ҚР Президентінің тапсырмаларын іске асыру: ИИДМ бірқатар бағыт бойынша жедел шаралар қабылдады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. АЭА тиімділігін арттыру шаралары туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне талдау жүргізілді, тиісті Жол картасы әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы заңға түзетулер топтамасы дайындалды», — деді отырыс барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. 

Заңнамалық деңгейде мына өзгерістерді енгізу ұсынылады:

Біріншіден. Инвестициялардың көлеміне, салық түрлеріне және өнімнің күрделілігіне байланысты жеңілдіктер мерзімдерін саралау.

Екіншіден. Арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының өзіне алған барлық міндеттемелерді орындау шартымен шарт мерзімі аяқталғаннан кейін жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін белгілеу.

Үшіншіден. Жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту.

Төртіншіден. Басым бағыттарды айқындау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау (өңдеуден басқасының бәрін алып тастау).

Реформа шеңберінде Басқарушы компаниялар тиімділігінің негізгі көрсеткіштері қайта қаралады. ҚР ИИДМ басқарушы компаниялардың кадрлық құрамын нығайту мақсатында мыналарды ұсынады:

  • Инвестициялық офицер лауазымын енгізу;
  • Директорлар кеңесінің құрамына инвестициялар тарту саласында тәжірибесі бар тәуелсіз директорлар, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өңірлік өкілдерін қосу;
  • Табысты шетелдік Арнайы экономикалық аймақтарда біліктілікті арттыру курстарын және тағылымдамаларды ұйымдастыру.

«Арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының құрылысын аяқтау мәселесі басым болып қала бермек, өйткені бұл инвесторларды тарту үшін қажетті негізгі шарттардың бірі», — деді Қ. Өскенбаев.

Үкімет отырысы барысында ҚР ИИДМ басшысы автокөлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін отандық зауыттарды тексеру бойынша атқарылған жұмыстар туралы да есеп берді.

«Біз Алматы, Қостанай және Орал қалаларындағы 3 зауытты араладық. Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында біз жұмыс комиссиясын құрдық, оның құрамына мемлекеттік органдар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ блогерлер кірді», — деді Қ. Өскенбаев.

Көшпелі тексерулерді ақпан айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар автоөндірушілердің алаңдарында ашық есік күндері өткізіледі. Автоөндірушілермен тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі модельдерді ұсақ торапты құрастыруға көшіруге және компоненттерді өндіруге назар аудара отырып, құжаттарды одан әрі қайта қарай отырып, өнеркәсіптік құрастыру туралы барлық келісімдерге талдау жүргізеді.

«Отандық кәсіпорындарды жергіліктендіруді ұлғайту мақсатында біз автокомпоненттерді өндіру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспарын әзірледік, сондай-ақ кейіннен бірлескен өндіріс құру және инвестициялар тарту үшін сертификатталған өнім берушілерді тарту мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді индустрия министрі.

Орта және жоғарғы шектегі өнімдерді құра отырып, тау-кен металлургия кластері мәселесі шеңберінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 12 негізгі жобаның тізбесін айқындады.

Бүгінгі күні алюминий радиаторлары, профильдер, созба сым, автомобиль дискілері, аккумуляторлар, тамақ банкілері және терең өңдеуге бағытталған басқа да өнімдер сияқты терең қайта өңдеу тауарларын өндіру бойынша 12 жаңа негізгі жобаның тізбесі айқындалды. Негізгі металдарға әлемдік сұраныс өсуде.

Отырыс барысында Қайырбек Өскенбаев екі жаңа зауыт салу қажеттігін де атап өтті.

«Біздің елімізде бүгінгі күні экспортқа бағытталған глинозем және мыс концентраты бойынша үлкен шикізат әлеуеті бар (экспорт: глинозем – 830 мың т, мыс концентраты – 1100 мың т). Қазір біз ел ішінде өндірілетін барлық глинозем мен мыс концентратын өңдейтін жаңа электролиз және мыс балқыту зауытын құру мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді министр.

ҚР ИИДМ Президентінің тапсырмасын орындау бойынша пайдалануға берілген көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің барлығын тексеруді жоспарлап отыр.

«Ақпан айының соңына дейін әкімдіктер тиісті объектілер тізімін жасайды. Наурыз айының соңына дейін статистика органдарымен және әділет министрлігінің деректер базасымен салыстырып тексеру жүргізілетін болады. Жұмыс қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленеді», — деді министр отырыс барысында.

ҚР ИИДМ аумақтардың құрылыс салу жоспарларын ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылым қуаттарын ұлғайту мәселесі бойынша қала құрылысы құжаттамасының нормативтеріне сәйкес тіршілікті қамтамасыз ету көздеріне деген қажеттілік есебін дайындады. 2025 жылдың соңына дейін 70 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.

«Бұл көлемді іске қосу үшін 1,5 ГВт электр энергиясын, 2,9 мың Гкал/сағат жылу энергиясын, 3,3 млрд м³ табиғи газ, 887 мың м³ сумен жабдықтау, сондай-ақ 749 мың м³ су бұру қажет болады. Бұл есеп салалық тұжырымдаманы әзірлеу кезінде электр энергиялары мен қуаттарының 2022-2025 жылдарға арналған болжамды теңгерімін қалыптастыру үшін Энергетика министрлігіне жіберілді. Бұл ретте, қазір біз әкімдіктермен бірлесіп, энергия ресурстарына деген қажеттілікті анықтаймыз», — деді министр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекелі дамыту бойынша шаралар әзірледі.

Реформалар 3 негізгі бағыт бойынша ұсынылады:

- үлестік құрылысқа қатысуды реттеу;

- жер беру және құрылыс салуды жоспарлау;

- мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жер кодексіне және «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

Өзгерістер жер учаскелерін конкурстан тыс беруді болдырмауды, заңнаманы айналып өтуге жауаптылықты күшейту және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды анықтау арқылы үлестік құрылыстағы талаптарды жетілдіруді көздейтін болады.

Мемлекеттік сатып алу бөлігінде мыналар ұсынылады:

- тендер кезеңінде материалдық ресурстарды көрсете отырып, жұмыс жүргізу жобаларын ұсыну міндеттемесін енгізу;

- конкурсқа қатысу үшін сатып алудың шекті сомасын белгілеу, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша төленген салықтар көрсеткішінің ара-жігін ажырату;

- қосалқы мердігерлік бөлігіндегі өзара қарым-қатынастарды әкімшілендіру.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлескен жұмыс аясында осы жылдың 15 наурызына қарай ҚР ИИДМ жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялауға өтінімдер қабылдау бойынша цифрлық платформаның тесттік нұсқасын іске қосуды жоспарлап отыр.

«Платформа электондық цифрлық қолтаңба көмегімен өтінім беруді және өтінім берушінің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Тексеру ЦДИАӨМ, ӘМ, Мемлекеттік кірістер комитеті, БҒМ, ЕХӘҚМ мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялау жолымен жүзеге асырылады. Өтінімдерді қабылдауды 5 сәуірден бастауды жоспарлап отырмыз», — деп ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өз сөзін қорытындылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу