Үкімет инвесторлардың цифрландыру бойынша бастамаларын қолдауға дайын — Асқар Жұмағалиев

Бүгін Астанада инвестициялық форум аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен «Индустрияландыру 4.0 — Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңі» атты панелдік сессиясы өтті.  

Панелдік сессияға Фраунгофер атындағы өндірісті автоматтандыру және басқару жөніндегі институттың консультациялық кеңесінің төрағасы Бургхард Шиль, Metalysis бас директоры Дион Воган, Герман экономикасының шығыс комитетінің төрағасы, M+W Group компаниясының басқарма төрағасы, Вольфганг Бюхеле, Yildirim Holding басқарма төрағасы Юксель Йылдырым, Eurasian Resourses Group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, Air Liquide Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы ірі өнеркәсібінің вице-президенті Бертран Барикан, Швецияның (Business Sweden) Ресейдегі және ТМД-дағы швед сауда және инвестициялық кеңесінің басшысы Андреас Гиаллоуракис, «Сентрас» қаржы тобының негізін салушы әрі иегері Ельдар Абдразаков қатысты. Пікірталас модераторы PBS NewsHour арнайы тілшісі Райан Чилкот болды.

Асқар Жұмағалиев өз сөзін «Неліктен «Индустрия 4.0» Қазақстан үшін басымдыққа ие?» деген сұраққа жауап беруден бастады.

«Барлық компаниялар нарықтағы көптеген өзгерістерге нақты уақыт ішінде жауап бере алуы тиіс. Компаниялар үшін цифрландыру іс жүзінде «Болу не болмау?» сұрағына жауап болады. Егер сіз цифрландыру жолымен жүрсеңіз, онда сіз бәсекеге қабілетті бола аласыз, тиімділік пен өнімділікті арттыруға мүмкіндік бар. Егер бұл жолды ұстанбасаңыз, онда қиын болады. Бізде басқа таңдау жоқ, бизнесті цифрландыру қажет», — деді А. Жұмағалиев.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары Үкімет цифрландыру бойынша бастамаларды қолдауға дайын екенін, сондай-ақ осы үдерістерді салықтық, қаржылық жеңілдіктер мен адам капиталын дайындау арқылы ынталандыруға әзір екенін атап өтті.

Талқылау барысында Бургхард Шиль неміс компаниялары үшін Индустрия 4.0 қандай мәнге ие екенін хабарлады.

«Біз үшін Индустрия 4.0 клиенттің мүдделерімен тікелей байланысты. Біз мамандандырылған салаларда жұмыс істемейміз. Технологияның өзі біз үшін өте маңызды. Технология — бұл бәрінің қозғаушы күші, сол себепті де егер тұтынушылар бізден көмек сұраса, біз олар экономиканың қандай секторынан екеніне қарамаймыз. Германияда шағын және орта кәсіпорындарға қолдау көрсетуге арналған арнайы бағдарлама бар. Көптеген іс-шаралар өткізілуде, бірақ нәтиже туралы айтуға әлі ертерек, өйткені бұл күрделі процесс», — деді профессор.

Швед сауда және инвестициялық кеңесінің басшысы Андреас Гиаллоуракис Швецияның Қазақстанмен цифрландыру мәселесі бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Швеция тау-кен өнеркәсібін цифрландыруда үлкен жетістікке қол жеткізген.

«Біздің басты назарымыз осында болды. Біз Қазақстанда пилоттық технологиялық жобаларды іске асыруға әкелетін бірқатар тәсілдермен және аспектілермен бөлісуге дайынбыз. Бұл ынтымақтастықты одан әрі қалай дамытуға болатынын көру бәрімізге қызық», —  деді А. Гиаллоуракис.

Сондай-ақ, Yildirim Holding басқарма төрағасы Юксель Йылдырым тау-кен өнеркәсібін цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. Өндірісте картаға түсіруге арналған жинақ жүйелері, жер астындағы адамдарды қадағалау технологиялары, геологиялық картография табысты қолданылады. Бүгінгі таңда жұмыс барысында дрондар мен ұшқышсыз технологияларды қолдану зерттелуде.

«Бұның бәрі бізге көп инвестициялар тартуға және қосымша технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, ал Қазақстан әлемдегі ең тиімді тау-кен өнеркәсібі көшбасшыларының біріне айналады деп үміттенеміз», — деді спикер.

Панелдік сессияның соңында Асқар Жұмағалиев Үкіметтің талқылауға ашық екенін айтты, себебі цифрландыру негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу