Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 30%-ға дейін артады деп күтуде

Бүгінде Қазақстанда 6 187 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 492 аурухана және 5 695 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Бұл сандарды денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ажар Ғиният мәлімдеді.

Медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 44,7%-ды құрайды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейді.

«Қазіргі уақытта ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген Ұлттық жоба шеңберінде 655 МСАК нысанын салу, сондай-ақ жарақтандыру, күрделі жөндеу, реконструкциялау жолымен 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделеді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Ғиният.

Бұдан басқа, өңірлерде заманауи стационарлар салу жоспарлануда – Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана,12 перинаталдық орталық және онкология орталықтарының желісі. Сонымен қатар келесі өңірлерде Қостанай және Алматы облыстарында 3 аудандық емхана, Қызылорда мен Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана, Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана және Қызылорда қаласында Қан орталығының құрылысы жалғасуда.

Бұдан әрі денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы кадр саясаты мәселесіне көшті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 267 000-ға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 78 000-нан астам дәрігер, 188 800 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

«Денсаулық сақтау жүйесінің кадрларға деген қажеттілігі 7 621 бірлікті, оның ішінде дәрігерлер 3 916 бірлікті және орта медицина қызметкерлері 3 705 бірлікті құрайды», — деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар іс шаралар жүргізуде:

  • 2022 жылы әлеуметтік қолдау шараларымен: 601 маман көтерме жәрдемақылармен, 384 маман тұрғын үймен, 74 маман өзге шаралармен қамтылды;
  • 2023 жылдан бастап үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламаларын енгізу;
  • Мемлекет басшысының жолдауы шеңберінде 2023 жылдан бастап резидентураға гранттарды қосымша 70%-ға ұлғайту жоспарлануда;
  • Медициналық жоғары оқу орындарында білім алушыларға стипендияны жыл сайын 15-20%-ға ұлғайту;
  • Жас және жаңадан келген мамандарды тарту және бекіту бойынша жұмысты күшейту;
  • Біліктілікті арттыру;
  • Дәрігердің жалақысын 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға арттыру.

Бұдан басқа, медицина кадрларының үздіксіз кәсіби дамуы үшін жағдай жасау, «Тәлімгерлік институтын» енгізу, жергілікті атқарушы органдардың өз қаражаты есебінен көтерме жәрдемақыларды қосымша төлеуі, тұрғын үйлер мен жатақханалар салуды жүзеге асыруы, жалға берілетін тұрғын үй беруі және басқа да шаралар сияқты іс-шаралар жалғастырылатын болады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Заң жобасының шеңберінде медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормалар ұсынылды.

«Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылған моделі және кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жазаларды ізгілендіру бірінші кезекте азаматтардың құқықтарын қорғауға, медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулық пен өмірге келтірілген зиянды өтеуге, сондай-ақ медицина қызметкерлерін заңдық және қаржылық қорғауға, қызметі науқасқа көмек көрсету кезінде көбіне тәуекелге баруға тура келетін салалардан жоғары білікті мамандардың кетуін азайтуға бағытталған», — деп түсіндірді Ажар Ғиният.

Саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23,2%-ды құрады.

Коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде саламатты өмір салтын насихаттауға арналған бюджет 2019 жылмен салыстырғанда 4 есеге қысқарды және бүгінде 512 млн теңгені құрайды.

Бұл саламатты өмір салтының іс-шараларын іске асырудың 10 есеге төмендеуіне және халықтың хабардар болуының 12%-ға дейін төмендеуіне әкелді.

Халықтың саламатты өмір салтының дағдылары туралы хабардар болуын арттыру, инфекциялық емес аурулардың алдын алу мақсатында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске асырылуда, онда саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайту және бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде темекі өнімдерін тұтынуды, алкогольге тәуелділікті, семіздікті және т. б. азайту жөніндегі шаралар бойынша жеке бағыт қабылданды.

2023 жылы халық арасында саламатты өмір салты бойынша 1,4 млн.астам іс-шара өткізіледі. Инфекциялық емес ауруларды азайту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қалалар», «Саламатты мектептер», «Саламатты университеттер» жобаларын енгізу жалғасады.

Елімізде 191 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Жасөспірімдер мен жастарды Жастар денсаулық орталығының қызметтерімен қамтуды арттыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. ЖДО клиникалық-диагностикалық қызметтері 57-ден 119 қызметке дейін кеңейтілді. Биыл Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын сақтау бойынша медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі стандарт бекітілді.

Сондай-ақ халықтың арасында темекі өнімдерін тұтыну деңгейін және инфекциялық емес аурулардың қауіп факторларын зерделеу үшін ДДҰ әдістемесі бойынша «STEPS» ұлттық зерттеуі жүргізілетін болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Саламатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыру бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді, ол мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесі 30%-ға дейін артады деп күтілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу