Қазақстан «Экспо-2017» технологияларын білім беру саласында кеңінен пайдаланатын болады

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов «Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды еліміздің білім беру саласында қолдану туралы айтып берді.

Болатбек Әбдірасылов ҚР БҒМ-де «Астана Экспо-2017»-нің көрме нысандарын зерттеп, талдау бойынша, оларды Қазақстанның ғылым және білім беру салаларында пайдалану тұрғысынан жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

Қазақстан қызығушылығын тудыратын идеялар мен жобаларды үш топқа бөлуге болады: ғылыми идеялар мен коммерциялық қолжетімді инновациялар; технологиялар мен енгізулер; білім беру әдістемелері және технологиялары.

«Экспо-2017» көрмесінде жалпы ҚР БҒМ ҒЗИ мен 55 университет өкілдері болды. Қатысушы елдердің өкілдерімен жүздеген кездесулер мен келіссөздер жүргізілді. Ынтымақтастық туралы тоғыз меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, университеттер 20-дан астам екіжақты ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ корейлік әріптестермен жаңартылатын энергия көздері бойынша жаңа технологияларды әзірлеу туралы бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу жайында, Латвия университетімен — жаңа перспективалық материалдарды зерттеу туралы келісімдерге қол қойды.  

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Мажарстан, Чехия, Польша елдеріндегі әріптестерімен электр энергиясын шығару саласындағы технологиялар трансферті бойынша келісімге келді.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті 3D-технологияларды қолдану арқылы энергия шешімдері үшін модельдерді әзірлеу бойынша ҚХР өкілдерімен ынтымақтастықты бастайды.

Қарағанды мемлекеттік индустриалды университеті Шеффилд университетімен, Уоррик университетімен, Лондон Корольдік колледжімен «Ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласында халықаралық байланыстарды кеңейту мен нығайту туралы» келісімге қол қойды.

Алдағы уақытта жоғары білім беру мен ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы жұмыс екіжақты уағдаластықтар негізінде жалғасын таппақ.

Бұдан өзге, көрме аяқталған соң «Экспо-2017» материалдарын оқу орындарының білім беру процесінде пайдалану аясында көрменің ғылыми материалдары бойынша бірыңғай цифрлық білім беру ресурсын құру қарастырылуда. Оның контенті ашық білім беру платформаларында орналастырылады, оған ҚР-ның ауылдық әрі қалалық мектептерінің білім беру көздері қосылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу