26 Қараша 2024, 19:36
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрі Марат Қарабаев пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Қазақстандағы жеке деректерді қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, жақында қабылданған ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша заң ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Заң жеке деректердің таралуы фактілері туралы азаматтарға ақпарат беру; ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл бағдарламасын құру; ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізу процедурасын қайта қарау; банктік несиелерді алудан өз еркімен бас тарту және тағы да басқа жаңашылдықтарды қамтиды. Сонымен қатар жеке деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін үш есе арттыру жоспарлануда. Жаслан Мәдиев жеке тұлғалар бойынша деректер базасы біреу ғана болуы керек екенін айтып, бұл бағытта жұмыстардың қолға алынғанын атап өтті.
Марат Қарабаев теміржол саласын дамыту және республиканың транзиттік әлеуетін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Саланы одан әрі дамыту мақсатында 2029 жылға дейінгі теміржол саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Аталған құжат аясында бес бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда: жылжымалы құрамды жаңарту; түйісу пункттерін дамыту; магистральды теміржол желілерін дамыту; тариф саясатын жетілдіру; жолаушылар тасымалын дамыту.
Сондай-ақ министр 4 желтоқсаннан бастап жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі үшін айыппұл жүйесі автоматтандырылған режимге көшетінін хабарлады. Көбінесе үлкен жүк көліктері жолдарды зақымдап, олардың пайдалану мерзімін қысқартады. Алғашында автокөліктерді автоматтандырылған өлшеу жүйесі Астана маңында орнатылған болатын. Бүгінгі таңда бұл жүйе өз тиімділігін көрсеткендіктен, басқа өңірлерде де орнатылып жатыр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу