«Алатау» ИТП Алматы әкімдігіне беріледі — Т. Тоқтабаев

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифингте инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев  Мемлекет басшысы Жолдауының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» атты бірінші бағыты аясында қазақстандық кәсіпорындардың жаңа технологиялық қалпы туралы айтып берді.  

Тимур Тоқтабаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы 2018 жылғы қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Алматыда орналасқан «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарауды тапсырды.

Инновациялық кəсіпорындарға арналған жеңілдетілген режимдер жұмыс істейтін АЭА Үкімет шешімімен тікелей Алматы қаласының әкімдігіне беріледі. Ол жоғары технологиялық өндіріс бағыттарының санын кеңейтумен айналысады.

«Өз кезегінде, АЭА басқару компаниясы — ИТП дербес кластерлік қоры ҚР ИДМ қарауынан ҚР АКМ қарауына берілетін болады. Себебі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыратын басты үйлестіруші орган, ал инновациялық технологиялар паркі аясында дамытылатын жобалардың 80% экономиканы цифрландырумен және цифрлық экспортпен байланысты», — деді Тимур Тоқтабаев.

Бұл «Экспо-2017» базасында АТ-стартаптардың халықаралық технопаркін тиімді қалыптастыруға әрі жалпы ақпарат және коммуникациялар саласын дамыту үшін «ИТП» АКТ-нің атқарылған жұмыстары мен технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді.

Мәлімделген деректерге сәйкес 2015–2017 жылдары жер қойнауын пайдаланушылардан «Алатау» ИТП АЭА-ға тартылған қаражат 3,5 млрд теңгеден асты (барлығы 35 компания). 2,6 млрд теңгеге 64 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде 2015 жылы 5 жоба (21,4 млн теңге), 2016 жылы — 27 жоба (856 млн теңге), 2017 жылы — шамамен 32 жоба (1,7 млрд теңгеден астам).

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Тимур Тоқтабаев министрлік қарамағынан әкімдікке өткізу кезінде қызметкерлер жұмыстан қысқартылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі таңда АЭА-ның екінші кезеңі дамып жатыр және оның одан әрі кеңеюі қызметкерлер санының артуына жол ашады.

«Жалпы, бұл «ақылды» технологиялар аясында Алматы қаласының дамуына оң әсер етеді», — деп түйіндеді Тимур Тоқтабаев.

 

Анықтама: 2003 жылы жаңа бәсекеге қабілетті өндірістерді құру және еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатында «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. 2011 жылы оның атауы «Инновациялық технологиялар паркі» деп өзгертілді.

2014 жылдан бастап «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры «ИТП» АЭА басқару органы және Алматы қаласының инновациялық кластерін қалыптастыруға жауапты ұйым ретінде құрылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу