1400-ден астам қазақстандық кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың халықаралық стандарттарын енгізді — Т. Дүйсенова

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік нысандарындағы еңбекті қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады.

Қазіргі таңда елімізде халықаралық талаптарға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл үдерісті 2021 жылға қарай аяқтау қажет.

«Қызметкерлердің денсаулығы мен еңбекті қорғаудың ынталандырушы шаралары енгізіліп жатыр. Мәселен, еліміздің 1400-ден астам кәсіпорны Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау  стандарттарын енгізді », — деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан өзге, жұмыс беруші өз қызметінің еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін ерікті түрде мағлұмдау тетігі іске асырылады. Бүгінде 131 жұмыс беруші осындай сертификаттың иегері болды және жоспарлы тексеруге жататын кәсіпорындар тізімінен үш жылға босатылды.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің қабылдаған кешенді шараларының арқасында жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауда оң қарқын сақталған.

«2016 жылы өндірісте зардап шеккендер саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмендеген», — деді Т. Дүйсенова.

Жұмысшыларға зиянды жағдайда еңбек еткеніне төленетін түрлі өтемақылар шығыны 2012 жылғы 78 млрд теңгеден 2016 жылы 100 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

«Бұл шығындарды қысқартып, жұмыс берушілер еңбек жағдайларын жақсарту немесе жұмысшыларды қауіпсіз жұмыс түрлеріне ауыстыру арқылы жүктемені азайта алады», — деді министр.

Министр, сондай-ақ, зиянды өндіріс жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылардың кемінде алты күндік ұзақтығы бар қосымша демалыс алуға құқығы бар екенін еске салады. Бұл өтемақы Еңбек кодексінде жазылған.

Бүгінде тиісті ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілуде және 2018–2019 жылдары еңбек заңнамасына зиянды еңбек жағдайларында қызмет ететін жұмысшыларға (қосымша демалыс, жұмыс уақытының қысқартылуы, еңбекақының жоғарлауы) кепілдіктерді сараланған түрде ұсыну арқылы жаңа тәсілдер енгізілетін болады, аттестаттау нәтижелерін ескере отырып кепілдіктер көлемі анықталады.

Баяндама соңында Тамара Дүйсенова министрлік осы бағытта жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар мәселені қарау барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мамин сөз сөйледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу