Мәулен Әшімбаев Мұхтар Құл-Мұхаммедтің орнына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының жаңа бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты таныстырып, Мұхтар Құл-Мұхаммедке атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

«Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалуына байланысты партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылады. Осы жауапты қызметтегі үлесіңіз бен сіңірген еңбегіңіз үшін алғыс білдіремін. Осыған орай партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Мәулен Әшімбаевты тағайындау туралы шешім қабылданды. Ол бес жылдан астам Парламент Мәжілісінің депутаты болып, комитет басқарды. Мен оның партия мәртебесі мен рөлін арттыруға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған қазіргі міндеттерге ерекше назар аударды.

«Нұр Отан» партиясы мемлекет саясатын айқындайтын маңызды саяси күшке айналды. Партия барлық бағдарламаларымызды іске асыруға атсалысып келеді», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік және салалық бағдарламалардың сапалы жүргізіліп, олардың іске асырылуына бақылауды күшейтудің маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайына бейімдеу қажеттігін айтты.

«Егер біз әлемдік дамудан қалып қоймаймыз десек, онда алға ұмтылуымыз қажет. Сол себепті биылғы Жолдау осы реформаларды орындауға бағытталған. Бұған дейінгі барлық бағдарламаларымыз осыған арналған болатын. Мәселе олардың қалай жұмыс істеуінде. Біз экспорттық өнім шығаратын кәсіпорындар құруымыз қажет», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асырудың өзектілігін атап өтті.

Соңында Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру ісіндегі партияның белсенділігін арттырудың маңыздылығына назар аударды.

«Облыстарда партия ұйымдары бар. Олар белгіленген міндеттерді іске асыруда белсенді болуға тиіс», — деді Қазақстан Президенті.

 

 

Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1961 жылы Құл-Мұхаммед әулеті тарихи Отаны — Қазақстанға оралып, Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылына орнығады.

Мухтар Кул-Мухаммед

  • 1982 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
  • 1983 – 1992 жылдары «Қазақ энциклопедиясы» баспасының Бас редакциясында ғылыми редактор, аға ғылыми редактор, философия, құқық және әлеуметтану редакциясының меңгерушісі, жауапты хатшы — бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
  • 1992 – 1999 жылдар аралығында «Атамұра» шағын кәсіпорнының директоры, «Атамұра» корпорациясының президенті болған.
  • 1994 – 1999 жылдары қосымша Қазақ мемлекеттік университетінде еңбек еткен (аға оқытушы, доцент, профессор м.а.).
  • 1995 жылы «Қазақстанның ХVІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік тарихының проблемалары» (революцияға дейінгі орыс энциклопедиялары бойынша) деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.
  • 1999 жылы «Жақып Ақбаев және Алаш қайраткерлері саяси құқықтық көзқарастарының эволюциясы (ХІХ ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басы)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.
  • 1999 – 2001 жылдары — ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитет хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.
  • 2001 жылы 31.05.2001 ж. Жоғарғы аттестациялық комитеттің шешімімен құқықтану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.
  • 2001 – 2003 жылдары — ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі.
  • 2003 – 2006 жылдары — ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы.
  • 2006 – 2007 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.
  • 2007 – 2008 жылдары — Қызылорда облысының әкімі. Бұған қосымша 2008 жылдың наурызында ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.
  • 2008 – 2010 жылдары — ҚР мәдениет және ақпарат министрі.
  • 2010 – 2012 жылдары — ҚР мәдениет министрі.
  • 2012 – 2013 жылдары — ҚР мемлекеттік хатшысы.
  • 2013 – 2014 жылдары — ҚР мәдениет және ақпарат министрі.
  • 2014 – 2016 жылдары — ҚР Президентінің кеңесшісі.
  • 2015 жылы Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі болды.
  • 2016 жылғы 6 мамырдан бастап — «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

 

 

Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдаған (1993), экономист. АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінде Халықаралық зерттеулер мектебінде (2003–2004) тағылымдамадан өткен. Саяси ғылымдар кандидаты, диссертация тақырыбы: «Жаһандық демократияландыру процестері тұрғысынан алғандағы Қазақстандағы саяси транзит», (2001).

Маулен Ашимбаев

  • 1993–1994 жылдары — ҚР Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің Баспасөз қорының атқарушы директорының орынбасары, бас маманы, маркетинг бөлімінің жетекші маманы.
  • 1994 – 1995 жылдары — ҚР Жоғарғы Кеңес депутаты Д. Нұрахметовтың көмекшісі.
  • 1995 жылы — ҚР Қауіпсіздік кеңесінің консультанты.
  • 1995 – 1999 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары.
  • 1999 – 2000 жылдары — ҚР Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі.
  • 2000 – 2005 жылдары — ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
  • 2004 – 2005 жылдары — ҚР Тұңғыш Президентінің қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры.
  • 2005 – 2006 жылдары — ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.
  • 2006 жылы «Хабар» агенттігі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.
  • 2006 – 2011 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары.
  • 2008 жылдан 2010 жылға дейін — «Арна Медиа» ҰАХ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
  • 2009 жылдан бастап «Астананың жаңа университеті» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, 2010 жылдан бастап «Назарбаев Университеті» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
  • 2012 жылдан бастап — V сайланымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
  • 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет және өнерді дамыту жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесін басқарды.
  • «Құрмет» орденімен (2007 ж.), Қазақстан Республикасының құрмет грамотасымен (2001), «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен (2008 ж.) марапатталған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу