АӨК дамыту бағдарламасы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспорт деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік берді - ҚР АШМ

АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындағы кешенді шараларды іске асыру отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспорт деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов хабарлады.

Қайрат Айтуғанов аграрлық қайта өңдеуді кешенді дамыту үшін 4 айдың ішінде кең көлемде талдау жүргізілгенін және алғаш рет қайта өңдеу кәсіпорындарының мәліметтер базасы жасалғанын баяндады. Ол ағымдағы жағдайды бағалауды, қуатын, іске қосу жылын, жабдық түрін, жүктемесін, өнімнің көлемі мен номенклатурасын, сондай-ақ тежеуші проблемаларды қамтиды.

Қайта өңдеудің 9 басымдықты түрлерін дамыту үшін есептер жүргізілді және оның ішінде әр облыс және аудан бойынша Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының орналасуы картасы жасалды.

Картаны қаржыландыру мәселесінде бюджетке түсетін жүктемені азайтудың бірнеше нұсқасы да қаралды. Талдау ең алдымен айналым қаражаттарын толықтыруға несие ресурстары қажет екенін көрсетті. Екіншіден, қаражат жаңа кәсіпорындарды жаңғырту мен салуға қажет.

Бұл міндетті орындау үшін аталған бағыттар бойынша қаржы институттары несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ұсынылады. Мұндай тәсіл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және банктермен талқыланды. Олар аталған схема бойынша жұмыс жасауға әзірліктерін білдірді.

Қазіргі уақытта Картаны рәсімдеу бойынша жұмыстар аяқталып қалды, содан кейін еліміздің барлық өңірлерінде оны іске асыру басталады. Бұл қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.  

Сонымен қатар, азық-түлік өнімдері экспортын ұлғайту бойынша міндеттерді орындау үшін «Азық-түлік корпорациясы» АҚ сыртқы нарықтарда барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін сату бойынша операторға өзгерді. Ол енді астықпен ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлерімен де айналысады.  

Ағымдағы жылы 850 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға 43,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Оған қоса, экспортқа арнап сатып алынатын майлы дақылдар мен қой еті алдын ала отандық зауыттарда қайта өңделеді, осылайша олардың жүктемесі артады.

Нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 5 айында 880 млн АҚШ долларына АӨК өнімдері экспортталды немесе өсім 4% құрады. Қайта өңдеу экспортының көлемі 7,6%-ға өсті. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу