2030 жылға қарай еліміздің кинотеатрларында қазақстандық фильмдерді прокаттау 35%-ға дейін артады — А. Оралов

Үкімет отырысында мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Асхат Оралов мәдениет, креативті индустрия, спорт және туризм салаларын дамыту жөніндегі шараларды  атап өтті.

Мәдениет министрлігі отандық мәдени контентті дамытуға және шығармашылық зиялы қауым мен дарынды қазақстандықтардың әлеуетін жұмылдыруға баса назар аудара отырып, мәдениеттің барлық бағыттарын дамытуды және қолдауды жоспарлап отыр. Осылайша, жас талантты мәдениет және өнер қайраткерлерінің жоғары халықаралық ауқымда танылуына қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта жаңа конкурстар мен фестивальдар ұйымдастыру жоспарлануда.

 А. Ораловтың айтуынша, барлық мемлекеттік театрлардың репертуары жыл сайын отандық авторлардың кемінде бір қойылымымен толықтырылатын болады.

Отандық кинематографияны, оның ішінде жеке кинокомпанияларды дамытуға келетін болсақ, 2030 жылға қарай қазақстандық фильмдерді ел кинотеатрларында прокаттауды 35%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, қазақстандық кинематографты халықаралық фестивальдар мен конкурстарда ілгерілету жоспарлануда.

«Өңірлерде кешенді мемлекеттік-жекеменшік кинопрокат ұйымдастыру мақсатында проекциялық жабдықтар мен жылжымалы киноқондырғыларды кезең-кезеңімен сатып алу мәселесі пысықталады», — деп толықтырды мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы.

Мұражайлар мен кітапханалар мәдени құндылықтарға кең қолжетімділікті қамтамасыз ететін көпфункционалды ақпараттық және демалыс орталықтарына айналады. Ол үшін мұражай және кітапхана қорларын кезең-кезеңімен толықтыру, цифрландыру шаралары қолға алынады. Мұражайлар мен кітапханалар заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, көпфункционалды институттарға, коворкинг орталықтарына айналады.

Сонымен қатар ауылдық жерлерде мәдениет нысандарын салу және жөндеу жалғасады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде еліміздегі мұражайлар мен кітапханаларға келушілер саны жыл сайын 3%-ға артатын болады.

Жергілікті атқарушы органдармен және шығармашылық зиялы қауыммен бірлесіп, Республика күніне орай «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру жөніндегі ұсыныстар енгізілетін болады.

Отандық креативті индустрияны жүйелі қолдаудың маңыздылығы экожүйенің іргетасын қалайтын институцияландыру және заңнамалық түзетулер бойынша кешенді жұмыс басталды. 2023 жылы қалалардың креативті тауашаларын және мемлекеттік қолдаудың талап етілетін шараларын айқындайтын тереңдетілген зерттеу жоспарланып отыр.  

Креативті индустрияны қолдау бойынша жеке корпоративтік қор құру, қаржылық және қаржылық емес шаралар, басқа да құралдар қарастырылатын реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеу бойынша жұмыстар басталды. Жоспарланған шаралар есебінен креативті индустриялардың ел экономикасына қосар үлесін 2025 жылға қарай 5%-ға дейін, ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 80 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Жұмыстың келесі маңызды бағыты – салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту. Министрлік қолданыстағы дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын ауқымды түгендеуді жоспарлады.

Бұқаралық спортты дамыту үшін, әсіресе ауылдық жерлерде тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету қажет. Бұған жобалық-сметалық құжат әзірлеуді талап етпейтін және оларды күтіп-ұстау жергілікті бюджеттерге жүктеме түсірмейтін спорттық ядролар түріндегі аз бюджетті жазық спорт құрылыстарын, ауылдық жерлерде модульдік үлгідегі тез салынатын аз шығынды спорт кешендерін салу арқылы қол жеткізуге болады: физикалық белсенділік үшін жаяу қашықтықтағы спорттық инфрақұрылым - қауіпсіз жүгіру және велосипед жолдары, спорт аймақтары, жаяу және атпен жүру жолдары.

Бұл ретте спорттық инфрақұрылымға тиісті мониторинг жүргізілетін болады.

Сондай-ақ Асхат Оралов халықаралық талаптарға сәйкес, спорт федерацияларымен және жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде спорт объектілерін салу бойынша бірлескен жұмыс жандандырылатынын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 1 000 адамға 65%-ға дейін ұлғаяды. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 2030 жылға қарай 50%-ға жетеді.

Туризмді дамыту бағытында инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді шешу шеңберінде курорттық аймақтарға апаратын автомобиль жолдарын салу бойынша жұмыс жүргізілетін болады, курорттық аймақтарды мобильді байланыспен 100% қамту қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобаларды қосымша қаржыландыру қажет.

Жұмысты жүйелендіру  мақсатында әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында туристік орындар үшін инфрақұрылым салуға құзыреттілік беру қажет.

Сервис сапасын жақсарту үшін құзыреттерді арттыру және салада жұмыс істейтін кадрларды даярлау жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Сонымен қатар қонақүйлерді жіктеуді және туризмнің басқа да стандарттарын өзектендіру бойынша жұмыс күшейтіледі.

Саланы цифрландыру бойынша жұмыс жалғасады. Мәселен, қонақ үйлерді «eQonaq» жүйесімен 100% қамтып, гидтердің қызметін цифрландыруды аяқтау және Kazakhstan.travel порталын жаңғырту жоспарлануда.

Сонымен қатар шетелдік туристер үшін қолайлы климат қалыптастырылып, визасыз елдер тізбесін 100-ге дейін арттыру және жаңа тікелей авиарейстер ашу мәселесі пысықталуда.

Саладағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды іске асыру жалғасады, атап айтқанда, даму әлеуеті барынша жоғары туристік дестинацияларда ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді.

«Аталған шаралар жаңа Салалық тұжырымдама шеңберінде іске асырылатын болады. Нәтижесінде ішкі туристер саны 11 млн адамға дейін, ал шетелдік туристер саны 4 млн адамға дейін өседі деп күтілуде. Кешенді тәсіл инвестициялардың өсімін 260 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Салада жұмыспен қамту 800 мың адамды құрайды», — деп түйіндеді сөзін Асхат Оралов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу