Алматы облысындағы «Диснейлэнд» пен басқа да Kazakh Tourism жобалары туралы Р. Күзембаевтың берген эксклюзивті сұхбатында

Қазақстанда Е-туризм порталы іске қосылады, мобильдік қосымшалар арқылы «Сакралды орындарды геймификациялау» жобасын іске асыру басталады. 2018 жылы елорданың мерейтойына орай «Ұлы дала рухы» халықаралық көшпелі мәдениет фестивалі өтеді. Алматы облысында қазақы көріністегі Дисней паркін ашу жоспарланып отыр.

Осы және басқа да жобалар туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев РrimeМinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

—    Рашид Талапұлы, өткен жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы – туризмді басқарудың мемлекеттік деңгейдегі офисі құрылды. Бұндай шешім қабылдауға не себеп болғанын айтып берсеңіз?

—    Әлемдік экономиканың дамуы туризмнің экономиканың жетекші салаларының біріне айналып жатқанын көрсетеді. Қазақстанның қазіргі даму жағдайында алдымызда ұлттық экономиканы әртараптандыру мәселесі тұр. Туризм әртараптандыру драйверлерінің бірі бола алады. Туризмді дамытуда көшбасшы саналатын жетекші елдерде осы елдерді туристік бағытта ілгерілетумен айналысатын ұлттық офистер бар. Олар тікелей маркетингпен, мақсатты нарықтарды зерттеумен және осы нарықтарда даму стратегиясын қалыптастырумен айналысады. Офистер туризм саласының кәсіби мамандарын даярлаумен және салаға инвестициялар тартумен де айналысады. Осы міндеттердің негізінде «Kazakh Tourism» компаниясы құрылды.

Компанияның мәртебесі, шын мәнінде, бізге қазақстандық туристік брендті дамыту, салаға инвестициялар тарту, «зәкірлік» жобаларда бірлескен инвестор ретінде әрекет ету секілді мәселелерде оператор болуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

—    Компания құрылған сәттен бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Әзірге қандай да бір қорытынды шығаруға ерте. Дегенмен, сіздерде компания жұмысының нақты белгіленген бағыттары бар. Олар туралы айтып берсеңіз?

—    Компания жұмыс істей бастағаннан бері шамамен төрт ай өтті. Алайда осы уақыт ішінде едәуір жұмыс атқарылды. Ең алдымен, саланың мәселелерін жүйелеу бойынша жұмыстар жүргізілді, өсу нүктелері анықталды, қандай құралдар арқылы әрі қандай нарықтарға қарай бағытталу керектігін түсіндік. Туризм саласындағы қатысушылармен де қалай жұмыс істеуге болатындығы туралы түсінік бар. Сондықтан биылғы жылдың басты міндеттері — өсудің негізгі бағыттарын және көлемді инвестициялық жобаларды анықтау.
Қазір барлық инвестициялық жобаларды түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, біз өңірлермен, «Атамекен» ҰКП-мен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта инвестициялық мәселелерді шешкеннен кейін әлеуетті инвесторлармен бірге іске асырылатын бірқатар жобалар бар деп айтуға болады.

Бұған қоса, бізде Қазақстанның ұлттық туристік брендін әзірлеу қажеттігі жөнінде дамыту стратегиясы туралы түсінік бар. Біз бұл брендті қолдайтын мықты суббрендтер қажет екенін түсінуіміз керек. Саланы цифрландыру қажет екенін түсінуіміз керек. Бұл жоғарыдан келген міндет емес. Бұл қажеттілік.

Өйткені бүгінде барлық саяхатшылар, қайда баратынын, қайда тоқтайтынын, нені көруге болатынын таңдаған кезде, олар алдымен цифрлық технологияларға жүгінеді. Қазір аймақтарға байланысты бұл 50%-дан 60%-ға дейінгі көрсеткішке ие. Ақпарат берудің дәстүрлі тәсілдері — БАҚ, теледидар, газеттер, журналдар – тек 15% құрайды. Осыған байланысты бірқатар цифрландыру жобаларын жүзеге асырғымыз келеді. Олардың бірі — E-туризм порталы.

Бұдан өзге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ішкі туризмді ынталандыру мақсатында мобильді қосымша арқылы «Сакралды орындардың геймификациясы» жобасын іске асырғымыз келеді. Мақсатты аудитория — жастар. Сакралды орындардың көбісі қалалардан қашықта, инфрақұрылым дамымаған жерлерде орналасқан. Олар туристер үшін қызықты және ыңғайлы болу үшін біраз уақыт керек. Ал, геймификация арқылы біз қазірдің өзінде жастарды осы сакралды орындарды аралай бастауға ынталандырамыз. Сакралды орындарға қызығушылық проблемаларын шешкеннен кейін бұл жобаны басқа да тарихи немесе мәдени нысандарға да бағыттауға болады. Мысалға, музейлер, кітапханалар, театрлар және т. б.    

— Рашид Талапұлы, сіз шетелдік туристерге қатысты жобалар туралы айттыңыз. Оларды атап өте аласыз ба? Жалпы, шетелдік инвесторды Қазақстандағы туризм саласына не тарта алады?

— Біріншіден, біз туристік өнімнің бірегейлігі неде екенін түсінуіміз керек. Біз, бірінші кезекте, эко-, этнотуризмге баса назар аударамыз, және Қазақстанда тұрақты түрде өтуі тиіс оқиғалармен байланысты дүниелер болуы тиіс.

Оған қоса, бізде MICE-индустрия — іскерлік туризмді дамытуға өте мықты база бар. Ол форумдар, конференциялар, түрлі семинарлар. Өйткені, бізде Астанада да, Алматыда да бұл тұрғыда барлығы бар: бесжұлдызды отельдер желісі, ірі сарайлар, залдар, түрлі алаңдар. Бұл бағытта MICE-туризмнің базасы болса да, оқиғалық туризмнің дамуына база жоқ. Біз фестивальдар өткізуіміз керек. Олар халықаралық және халықаралық оқиғалар күнтізбесінде болуы тиіс. Біз биыл Астананың жанында елорданың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Ұлы дала рухы» көшпелі мәдениет фестивалін өткізуді жоспарлаудамыз. Оған 10 елдің өкілдері қатысады. Олардың ішінде Мажарстан, Болгария, Түркия, Орталық Азия елдері бар. Бұл өте қызықты оқиға болады деп ойлаймын.

Шетелдік инвестицияларды тартуға байланысты жобаларға келер болсақ, бұл тақырыптық ойын-сауық саябақтары болуы тиіс. Әлем бойынша «Диснейлэндтер», «Юниверсал Студиос», «Лотте Уорлд», «Европа парк» және басқалары бар. Алматы облысында өте қызықты жобаны іске асыру жоспарланған. Біз алдын ала әлеуетті инвесторлар — Shanghai Shendi Group кездестік, ол әлемдегі бар алты «Дисней парктің» ең заманауи және ең технологиялы саябағы болып табылатын Шанхайдағы «Дисней парк» жобасын іске асырған. Олар қызығушылық танытып отыр. Біздің «Дисней паркте» тақырыптық нақыш болғанын қалаймыз, ол тарихи тұлғалармен, қазақтардың көшпелі мәдениетімен байланысты болмақ. Ол — Аттила, Шыңғысхан, Әмір Темір, Бабыр, Сұлтан Бейбарыс. Бұл жақсы жоба және ол қолдауға ие болады деп ойлаймын.

— Бұл жоба қазір қандай кезеңде?

— Әзірге концепт, шеберлік жоспары кезеңінде, бірақ жобаның бастамашысы Алматы облысы әкімдігімен жер бөлу туралы меморандум жасасты, концепт бар. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

— Осы және басқа да жобаларды іске асыруда сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу