ЕЭК Кеңесінде Қазақстан алкоголь өнімінің қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламентті қолданысқа енгізу мерзімін қысқартуды талап етті

ЕЭК Кеңесінің онлайн режимінде өткен отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, ақпарат алмасу, май және алкоголь өнімдері саласындағы кең ауқымды мәселелер қаралып, шешімдер қабылдады. Қазақстан тарапын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды.

Қазақстан «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің күшіне ену күнін 2025 жылғы 1 қаңтарға кезекті ауыстыруды қолдамады. Алкоголь өніміне қойылатын талаптарды айқындайтын бұл құжат 2018 жылы әзірленіп, қабылданған болатын, бірақ оның күшіне ену мерзімі түрлі себептермен бірнеше рет 2022 және 2024 жылдарға шегерілді. 

Елімізде жыл сайын суррогат алкогольмен уланудың 11 мыңнан астам жағдайы тіркелетінін және нарықтағы алкоголь өнімдерінің 5%-дан астамы қауіпсіздік пен сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтінін ескере отырып, отандық сарапшылар регламентті қолданысқа енгізуді 2025 жылдан 2024 жылдың 1 шілдесіне ауыстыру мерзімін қысқартуды талап етті.

Алдағы алты ай ішінде мемлекеттікішілік барлық мақұлдау рәсімдері жүргізіліп, сыра қайнату және шарап өнімдерін реттеу мәселелері шешілетін болады.

Сондай-ақ ЕЭК Кеңесінің отырысында кедендік транзит кезінде навигациялық пломбалар көмегімен жүктер қадағаланбайтын тауарлар мен шарттар тізбесі бекітілді. Қабылданған шара - уақытша, тек жекелеген жағдайларға ғана қатысты. Тізбеге, оның ішінде уәкілетті экономикалық оператор декларант ретінде әрекет ететін, сондай-ақ ХЖТ(халықаралық жол тасымалдары) кітапшасын қолдана отырып және өтпелі транзит шеңберінде тасымалданатын тауарлар кірді.

ЕАЭО кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу тәртібіне жасалған өзгерістер мақұлданды. Пысықталған жоба карантинге жатқызылған өнім шығарылған елде карантиндік объектінің таралу сипатына негізделетін интегралды индексті ескере отырып, тәуекелді басқару жүйесін пайдалана отырып, фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыруды көздейді.

Сондай-ақ өзгерістер карантинге жатқызылған өнімдер оның меншік иесінің есебінен қайтарылуға, зарарсыздандырылуға немесе жойылуға жататын бірқатар нақты жағдайларды белгілейді. Сонымен қатар фитосанитариялық сертификат жарамсыз деп танылған бір жағдай құжаттан алынып тасталды. Осылайша, жаңа өзгерістер бастапқы карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүргізу мерзімін қысқартуға, карантинге жатқызылған өнім партияларына қатысты шешім қабылдау кезінде уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының бірыңғай тәсілін енгізуге мүмкіндік береді.

Кеңестің шешімімен ЕАЭО кедендік аумағында ветеринариялық мақсаттағы дезинфекциялық, дезинсекциялық және дезакаризациялық құралдардың айналымын реттеу ережесі бекітілді. Аталған құжатпен жұмыс 2014 жылдан бері жүргізіліп келеді, бірақ Одақ аумағында ветеринариялық дәрілік препараттар мен ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық құралдарды тіркеу схемаларына қатысты реттелмеген мәселелерге байланысты тоқтатылды.

#ЕАЭО #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу