Мемлекеттік сатып алулар сайтының қызметін ақылы ету алақол қатысушыларды болдырмауға мүмкіндік береді — Қаржы министрлігі

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында қаржы вице-министрі Р. Бекетаев заңға енгізілген өзгерістер мемлекеттік сатып алуларды және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын жүргізу сапасына қалай әсер ететінін түсіндірді.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Үкіметінің отырысында мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері қаралды. Мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу саласын жетілдіру мақсатында 2018 жылдың 26 желтоқсанында Елбасы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді.

Жаңашылдықтардың бірі — мемлекеттік сатып алулар сайты ақылы болып өзгерді. Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар сайты қызметтерінің ақылы болуы — өте маңызды аспект. Бүгінгі күні айтарлықтай қолжетімді баға белгіленген. Ол 1 млн теңгеге дейін сатып алумен айналысатын компаниялар үшін 1 АЕК-тен басталады және сараланған түрде өседі — 10 АЕК, 20 АЕК, 60 АЕК және т.б. Тиісінше, компаниялар қатыса алатын сатып алулардағы сома да арта түседі.

Р. Бекетаев осы жаңашылдықты енгізудің мақсаты туралы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Біріншіден, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулар порталы ұсынатын қызметтерді жетілдіру үшін, екіншіден, бұл алақол қатысушыларды болдырмайды.

«Бизнесте сатып алуларға тегін қатысуға мүмкіндік болған кезде, порталда шын мәнісінде жеткізумен айналыспайтын, қандай да бір мақсаттар үшін конкурстарға қатысып, кейін арыз-шағымдарын жазатын 225 мыңға жуық ұйым бар екенін көрдік. Қазіргі таңда ақылы жүйені енгізу арқылы сатып алуларға шамамен 25 мың компания қатысып жүргенін көріп отырмыз. Бүгінде әлеуетті қатысушылардың сапасы әлдеқайда жоғары бола бастады және тиісінше, осы қатысушылар портал қызметіне ақы төлегеннен кейін, тиісті қызмет сапасын да талап етеді. Біз бұдан даму мен порталды шешімдердің мүмкіндіктерін көріп отырмыз», — деді Р. Бекетаев.

Бұдан өзге, жаңа заңда өтпеген конкурстан қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін қайталау көзделген. Вице-министр бұл норма рәсімдер мен игерудің мерзіміне қалай әсер ететіні туралы айтып берді.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін қайталап өткізудің қажеттігі Қаржы министрлігі алдында әзірлеуші ретінде бір көзден сатып алулар санын азайту міндетінің тұруымен негізделеді.

«Аталған норма енгізілгеннен кейін бір көзден сатып алулар саны едәуір қысқаратынына сенеміз, дегенмен ұзақ мерзімді рәсімдерге орта есеппен 45 күн кететінін түсіне отырып, мемлекеттік мекемелер бөлінген бюджет қаражаттарын уақытылы игеруі үшін құрылысқа сатып алулардың жаңа тәсілін енгізуді ұсынамыз. Егер осыған дейін мемлекеттік мекеме өз бетімен таңдап алса, бүгінгі таңда оны Қаржы министрлігі заңнамаға сәйкес анықтайды және бұл әдіс «Алдын-ала біліктілікпен іріктеу» деп аталады», — деді Р. Бекетаев.

Осылайша, барлық құрылыс компаниялары «Aтамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге Қаржы министрлігі әзірлеген критерийлер бойынша таңдалып алынады. Іріктеу қорытындысы бойынша білікті жеткізушілер тізілімі құрылады.

«Мемлекеттік мекеме конкурстық рәсімдерді жариялағысы келсе, мәселен, құрылыс бойынша, ол тек баға параметрін көрсетеді. Біз орта есеппен алғанда рәсімдердің ұзақтығы үш есе қысқаратынын есептедік – бұл шамамен 15 күндей болады», — деді вице-министр.

Рәсімдер қайталанған жағдайда, тіпті «Алдын-ала біліктілікпен іріктеу» арқылы мерзімдер ең көбі 30 күнге созылады. Осы норманы енгізудің негізгі міндеті — бір көзден сатып алуды азайту. Себебі бұл сатып алулар тәсілі — бәсекеге қабілетсіз.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу