Үкімет Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын мақұлдады

 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қаралды. Жоспардың негізгі бағыттары бойынша ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

Ұсынылған кешенді жоспар өңірдің тыныс-тіршілігінің барлық салаларын қамтиды және ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н. Назарбаевтың Түркістан облысын құру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи шешімінен кейін басталған оның ауқымды дамуын көздейді.

Өз сөзінде ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиев құжаттың мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталғанын және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізілгенін атап айтты.

Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады.

Министрдің айтуынша, жоспарды іске асыруға жалпы 3,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 539,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 339,9 млрд теңге, жеке инвестициялардан – 2,7 трлн теңге қажет.

«Егер салалар бойынша алатын болсақ, өнеркәсіп саласында 26 іс-шара жоспарланған, оның ішінде мұнай өңдеу зауытын, химия кешенін және тұрмыстық техниканы өндіру зауытын салу бар, сондай-ақ «ТURKISTAN» арнайы экономикалық аймақ аумағын 973 га ұлғайту және басқалары көзделеді», — деді Ә. Ерғалиев.

Ауыл шаруашылығын дамыту саласында 810 млрд теңгеге 93 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру, су тартқышты және сорғы станциясын реконструкциялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін 37%-ға жаңарту көзделген.

Нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнімі 695 млрд теңгені құрайды, ал ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады.

«Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылым жүргізу, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталық, 3 қонақ үй, рухани-мәдени орталық және басқаларын салу жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылға қарай облыста туристер саны 2,5 млн адамға дейін артады», — деді Ә. Ерғалиев.

Жоспар бойынша тұрғын үй, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады. Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ газбен жабдықтау, электр желілерін жаңғырту және салу жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.

Нәтижесінде халықтың 100%-ы сумен, 85,4%-ы газбен қамтамасыз етіледі, электр желілерінің тозуы 49,6%-дан 46,4%-ға дейін төмендейді.

Сонымен қатар, 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде 1,4 млн шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салу және пайдалануға беру жоспарлануда.

Облыстың автожолдары: Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Түркістан қаласының шығыс айналма жолы, сондай-ақ Түркістан-Шымкент-Ташкент жүрдек теміржол магистралі салынады.

Жалпы Кешенді жоспар шеңберінде, республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың км жолды жөндеу және қайта жаңғыртумен қамту ұсынылады, бұл 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99,5%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жеткізуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында 570 төсек-орындық көпсалалы аурухана (МЖӘ), ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады.

3 ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады.

Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жоспарланған.

Күлтөбе қалашығының кесенелерін, тарихи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру және тағы басқалар жоспарланған.

Сондай-ақ, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат спорты кешені және басқа да объектілер салынады.

Бұдан басқа, өңірдің қоғамдық құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, полиция департаментінің ғимараттар кешені мен жедел басқару орталығы, өрт сөндіру депосы салынады.

«Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай шамамен 40 мың жаңа жұмыс орнын құруды, негізгі капиталға инвестициялар 3 есе және өнеркәсіп көлемінің 35%-ға өсуін, еңбек өнімділігінің 52,1%-ға ұлғаюын, халықтың нақты кірістерінің 54,8%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Кешенді жоспарды уақтылы және толық іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнімнің нақты өсуі 6,3%-ды құрайды», — деді Ә. Ерғалиев.

Жалпы, Кешенді жоспарды орындау өңірдің экономикалық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, жеке инвестициялардың келуіне серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлағандай, Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспарының өзектендірілген жобасы шеңберінде министрлік жалпы сомасы 944,9 млрд теңгеге 14 іс-шара бойынша  жауапты орындаушы болып табылады, оның ішінде:

  • 4 құрылыс және ТҮКШ саласында – 142,5 млрд теңгеге; 
  • 7 автожол саласында – 325,3 млрд теңгеге;
  • 2 көлік саласында – 469,3 млрд теңгеге;
  • 1 өнеркәсіп саласында – 7,8 млрд теңге сомасына 

2025 жылға дейін өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың баспананы пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен 1,4 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 23 мың пәтерді жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 78,1 млрд теңге бөлу жоспарланған. 64 мың жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады», — деді Б. Атамқұлов. 

Түркістан облысында тұрғын үйлерді жаңғырту бойынша ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 101 көппәтерлі үйді жаңғыртуға 3,3 млрд теңге көзделген.

2025 жылға дейін 4,6 млрд теңге сомасында 240 көппәтерлі тұрғын үй жаңғыртылатын болады. Жалпы, 2021 жылдан 2025 жылға дейін 7,9 млрд теңге сомасында 341 көппәтерлі тұрғын жөнделеді.

Түркістан облысының қалалық елді мекендерінде сумен жабдықтау қызметтеріне 98,9% қолжетімділік бар.

Министрдің айтуынша, ауылдық елді мекендерде қолжетімділік 92,1% құрайды. 2021-2025 жылдары 367 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау жоспарлануда.

Сондай-ақ, 49 ауылдық елді мекенде жергілікті бюджет қаражаты есебінен су тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының 100%-ы сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

2021 жылға арналған Кешенді жоспар шеңберінде Түркістан облысында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 58 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 14,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлу қолдау тапты. Бөлінген қаражат есебінен 743 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және реконструкциялау жоспарланады. Сондай-ақ, 19,5 мың адам сумен жабдықтау қызметтерімен қосымша қамтамасыз етілетін болады. Жалпы осы бағыттар бойынша 638 жұмыс орны құрылады.

«Автожол саласында 2025 жылға дейін Кешенді жоспар шеңберінде республикалық және жергілікті маңызы бар 2 276 км автожол жөнделеді және реконструкцияланады. Жүргізілген жұмыстар есебінен өңірде республикалық 100% және жергілікті маңызы бар 99,5% жолдар нормативтік жағдайға жеткізілетін болады», — деді Б. Атамқұлов. 

Қабылданған шаралар 3 республикалық және 3 жергілікті жолды, сондай-ақ 28-ден астам ауылдық елді мекендердегі ұзындығы 1 995 км болатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды реконструкциялауға және жөндеуге мүмкіндік береді.

Кешенді жоспар шеңберінде арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы инфрақұрылым құрылысына 7,9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 6 396 жұмыс орынын құра отырып, 352,7 млрд теңге сомасына 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. 

Теміржол саласында Кешенді жоспарда одар әрі Өзбекстан аумағына шығатын жоғарғы жылдамдықты «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол магистралін және «Дарбаза – Мақатарал» теміржол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделген.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Хаттамаға сәйкес пысықталды, оның қорытындысы бойынша ағымдағы жылғы маусымда көрсетілген жобаларды талқылау жөнінде Өзбекстанның Көлік министрлігімен кездесуін өткізу жоспарлануда.

Өз кезегінде энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2021 жылдың 1 қаңтарына облыстың табиғи газбен қамтамасыз етілуі 64,4% құрағанын немесе шамамен 1,3 млн адам табиғи газбен қамтамасыз етілгенін жеткізді.

«Ұсынылған Кешенді жоспар жобасында өңірді газдандыру аясында төмендегідей жобаларды іске асыру қарастырылуда, атап айтқанда: Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан магистралдық газ құбырын және Мақтаарал ауданында 3 автоматтандырылған газ тарату станциясын салу, сонымен қатар елді мекендерге газ тарату желілері мен газ жеткізу құбырларын салу жоспарлануда», — деді Н. Ноғаев.

Жалпы, Түркістан облысы әкімдігінің жоспарларына сәйкес, 2026 жылға қарай газдандырылған елді мекендердің санын 423 бірліктен 722 бірлікке дейін ұлғайту немесе халықты газбен қамтуды 1 274 мың тұрғыннан 1 720 мың тұрғынға дейін ұлғайту көзделіп отыр, бұл өңірді газдандыру деңгейін ағымдағы 64,4%-дан 85,4%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Әкімдік бұл көрсеткіштерге бюджеттік бағдарламалар шеңберінде, оның ішінде 003 ББ (ҚР ЭМ) және «Ауыл – ел бесігі» (ҚР ҰЭМ), сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты және басқа да инвестициялар есебінен қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Энергетика министрінің айтуынша, Кешенді жоспар жобасы аясында электрмен жабдықтау саласында жалпы сомасы 49,7 млрд теңгеге 11 жобаны іске асыру көзделген.

Ірі жобалар:

  • «Түркістан қаласында 110 кВ желісі бар, қуаты 2х25 МВА «Солтүстік» 110/35/10 кВ шағын станциясын салу»;
  • Ордабасы ауданында «Бадам» 220/110/10 кВ шағын станциясын салу»;
  • «Түркістан қаласында қуаты 2х125 МВА 220/110/10 кВ «Орталық» тірек шағын станциясын салу».

Ұсынылған жобаларды іске асыру 500 мыңнан астам адамды сапалы және үздіксіз электрмен жабдықтауға, 200 жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 30 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Кешенді жоспарға сәйкес Түркістан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде құны 40 млрд теңгеге жылу электр орталығын салу көзделіп отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев  Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес сумен қамтамасыз ету және суармалы егіншілікті дамыту саласында 8 жоба қарастырылғанын, олардың жалпы сомасы 56 млрд теңгені құрайтынын айтты.

«Түркістан қаласының азық-түлік белдеуін сумен қамтамасыз ету үшін осы жылы Кентау қаласының маңында «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 18,5 млн текше метр көлемінде тасқын сулардың жинақталуы қамтамасыз етіледі. 2,5 мың га жаңа суармалы жерлер енгізіледі. Ауыл шаруашылығында 1,4 мың жұмыс орны құрылады. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің қосымша көлемі жылына 1,5 млрд теңгені құрайтын болады», — деді М. Мырзағалиев. 

Сондай-ақ, ұзындығы 84 шақырым болатын Түркістан магистралды каналының екі учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде 36,3 мың га алаңда суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жақсарады. Су шығыны жыл сайын 127 млн текше метрден 52 млн текше метрге дейін төмендейді. Өз кезегінде, бұл ауылдарда 6,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің қосымша көлемі жылына 5 млрд теңгені құрайтын болады. Бұл ретте, ұзындығы 59 шақырым учаскеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа, Қосқорған су қоймасын одан әрі толықтыруды қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласынан шахталық су төгу және тік дренаж ұңғымасын орнату мәселесі зерттелуде.

Ауыл шаруашылығында гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша 5 жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың жалпы құны 39 млрд теңгені құрайды. Бұл 79 мың га астам суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және кепілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған қоса қосымша 5 мыңнан астам жұмыс орны құралатын болады.

Кешенді жоспар іс-шараларынан басқа, республикалық бюджет қаражаты және Дүниежүзілік, Еуропалық және Ислам банктерінің қаражатын тарту есебінен суармалы егіншілікті дамыту және ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі атап өткендей, ирригациялық инфрақұрылымды қайта жаңарту және қалпына келтіру арқылы 62,2 мың гектар астам алаңды сумен қамтамасыз ету жақсартылады. Ұзындығы 1,9 мың километрді құрайтын канал реконструкцияланады. Жыл сайын суармалы судың шығыны 200 млн текше метрге азаяды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін 40 млрд теңгеге жеткізіп, 12 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында облыс әкімдігімен 2019 жылдан бастап қаланың айналасында 7,7 мың га алаңда «жасыл белдеу» құру бойынша жұмыс басталды. Оның ішінде 2 жылда 4,7 мың га алаңда 3,8 млн көшет отырғызылды», — деді М. Мырзағалиев.

Денсаулық сақтау министрі А. Цой өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту перспективасы туралы баяндады.

Жалпы, министрдің айтуынша, 10 нысанның құрылысы қарастырылған. Оның 7-і Түркістан қаласында, үшеуі Арыс және Сарыағаш қалаларында. Түркістан қаласында МЖӘ аясында 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Сондай-ақ Түркістан қаласында 190 төсек-орындық облыстық балалар ауруханасын, Сарыағаш қаласында орталық аудандық аурухана жанынан 240 төсек-орныдық перинаталдық орталық, Сарыағаш қаласында ауысымда 500 адам қабылдайтын қалалық емхана, Арыс қаласында жедел медициналық жәрдем станциясы бар ауысымда 500 адам қабылдайтын қалалық емхана және т. б. салу жоспарлануда.

Министр А. Аймағамбетовтың айтуынша, білім беру саласында үш мектеп, оның ішінде 500 орындық жатақханасы бар 700 орындық «Дарын» мектебі мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы қарастырылған.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасында Мәдениет және спорт министрлігінің құзыреті шегінде 27 іс-шара көзделген.

Бүгінгі күні ведомстволық статистикалық мәліметке сәйкес Түркістан облысында 4 529 спорт объектісі бар. Облыс халқының 32,1% адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданады. 

Кешенді жоспар шеңберінде спорт саласындағы 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, олардың ішінде жеке инвестицияларды тартумен  екі жоба және жергілікті бюджет есебінен 8 инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. 

«Бұл жобалардың басым бөлігі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған, 2025 жылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды үлесі 45%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде», — деді А. Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында туристер саны 1,2 млн адамды құрайды.

Өңірдің туристік ағынын ұлғайту мақсатында Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарының инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда. Өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында туристтік бағыттарды одан әрі дамыту бойынша жұмыстар өз жалғасын табады, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолы» бойында жаңа туристік өнімдер қалыптастырылатын болады.

Кешенді жоспар шеңберінде 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 9-ы жеке инвестициялар есебінен іске асырылады.

Өңірде туризм индустриясын дамыту бойынша ұсынылатын туристік қызметтердің сапасын арттыру, туристік қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсыну, Түркістан қаласы мен Түркістан облысының көліктік қолжетімділігін арттыру сияқты және т.б. кешенді шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы туристер санын 2,5 млн адамға дейін, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер санын 291 мың адамға дейін және туризм саласында жұмыс істейтіндер санын 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда.

Статистикалық деректерге сәйкес өңірде 703 мәдениет мекемесі бар. Мәдениет саласындағы басым міндеттердің бірі болып мемлекеттік бағдарламалар, жеке инвестициялар шеңберінде инфрақұрылымды одан әрі дамыту болып қалады. Нәтижесінде 13 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі.

«Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында ескерткіштерді ғылыми қалпына келтіруге және археологиялық зерттеулерге бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарланған. 

Облысты дамытудың Кешенді жоспары аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделіп отыр. 

2025 жылы 59 нысанға қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бас тарихи мәдени нысан – «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне келушілер саны 2,3 млн адамға дейін артады деп күтілуде.

Жалпы, спорттық инфрақұрылымды дамыту ең алдымен халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қол жетімділігін арттыру үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ, ұсынылып отырған шаралар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, дамытуға, оны елімізде және шетелде танымал етуге, туристердің келуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған, бұл Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырады.

Облыс әкімі Ө. Шөкеев атап өткендей, Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Әкім жеке инвесторлардың рөлін ерекше атап өтіп, өңірді дамытуға белсенді атсалысқандардың барлығына үлкен ризашылығын білдірді.

Өткен жылы облыс экономикасының 41% өсімі орын алды. 

Арнайы Кешенді жоспар бекітіліп, бүгінгі күнге жоспарланған іс-шаралардың 40% іске асырылды

Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. 

123 нысанның құрылысы аяқталды. Жаңадан Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Мәдени-рухани орталықтар салынып, Б. Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың га жасыл белдеу құрылды, 3,5 млн ағаш отырғызылды. Түркістанға келуші туристер саны артты.

Әкімнің айтуынша, Кешенді жоспардың 40% орындалуын ескере отырып, Түркістан қаласын дамытудың ІІ-кезеңін іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. 

Түркістан қаласын дамытудың ІІ-кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады.

10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. 

Әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұзайдын сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады.

Б. Саттарханов даңғылы аумағында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені жобалары іске асыралады.

Мәдени-рухани орталықта тарихи нысандар реставрацияланады.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп, 40 мың жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыс экономикасына мультипликативтік әсерін тигізеді.

«Жоспарды іске асыру өңірдің өзін-өзі қамтуына және өркендеуіне мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ө. Шөкеев. 

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу