Мұғалімдерді аттестаттау процесі автоматтандырылады — Ғ. Бейсембаев

4 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Ғани Бейсембаев мұғалімдердің кәсіби сапасын және білім жүйесіндегі менеджментті жақсартуға қатысты тапсырмасын орындау барысы бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндады.

Бірінші кезекте Ғ. Бейсембаев мұғалімдерді аттестаттау қалай жүргізілетіні туралы айтты.

«Мұғалімдердің кәсіби деңгейі аттестаттау кезінде анықталады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес аттестаттау рәсімі 3 кезеңнен тұрады: біліктілікті бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау, білімді бағалау», — деді оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы.

Сонымен қатар мұғалімдердің электронды және қағаз нұсқаларында көптеген құжаттар жинауы, аттестаттау комиссиясының ұсынылған құжаттарды ұзақ уақыт қарауы, тест тапсырмаларының сапасы сынды белгілі бір проблемалар бар. Тағы бір мәселе – аттестаттау кезінде объективтілік, ашықтық және академиялық адалдық қағидаттарын сақтау.

«Осы мәселелерді реттеуде аттестаттау процесін автоматтандыру негізгі құрал болады. Қарапайым тілмен айтқанда, аттестаттау «бір батырманы басу» қағидаты бойынша жүргізіледі. Яғни, мұғалім аттестаттаудан өтуге ниетті екенін растайды, ал аттестатталушының жеке құжаттары мен оның біліктілік деңгейін анықтайтын тиісті материалдар автоматты түрде жинақталады және нәтижелерін қысқа мерзімде қорытындылайтын ақпараттық жүйемен талданады», — деді Ғ. Бейсембаев.

Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес педагог қызметінің жоғары кәсібилігі мен жетістігін оқушылардың нәтижелі көрсеткіштерімен тікелей байланыстыруға басымдық беріледі. 

Педагогтердің аттестациядан өту аралық мерзіміне сәйкес зейнеткерлік жасқа  дейін 5 жыл қалған педагогтерді, егер олар жұмысын әрі қарай жалғастырмайтын жағдайда,  аттестаттау рәсімінен босату қарастырылады. 

Сондай-ақ аттестаттауды тестілеу рәсімі жетілдірілетін болады. Жұмыс тобы біліктілік санатына байланысты жоғары, орта, төмен деңгейдегі тапсырмалардың пайыздық арақатынасын кезең-кезеңімен арттыра отырып, мұғалімдердің пәндік білімін бағалауды ұсынады. «Педагогтің кәсіби құзыреттілігін диагностикалау» бағыты бойынша педагогикалық мамандықтардың түлектеріне, Педагогтің кәсіби қызметіне алғаш рет кірісетін және жұмыс өтілінде үзіліс алған адамдарға тестілеу жүргізу ұсынылды.

Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту мақсатында Президенттік Жастар кадрлық резервінің моделі бойынша білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысын іріктеу және даярлау бағдарламасы жұмыс топтарында талқыланды. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтығы, жоғары білімі және кемінде 3 жыл педагогикалық өтілі бар педагогтерді немесе басшылардың орынбасарларын тарту көзделген.  

Республикалық кадр резервіне даярлаудың және енгізудің 3 кезеңі – «іріктеу», «дайындықтан өту», «кадрлық резервке енгізу» айқындалды.

Әр модульден өткеннен кейін аралық бағалау жүргізіледі. Қорытынды бағалау нәтижелері бойынша педагогтерге жетекші мектептер базасында тағылымдамадан өту ұсынылады.

Осылайша, 2024 жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың, білім берудегі өзгерістер көшбасшыларының кадрлық резерві толықтырылатын болады. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде соғылатын білім мекемелерін қажетті басшыларымен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешім табуына ықпал етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу