Энергетика министрлігі энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын әзірледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Ведомство алдына қойылған міндеттердің орындалуы туралы ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Газ саласындағы ұлттық оператормен бірлесіп, саланы «қайта қарауға» бағытталған Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуде.

Кешенді жоспардың жобасы мынадай іс-шаралар қамтиды:

Бірінші. Геологиялық барлау мен жаңа және де қолданыстағы кен орындарында газ өндірудің жаңа жобаларының есебінен газдың ресурстық базасын ұлғайту.

«Газ ресурстарын ұлғайту үшін барлық кезеңдерде газ жобалары үшін преференциялар және жеткізуші инфрақұрылымды салу қажет. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылар үшін ынталандыру бағасын беру, сондай-ақ газ айдау бағдарламаларының орындылығын қайта қарау мәселелері пысықталуда», — деді энергетика министрі.

Екінші. Министрлік газға баға белгілеудің жаңа моделі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, бұл қазақстандық газ ресурстарының шектеулілігін және коммерциялық тұтынушыларға бағаларын нарықтық бағалар деңгейіне көтеруді көздеуі тиіс.

Үшінші. Негізгі газ тасымалдау инфрақұрылымы кеңес заманында салынған болатын және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін ауқымды күрделі қаржы салымын қажет етеді.

«Газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйіне техникалық аудит жүргізіп, қаржыландыру көздері мен инвестицияларды қайтару тетіктерін айқындау қажет», — деді Б. Ақшолақов.

Төртінші. Энергетика министрлігі тұрақты газдандыруды жалғастыру үшін Газдандырудың бас схемасын өзектендіретін болады және газдандыру объектілерін Ұлттық оператордың теңгеріміне беру қағидалары оңайлатылады.

Жалпы, ведомствоның болжамдарына сәйкес, жоғарыда көрсетілген шараларды қабылдау 2030 жылға қарай мыналарға қол жеткізуге мүмкіндік береді:

- тауарлық газ өндірісін 42 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға;

- газ инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға;

- халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары үшін бағаны ұстап тұруды ескере отырып, баға белгілеудің қажетті моделін енгізуге;

- елді газдандыру деңгейін 65%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда, 2035 жылға дейінгі Елдің энергетикалық балансы әзірленді, оған сәйкес экономиканың өсу қарқынының артуымен және халық санының ұлғаюмен байланысатын электр энергиясын тұтыну көлемі 153 млрд кВт/ сағат деңгейінде болжанады.

«Бұл ретте, жұмыс істеп тұрған электр станциялары генерациясының 2020 жылғы 108 млрд кВт сағаттан 2035 жылы 88,6 млрд кВт сағатқа дейін кезең-кезеңімен төмендеуі байқалады. Энергетикалық балансы бойынша саланы дамудың мақсатты пайымы ретінде 17,5 ГВт электр қуатын енгізуді көздейтін «АЭС-пен жасыл» сценарийін белгілеу ұсынылады. Бұл сценарий жасыл энергия көздеріне, газ және атом генерациясына баса назар аударады», — деді энергетика министрі.

Бүгінде 31 елде атом электр станцияларды пайдаланады. 2022 жылғы ақпандағы жағдай бойынша әлемде жалпы қуаты шамамен 390 Гвт көлемінде 439 энергетикалық реактор жұмыс істейді, әлемнің 19 елінде 52 реактор салыну сатысында. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын құрайды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің деректері бойынша барлық елдердің АЭС-тан электр энергиясын өндіруі 2050 жылға қарай 1,8 есеге өседі деп болжанып отыр — 2021 жылғы 390 ГВт-тан 2050 жылы 715 ГВт-қа дейін.

«Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орындамыз. Бұл ретте 1 кг уран 50 тонна көмірді жағу кезінде алынатын баламалы энергия қуатын бөліп шығаратынын назарға алу қажет. Бізде ядролық отын компоненттерінің өндірісі бар, сондай-ақ біздің елде уранды изотопты байыту қызметтері қолжетімді», — деді министр Б. Ақшолақов.

Өткен жылы Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Елімізде ядролық отынның белсенді өндірісі басталды.

«Электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне, өндірістік қуаттардың тозуына байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС салу неғұрлым перспективалы шешім болып көрінеді», — деді Болат Ақшолақов.

Цифрлық майнингті көлеңкеден шығару мәселесін шешу шеңберінде энергетика министрі тұтынушылардың берілген техникалық шарттары бойынша электр энергиясын тұтынудың мақсаттары мен нақты көлемі тұрғысынан тексеру жүргізілетіні туралы хабарлады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу