Еңбекақыны ұлғайту және еңбек қақтығыстарын шешу: Үкіметте еңбек саласын жақсарту мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі шаралар кешені талқыланды.

Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде уақытылы және лайықты жалақы алуына жағдай жасау

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өз баяндамасында бүгінде ел экономикасының түрлі салаларындағы 165 мың кәсіпорында 6,6 млн-ға жуық адам жұмыс істейтінін жеткізді. Министрліктің алдында тұрған бірінші кезектегі міндет — жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде уақытылы және лайықты еңбекақы төлеу.

«Жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда. 2018 жылы қабылданған шаралар нәтижесінде 32 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды (еск. – жалақы бойынша қарыз мәселесінде), оларға 3,2 млрд теңге төленді», — деді Б. Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында министрлік мемлекеттік еңбек инспекторларының ұйғарымын сот орындаушыларының атқару құжаттарының тізбесіне қосуды ұсынуда. Бұл оларды сот шешімдерімен теңестіруге және олардың мәжбүрлеп орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Формалды емес еңбек қатынастарын болдырмауға ерекше назар аударылды. 2018–2019 жылдары «Еңбек шартын жаса» жалпыреспубликалық науқаны өткізілді. Бұл шара қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын артыру» Жолдауын орындау шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Әкімдіктердің ақпараты бойынша, биыл 14 наурызда 184 мыңнан астам жұмыс беруші 958 мың жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын арттырды. Аталған кәсіпорындар бойынша жалақысы төмен жұмыскерлердің орташа жалақы мөлшері 33%-ға арттырылды.

Жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету  

Сонымен қатар Б. Сапарбаев өндірістік жарақаттанушылықтың 2018 жылы 6,6%-ға төмендегенін айтты. Қолда бар деректер бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторларының талаптарына сәйкес, жұмыс берушілер 100 лауазымды адамды жұмыстан босатты, 16 өндіріс нысанының жұмысына тыйым салынды. Құқық қорғау органдарына 1400 материал жіберілді, олар бойынша 98 қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар, ҚР-да өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайтудың 2019–2023 жылдарға арналған Кешенді жол картасы әзірленді, ол:

  • өндірістік кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізуді,

  • еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік, ішкі және қоғамдық бақылау тиімділігін арттыруды көздейді. 

Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды ескерту

Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды ескерту жұмыстарын күшейту үшін еңбек дауларын ескерту және оларды шешу бойынша Іс-шаралар жоспары әзірленді.

Мәселен, барлық әлеуметтік әріптестердің күшімен жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді келіссөздер жүргізу машықтарына және консенсусқа қол жеткізуге оқыту жүргізіледі.

Жұмыс берушілер бірлестіктерінің еңбек дауларының алдын алу бойынша жұмысы барынша белсендендіріледі. Ол үшін жұмыс берушілердің республикалық, салалық бірлестіктері жанында «еңбек омбудсмені» институты құрылды.

Өз кезегінде, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді.

Отырыста ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары О. Ордабаев әлеуметтік-еңбек саласын одан әрі жақсарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Өңірлердегі еңбек қатынастарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов пен Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов баяндады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова өз кезегінде, облыс әкімдерін еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды. Атап айтқанда, мониторинг жүргізіп, жұмыскерлерді қысқарту және оларды жұмысқа орналастыру мәселелерінде бақылау жасалуы тиіс, сондай-ақ жалақы бойынша қарыздың өсуіне жол берілмеуі керек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу