Сарапшылар 2025 стратегиялық жоспары туралы: Бәсекеге қабілетті болу — рухани жаңғырудың басты мәні

Бүгін «ашық диалог» форматында Қазақстанның жетекші сарапшылары Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жобасының соңғы нұсқасын талқылады.

«Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының» ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев және «Әлеуметтік мәселелерді талдау орталығының»  директоры Меруерт Махмұтова жаңа адами капиталды дамыту және рухани жаңғыру туралы реформаларға қатысты пікірлерімен бөлісті.

Сарапшы Ж. Күлекеевтің айтуынша, Стратегиялық жоспар жобасының басты міндеттерінің бірі — ХХІ ғасырдың жоғары сапалы және сұранысқа ие дағдылары бар адам капиталын дамыту.

«Бүгін сарапшылар қауымдастығының диалог алаңында өте маңызды тақырып қозғалды. Менің ойымша, жоспарланған стратегиялық жоспарды сәтті іске асыруда адам капиталына және адам ресурстарына аса маңыз беріледі», — деді сарапшы.

Оның ойынша, қазіргі таңда Қазақстанның дамуға қажетті үлкен әлеуеті бар.

«Отандық ғылым бір орында тұрған жоқ, дамып жатыр, біздің жоғары оқу орындарымыз жоғары халықаралық рейтингке ие және жаңа буын мамандарын даярлай алатын жағдайда. Әлем төртінші индустриалды революцияға қадам басты. Мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі едәуір өсті, шекаралар жойылып жатыр, электронды коммерция өте жылдам қарқынмен алға жылжуда. Қоғам жаңа сын-тегеуріндерге дайын болуы керек. Технологиялық дамумен қатар, біз рухани жаңаруды ұмытпауымыз керек, Елбасымыздың көздеген мақсаты да осы», — деп қорытындылады Ж. Күлекеев.

«Рухани жаңғыру» алтыншы реформасына келер болсақ, негізгі ережелер, мақсаттар мен міндеттер Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында толығырақ айтылған.

Меруерт Махмұтованың айтуынша, аталған реформа Стратегиялық жоспардың өзге алты реформаларымен тығыз байланысты.

«Егер экономика дамымай қалса, лайықты өмір сүру деңгейі де болмайды, жеткілікті жұмыс орындарын ашатын бәсекеге қабілетті бизнес те болмайды, мұндайда жекелеген бір адамның рухани жаңғыруы орын алады деу қиын. Бұл реформаны барлық басқа реформаларды жүзеге асырудың нәтижесі ретінде атап өткім келеді», — деді сарапшы.

Сарапшының сөзіне келсек, бүгінде жастар мен аға буын өкілдері алдына өмірлік қажетті бағдарларды қою қажеттілігі туындады.

«Бізде мемлекет адамдарға қамқорлық танытуы қажет деген түсінік ұзақ уақыт бойы басым болды, бұл ешқандай күшті талап етпеді. Бүгінде адамның орны маңыздырақ. Әрбір қазақстандық өзінің, жақын адамдарының өміріне, туған ауылына, қаласына, еліне деген жауапкершілігін түсінуі керек. Бәсекеге қабілетті болу қажет. Рухани жаңғырудың мәні де осы », — деді М. Махмұтова.

Анықтама: Стратегиялық жоспардың бірінші реформасы «Жаңа адам капиталын» іске асыру білім беру жүйесін өзекті мазмұны мен нәтижелі білім беру процесінің арқасында қоғамның мойындауы мен отандық жұмыс берушілердің сеніміне ие, барлық біліктілік деңгейінің еңбек ресурстарының тиімді жеткізушісі етуге мүмкіндік береді. Білім беру көрсеткіштерінің сапасы жақсарады. Реформа еңбек өнімділігі артуының арқасында, үдемелі экономикалық өсімге ықпал ететін, білікті мамандарды көптеп еңбекпен қамту ұсынысын жасауға жол ашады.

«Рухани жаңғыру» алтыншы реформасы елге адал әрі жігерлі біртұтас ұлт қалыптастыруға бағытталған. Реформа бағдарлары: Қазақстанның болашағы мен өз келешегі үшін жауапкершілікті тәрбиелеу, жеке бәсекеге қабілеттілікті арттыру, азаматтардың талаптылығы мен прагматизмді дамыту. Ұлттық мәдениетті дамытуға және экстремизмнің алдын алуға ерекше көңіл бөлінген.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу