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, биыл жол берілген қателіктер жойылды. Бұл келесі жылы шағын несиелендіру мен шағын қаржыландыру бойынша барлық индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында АӨК бағдарламасы өзектілендірілді. Жыл сайын бұл салаға, мемлекеттік бағдарлама аясында қарастырылған қаражаттан басқа, қосымша 100 млрд теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар, бүгінде отандық өнімді өткізудің жаңа нарықтары ашылып жатыр. Атап айтқанда, Қытайдың үлкен нарығы ашылды: ҚХР Үкіметі тарапынан қытай серіктестермен бірлесіп кәсіпорындар құра отырып, қазақстандық өнімдерді Қытай арқылы үшінші елдерге, Оңтүстік-Шығыс Азияға жіберу ұсынылды.

Премьер-Министр елдің бизнес қауымының тікелей қатысуы мен қолдауын талап ететін жүйелі мәселелерге назар аударды. Ондай мәселелердің бірі - бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болу бизнестің өндіретін өнімдері мен қызметтерінің бағасы мен сапасы бойынша бәсекеге қабілеттілігі үшін тиісті жауапкершілігін талап ететіні атап өтілді.

Жүйелі мәселелерге сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, қаржының қолжетімділігін қамтамасыз ету, ірі холдингтер мен компаниялардың мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділік, жаппай кәсіпкерлікті және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, сонымен қатар тариф қалыптастыру жатады. Бұл салада тарифтерді төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ұсынылатын қызметтердің сапасы мен инвестициялық құрауышының төмендеуіне ықпалын тигізбеуі тиістігі айтылды.

Өз сөзін аяқтаған Б. Сағынтаев «Атамекен» ҰКП Үкіметке 500-ден аса проблемалық мәселелерді ұсынғанын,олардың ешқайсысы назардан тыс қалмағанын жеткізді. 552 проблемалық мәселеден 506 мәселе шешілді немесе бірқатары өзектілігін жоюына байланысты реестрден алынып тасталды. Осылайша, Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның ортақ жұмысы өз нәтижелерін берді:  «Doing Business» қорытындысы бойынша Қазақстан 28 орынға шықты, Парламентте кәсіпкерлікті дамыту бойынша түзетулдердің жетінші пакеті қаралуда.

10 стратегиялық міндеттер бойынша атқарылған жұмыстар мен 2023 ж. дейінгі жоспар туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасарлары Р. Жүрсінов пен Э. Жұмағазиев баяндады.

Р. Жүрсінов соңғы жылдары бизнесті реттеусіздендіру, талаптар санын азайту бойынша теңдессіз жұмыстар атқарылғанын, мемлекеттік бақылау жүйесі оңтайландырылып, нәтижесінде бизнестің бір реттік шығындары 600 млрд теңгеге дейін төмендегенін атап өтті. Бұдан басқа, бизнес жыл сайын 5,5 млрд жуық үнемдейтін болады.

Бизнесті қорғау желісі бойынша 25 мыңнан астам өтінім келіп түскен, оның 43%-дан астамы оң шешілген. Үнемделген құқықтардың (өсімпұлдар мен айыппұлдардың алынып тасталуы) 130 млн теңгені құрады. 2014 ж. бастап бизнестің жүйелі мәселелері шешіліп жатыр: 605 мәселе анықталып, 427-сі шешілді. Сонымен қатар, соңғы үш жылда экономика саласында қылмыстық істер бес есе азайды, бұл 20 мыңнан аса бизнесменнің экономикалық айналымда қалғанын, өз кәсіпорындары мен жұмыс орындарын сақтағанын білдіреді.

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев өз кезегінде «Бастау»  жобасы бойынша биыл 30 мың адам оқытылғанын, 124 жоба қаржыландырылғанын баяндады. 2,5 жылдан бері өз шағын қаржыландыру жүйесін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр: алты өңірде 7 млрд теңгеге 1900 жоба қаржыландырылды.

«Бұл уақыт ішінде көп нәрсе жасалды, бір нәрсе анық, біз бұдан әрі қай бағытта даму керектігін айқын білеміз. Жақын болашаққа басты мақсат – кәсіпкерлерге қаржыландыру, өткізу, сондай-ақ құқықтық мәселелерді шешу үшін құзыреттердің қолжетімділігі проблемаларын шешуде қолдау көрсету. Ол үшін біз клиентке бағдарлану, жұмылу және жобалық тәсіл қағидаттарымен функционал құрылымын қайта құрамыз», — деді Э. Жұмағазиев.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы А. Мырзахметов  мемлекет тарапынан әсіресе, өңдеу секторында бизнеске көрсетіліп отырған қолдау шаралары үшін алғысын білдірді.

А. Мырзахметов мақсатты экономикалық модельдің бес бағытын атап көрсетті. Бұл - ақша-несие саясаты, мемлекеттік экономикадағы үлесін азайту, өңірлердегі іскерлік ахуал, салық саясаты, мемлекеттік шаралардың тиімділігін арттыру.

Баяндамаларды тыңдау қорытындысы бойынша бизнес өкілдері бірқатар өзекті мәселелерді атап айтты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуі, елде жекешелендіру бағдарламасының жүргізілуі және т.б. тақырыптар көтерілді.

«Атамекен» ҰКП Президиумінің төрағасы Тимур Құлыбаев талқылауды қорытындылай отырып, Палата жұмыс істеген бес жылдан бері күн тәртібі үйлесім табатынын атап өтті: Үкімет бизнес көтеретін барлық мәселелерде қолдау көрсетеді. Дегенмен, тиімділік мәселелеріне назар аударылды. Ұзақмерзімді сатып алуларды жүзеге асыру мүмкіндігі бар мемлекеттік органдар мен холдингтер басшылары үшін  KPI (англ. Key Performance Indicators, тиімділіктің басты көрсеткіштері) жүйесін құру бойынша ұсыныс білдірілді, сол арқылы олар қандай жобаларды жергіліктендіруге болатынын көре алады. Бұл квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу тұрғысынан отандық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығы туралы айтылды.

Т. Құлыбаев депутаттар корпусы мен Үкіметке жүйелі жұмыс пен көрсетілген тиімді қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, бірлесе бірталай заң шығарушылық бастамалар жүзеге асырылған. Басқарма өңірлер мен салалық қауымдастықтармен тұрақты түрде кері байланыс орнатып отыр. Бүгінгі күні мәселелердің  ⅔-і шешілген, 100-ден астамымен жұмыс әлі жалғасуда.

Өз сөзін қорытындылай келе Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің ел өңірлеріндегі жұмысының ашық сұрақтары Үкімет отырысында қаралатынын айтты.  Сондай-ақ, қазақстандық өнімдердің сыртқы нарыққа шығу мұмкіндігін арттыру және отандық кәсіпкерлерді кадр дайындау сапасын арттыру ісіне тарту мәселесіне назар аударылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу