Сарапшылар еңбек нарығындағы жаһандық сын-қатерлер мен перспективаларды талқылауда

Астанада «Өзгерістер дәуіріндегі еңбек нарығы: сын-тегеуріндер, инновациялар, перспективалар» атты халықаралық конференцияда цифрлық технологияларды дамытудың өзекті мәселелері және олардың болашақ мамандықтарға әсері талқылануда.

Іс-шараға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, БҰҰ, Дүниежүзілік банк және басқа да бірқатар халықаралық ұйым мен консалтингтік компания өкілдері қатысып жатыр. 200-ден астам қатысушының арасында беделді отандық және халықаралық сарапшылар бар.

Халықаралық конференцияны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ашты. Вице-премьердің сөзінше, жасанды интеллекттің дамуы экономиканың түрлі салаларында адамдар мен машиналардың қарым-қабілеті арасындағы шекараны барған сайын азайтып барады.

«Технологиялар жұмыс әдістерімен қоса, оның мән-мағынасын, сұранысы жоғары қабілеттерге деген көзқарасты, ығысуы тиіс мамандықтарды сәт сайын өзгертуде. Жаңа технологиялар еңбек нарығына қалай ықпал ететінін түсіну аса маңызды. Себебі осы арқылы азаматтардың қысқарып жатқан мамандықтардан жаңа бағыттарға ойыса алу-алмауы анықталады», — деді Тамара Дүйсенова.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбек нарығын жан-жақты дамытуға бағытталған 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжаттың негізгі мәні – сапалы жұмыс орындарын құру және кеңейту. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының стандартына сәйкес сапалы жұмыс орнында лайықты еңбекақы (медианалық көрсеткіштен жоғары), тұрақты жұмыс, әлеуметтік жеңілдіктер мен қауіпсіз орта болуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет кәсіперлерді сапалы жұмыс орындарын құруға барынша ынталандыруда. Экономиканы әртараптандыру аясында 800-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен бірге сұранысқа сай білікті кадрлар әзірлеуге көп көңіл бөлінуде. Жаңа «Кәсіби біліктілік туралы» заң үнемі жаңарып отыратын цифрлық платформаны іске қосуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 3 мыңға жуық мамандық бойынша жұмыс берушілердің талабын бекітетін 623 кәсіби стандарт қабылданды. Олардың негізінде техникалық және кәсіби білім беру деңгейінде 4 мыңнан аса оқу бағдарламасы енгізілді.

Жұмыс беруші мен жұмыс іздеп жүрген азаматты еңбек нарығының заманауи инфрақұрылымы байланыстырмақ. Айта кетейік, халықты жұмыспен қамту орталықтары 1 шілдеден бастап мансап орталықтары болып қайта құрылды. Олардың басты мақсаты – аймақтық өзгешеліктерді ескере отырып, өңірдің жұмыспен қамту бойынша саясатын жүзеге асыру.

«Жұмыспен қамту саласында ENBEK атты цифрлық экожүйе іске қосылды. Ол жұмыс іздеушінің еңбек нарығынан лайықты орнын табуға көмектеседі. Платформа қолданушыға мамандық таңдау, жаңа бағыттарды меңгеруден бастап жұмыс орнын табу мен еңбек шартын жасасуға дейін көмектеседі», — деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

Конференция аясында бірнеше тақырыптық сессия қарастырылған. Шақырылған сарапшылар кадрларды даярлау және жұмыс іздеушілер арасында бәсекеге қабілеттілікті арттырудың жаңа тәсілдеріне қатысты пікір алмасуда.

#Білім беру #Жұмыспен қамту #Тамара Дүйсенова #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу