Қоғамдық тыңдауларға азаматтардың 600-ден астам өзекті мәселелері жіберілді - Н. Ермекбаев

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндады.

Президенттің бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» аясында аумақтарды дамытудың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, мақсаттық көрсеткіштерге қол жеткізу, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын; бағдарламалық құжаттардың жобаларын талқылау бойынша қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттіктерін заңмен бекіту мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы айқындықты арттыруға бағытталған.

Министр қоғамдық кеңестер халықты толғандыратын мәселелердің мониторингін енгізгенін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын сараптау тетігі енгізілгенін атап өтті.

«НҚА-ның 9 мыңнан астам жобасы қаралды, олардың әрбір оныншысына кеңес мүшелері ескерту жасады. Жұмыстың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар басшыларының есептері енгізілді. Мәселен, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың 1300-ге жуық басшысы қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді. Азаматтардың 600-ден астам өзекті мәселесі қоғамдық тыңдауға жіберілді », — деді Нұрлан Ермекбаев.

Сонымен қатар, министр қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамыту үшін бірқатар жүйелі шараларды ұсынды.

«Азаматтық сектор өкілдерін сайлау, алмастыру, қатысуын кеңейту, сондай-ақ материалдық-техникалық қамсыздандыру және олардың қызметінің кейбір аспектілерін қаржыландыру бойынша қоғамдық кеңестер туралы қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізу мәселесін шешу қажет», — деді ДІАҚМ басшысы.

Бұдан өзге, министр қоғамдық кеңестер мүшелерінің ұсынысы бойынша Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы жыл сайынғы кешенді баяндаманы ел басшылығына шығару туралы мәселені қарауды сұрады.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің жобаларын әзірлеу мен талқылау процесіне қоғамдық кеңестердің әлеуетін белсендірек пайдалану, сондай-ақ азаматтық сектордан (ҮЕҰ, бизнес-құрылымдар, азаматтар, сарапшылар) саланың аса маңызды мәселелерін талқылауға қатысу үшін қоғамдық кеңестер өкілдерін тарту бойынша шараларды қабылдау ұсынылды.

Бұдан өзге, мәселені қарау аясында Ішкі істер органдарымен жұмыс жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, Қазақ мемлекеттік заң университетінің ҒЗИ директоры Марат Қоғамов, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жандар Кәрібаев сөз сөйледі.

 

Анықтама: Қазақстанда түрлі деңгейдегі 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Республикалық деңгейде — 16 қоғамдық кеңес, өңірлік деңгейде — 213 кеңес. Қоғамдық кеңестердің жұмысына 4 мыңнан астам адам қатысады, соның ішінде 818-ден астам ҮЕҰ өкілдері, 325 бизнес құрылым, 512 саяси партиялардың бөлімшелері, сонымен қатар кәсіподақтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және өмірдің түрлі салаларының өкілдері бар.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу