АӨК саласындағы 100-ден астам қызмет цифрлық форматқа көшіріледі

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру барысы туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

Арман Евниевтің айтуынша, АӨК цифрландырудың мақсаты — цифрлық технологияларды енгізу және бизнесті ауыл шаруашылығына арналған АТ-шешімдерді дамытуға тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру.

Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі цифрландыру кеңсесін құрды.

Қазіргі таңда келесі процестер автоматтандырылған: ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік; астық қолхаттары; несиелік өтінімдерді жинау және басқару жүйесі; ауыл шаруашылығы техникасының есебі; малды, оның ішінде асыл тұқымды малды есепке алу; су және жер ресурстарын басқару.

Бірінші вице-министр Арман Евниевтің мәлімдеуінше, ҚР АШМ жалпы 101 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде бүгінде 62 мемлекеттік көрсетілетін қызмет ішінара автоматтандырылған. Алдағы екі жылда (2018–2019жж.) 89 мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылатын болады.

АӨК-ке цифрлық технологияларды енгізу екі негізгі міндет аясында жүзеге асырылады, олар: АӨК мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру және АӨК технологиялық қайта жарақтау.

Цифрландыру АӨК мемлекеттік реттеудің мынадай төрт бағытын дамытудың басты құралына айналады:

  • АӨК субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігі;
  • өткізу нарықтарының қолжетімділігі және экспортты дамыту;
  • мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі;
  • су және биологиялық ресурстарды тиімді басқару.

«2017 жылы несие мен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды түрде қабылдау іске асырылды, өтінімдерді уақытылы қарауды бақылау қамтамасыз етілді (25 күн). Биыл бұл сервис ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және кепілдендіру құралдары үшін іске асырылатын болады», — деді Арман Евниев.

Биыл субсидиялаудың 10 бағыты бойынша, 2019 жылы қалған бағыттар бойынша толық автоматтандыру іске асатын болады. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін орта есеппен 2,5 есеге (18 күннен 7 күнге дейін) қысқартып, сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмендетеді.

Цифрландыру салаға инвестициялар тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнамалық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап электрондық аграрлық (тауарлық және қаржылық) қолхаттар енгізіледі.

2018 жылы жүйені дамыту аясында қауіпсіздікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг жүйелері енгізілетін болады. 

Бұдан өзге, 2019 жылы АӨК өнімдерін қадағалаудың «танаптан үстелге дейін» жүйесі іске қосылады. 

ҚР АШМ-де 2020 жылдан бастап электрондық сауданы толық форматта енгізу жоспарланған. Бүгінде дайындық жұмыстары басталған: осы жылы АӨК логистикасының картасы әзірленеді. Онда жұмыс істеп тұрған және салу қажет терминалдар, сақтау орындары, қоймалар, сауда-тарату орталықтары айқындалатын болады. 

Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құру аясында жеке қазақстандық геодезиялық жүйе және мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған геопортал құру көзделген. Технологиялық қайта жарақтандыру аясында АТ-технологияларды, оның ішінде дәлме-дәл егіншілік технологиялары мен Smart-фермаларды пайдалануға бизнесті тарту үшін жағдай жасалатын болады. 

Қазірдің өзінде жекелеген кәсіпорындар дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізіп жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Атамекен Агро» АҚ электрондық карталарды енгізіп, егіс және егін жинау жұмыстарын онлайн-мониторингілеу мен бақылауды жүзеге асырып жатыр. Бұл өнімсіз шығындар мен жұмыс мерзімдерін қысқартып, өнімділікті арттырады. Мысалға, отын датчиктері жанар-жағармайдың ысырабы мен ұрлануын азайту есебінен бір маусымда бір техникадан шамамен бір млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырады, азық-түлік қауіпсіздігін және салаға инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін экономикалық тиімділік шамамен 40 млрд теңгені құрайтын болады», — деп қорытындылады Арман Евниев.

Сондай-ақ, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған мәселе бойынша баяндама жасады.

Дәурен Абаев 2021 жылға қарай 19 970 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатып, 1 249 елді мекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы саласына ақпараттық технологияларды енгізуді жылдамдату аса маңызды іс болып отыр. Бұл бағыттағы оң қадамның бірі — ауыл шаруашылығы үшін мамандарды цифрлық технологиялар бойынша жаппай оқыту. 

«ҚазАгро» холдингі басқармасының төрағасы Нұрлыбек Мәлелов өз баяндамасында «ҚазАгро» АӨК субъектілерінен несие мен лизингке өтінімдер қабылдау процесін автоматтандырғанын — «E-Kazagro» жобасын іске асырғанын атап өтті. Биыл Холдингтің компаниялар тобы ұсынатын қызметтердің барлық түрлері автоматтандырылады.

Сонымен қатар ҰЭМ, «Атамекен» ҰКП мен «ҚазАгро» холдингі» АҚ арасында «бір терезе» қағидаты бойынша АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын біріктіретін Бірыңғай цифрлық платформа құру туралы Меморандумға қол қойылды. Ішкі бизнес-процестер автоматтандырылды.

Өңірлерде АӨК саласын цифрландыру барысы туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Амиран» Қазақ тағамтану академиясы зауытының бас директорының орынбасары Жангелді Әбжаппаров, «Атамекен Агро» АҚ директоры Кентал Исламов баяндады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу