ҚР Премьер-Министрі «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының кеңейтілген жиынына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында  депутаттық фракцияның кеңейтілген жиналысында  сөз сөйледі.Үкімет басшысы халық қалаулыларын 2013-2017 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарымен және 2013-2015 жылдарға арналған бюджет шығыстарының басымдықтарымен таныстырды.

Премьер-Министр өсімнің жоспарланған параметрлеріне қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асырудың 5 бағытын белгілеп берді. Үкіметтің негізгі басымдықтары қатарында макроэкономикалық тұрақтылықты, тұрақты экономикалық өсімді, әлеуметтік жаңғыртуды, өңірлерді дамытуды, сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мен мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын арттыруды қамтамасыз ету бар.

С.Ахметов өз сөзінде Еуроаймақтағы дағдарыстың күшеюіне және ЕО елдері мен АҚШ-тағы экономикалық өсім қарқынының төмендеуіне қарамастан Қазақстанда экономикалық дамудың қарқыны сақталып отырғандығын атап өтті.

«Жыл басынан бері елдің жалпы ішкі өнімі 5,6 пайызға өсті. Елдегі макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық сақталуда. Ағымдағы жылдың 9 айында инфляция өткен жылғы 6,2 пайызға қарағанда 3,9 пайызды құрады. Елдің халықаралық қоры Ұлттық қордың қаржысын есепке алғанда жыл басынан 10,9 млрд. долларға артып, 83,8 млрд. долларды құрады. Жинақталған қаржылық әлеует болашақта экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет 2013-2017 жылдары экономика өсімін 6-7,6 пайыз деңгейінде бағалауда. «Аталған параметрлер орта мерзімде экономика өсімін орташа 7 пайыз қамтамасыз етуге сәйкес келеді», - деді С.Ахметов.

Әлеуметтік-экономикалық саясатты тиімді жүзеге асыруға септігін тигізетін шаралардың бірі үйлестірілген ақша-несие және салық-бюджет саясаты есебінен макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау болып табылады.

«Экономика дамуының ықтимал нұсқалары кезінде тәуекелдерді төмендету мақсатында контрциклдік макроэкономикалық саясат жүргізілетін болады. Жоспарланған дәлізде инфляцияны ұстап тұру үшін ішкі нарықта баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің кешенді шараларын жүзеге асыру жалғасатын болады», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

«Орта мерзімдегі салық саясаты да экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға, жайлы инвестициялық және бизнес ахуалды қалыптастыруға, отандық өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталатын болады», - деді С.Ахметов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі экономиканы ауқымды жаңғырту әрі әртараптандыру жолы арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, бәсекелестікті қорғау және елдегі бизнес-аухалды жақсарту болатындығын баса айтты.

Қазіргі уақытта Үкіметпен 2014 жылға дейін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. «Бағдарламаны экономиканың тек шикізаттық емес секторының өнімділігінің өсімін ғана қамтамасыз ететін емес, сонымен бірге энергия үнемдеу технологияларын енгізуге септесетін және экологиялық таза жаңаратын энергия көздерін пайдалануды арттыратын тетіктермен толықтыру маңызды. Инфрақұрылымдар саласында Балқаш ЖЭС-нің бірінші модулінің құрылысы, Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ газ құбыры сынды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру басталады», деп мәлім етті С.Ахметов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында белгіленген бағыттарға сәйкес әлеуметтік жаңғыртылудың маңыздылығын атап өте келе: «Біздің ортақ міндетіміз - әлеуметтік бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету», - деді.

«Толықтай алғанда Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында берілген тапсырмаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2013 жылы 379,4 млрд. теңге қарастырылған», - деп жалғады сөзін Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Үкімет басшысы бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарларымен де бөлісті.

«Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы дамудың жаңа бағытына ие болады. Сонымен қатар «Ақ бұлақ» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру да жалғасын табады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 2012 жылдың соңында жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырымды құрайтын коммуналдық желіге жаңғырту жүргізу жоспарлануда», - деді Премьер-Министр.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2012 жылдың соңына дейін қалаларда 84, ал ауылдық жерлерде 43 пайыз халыққа орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізу жоспарланған», - деді С.Ахметов.

Премьер-Министр Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық жаңғыртылуының негізі қуатты өңірлер болып табылатындығын баса айтты.

«Моноқалалардың өзекті проблемаларын шешу бойынша шараларды үйлестіру 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Оның жүзеге асыруға 2013 жылға 34,1 млрд. теңге қарастырылған», - деп қосты С.Ахметов.

«Облыс әкімдіктері Үкіметпен бірлесіп, ұзақ мерзімде әрбір моноқаланы дамытудың кешенді жоспарларын қабылдау бойынша жұмыстарды аяқтауға жақын. Келесі жылы моноқалалар тізіміне енбей қалған шағын қалаларды дамытудың кешенді жоспары қабылданатын болады. Экономикалық өсім орталықтарын қалыптастырудағы Үкімет жұмысының жаңа бағыттарының бірі агломерацияны дамыту болып табылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ел өсімінің ұзақмерзімді полюсін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Министрлер кабинетінің басшысы.

Депутаттарға бюджет шығыстары туралы ақпарат бере келе Үкімет басшысы үш жылдық бюджетті әзірлеу барысында ұстанымдар мен әдіс-тәсілдер өзгеріссіз қалғандығын атап өтті. 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспары елдегі және әлемдегі болжамды экономикалық ахуалға негізделе отырып жасалған.

«2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында шығыстар көлемін 2013 жылы 6,2 трлн. теңгеден 2015 жылы 7,1 трлн. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Үш жылдық бюджеттің параметрлері орта мерзімдегі даму жағдайларына және әлеуметтік-экономикалық саясат міндеттеріне сай келеді», - деді С.Ахметов.

«Үш жылдық бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру, халықтың тұрмыс-тіршілігі жағдайын жақсарту және халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық даму, бизнестің дамуын қолдау, қорғаныс қабілеттілігін, ұлттық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті нығайту және төтенше жағдайларды алдын ала ескерту және жою шаралары болып табылады», - деді ол.

Қорытынды сөзінде Премьер-Министр депутаттарды кезең-кезеңді дағдарысқа қарсы жоспарды әзірлеу барысымен таныстырды. Халықаралық агенттіктердің болжамы бойынша 2013 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулайды деп күтілуде. Тұрақты макроэкономикалық ахуалды қамтамасыз ету үшін және экономика өсімін сақтау тұрғысында Елбасының тапсырмасы бойынша кезең-кезеңді дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Шаралар пакеті бірінші кезекте рецессияға жол бермеу және жұмыспен қамту деңгейін қолдауға бағытталады. Дағдарысқа қарсы жоспарда әлемдік экономиканың дамуының түрлі сценарийі, шикізаттық нарықтағы бағаның өзгеруі мен еліміздің экономикасына ықпал ететін салдары қарастырылған. Назарларыңызға ұсынылып отырған 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы экономикадағы тәуекелдерді ескеріп отыр, - деп атап өтті С.Ахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу