Бюджеттің орындалуы, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл және жаңа Салық саясаты

Қазақстанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша бюджет 100%-ға атқарылды. Мемлекет барлық қабылдаған міндеттемесін, ең алдымен әлеуметтік міндеттемелерді іске асырды.

Жалпыға бірдей декларациялау – көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған. Әділ салық салуды және әлеуметтік саясатты жетілдіруді қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі – барлығы өз табысына сәйкес салық төлеуі тиіс, мемлекет халықтың нақты табысын көріп, әлеуметтік саясатты жақсырақ құра алатын болады.

Жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңмен енгізіледі және еліміздің барлық халқын қамтиды. 2025 жылы қорытынды кезең болады және активтер мен міндеттемелер туралы кіріс декларациясын азаматтардың қалған бөлігі, шамамен 6,4 млн адам (жеке құрылымдардың жалдамалы қызметкерлері, зейнеткерлер, студенттер, жұмыссыздар) тапсырады.

Анықтама: 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. Шамамен 580 мың адам. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары. 2 млн-нан астам адам. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. Шамамен 4 млн адам.

Сонымен қатар «мобильді төлемдер» деген ұғым бар. Бұл кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде қолма-қол жасалмайтын төлемдер (карталармен, QR-код арқылы). Мобильді аударымдар да бар. Кейбір кәсіпкерлер тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Бұл ретте бақылау-кассалық машиналар, POS-терминалдар және QR-кодтар пайдаланылмайды. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтарына қысым жасалады.

Мобильді аударымдарды тексеру мұндай кәсіпкерлердің табысын көлеңкеден шығаруға бағытталған. Мемлекет барлық мобильді аударымды тексермейтінін атап өткен жөн. Тексеруге белгілі бір критерийлерге түсетіндер ғана жатады. 

Бұл ретте кәсіпкерлер табысын жасыру үшін «көлеңкелі бизнеске» кетіп қалмайды. Қазір салық міндеттемелерін адал орындау әлдеқайда тиімді. Заңнамада микро және шағын бизнеске жеңілдікпен салық салу үшін жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, қызмет түріне байланысты олар үшін салық мөлшерлемелері 1%-дан 4% -ға дейін құрайды.

Салық салу режимін «e-Salyk Business» мобильді қосымшасы арқылы таңдауға болады, онда салықтарды, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу автоматты түрде жүргізіледі.

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында қабылданып жатқан шаралар оның деңгейін 2018 жылғы жалпы ішкі өнімге шаққанда 27%-дан 19%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді (2022 жылдың қорытындысы бойынша). Мұндағы басты міндет – көлеңкелі экономика үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін – 2025 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда кем дегенде 15%-дан төмендету.

Бизнесті көлеңкеден шығаруға ынталандыру үшін заңнамалық жағдайлар жасаудағы үлкен қадам жаңа форматта бөлшек салық енгізу болды (кіріс жылына – 2,2 млрд теңге, жалдамалы қызметкерлер саны – 200 адамға дейін).

Қызмет түрлерінің тізбесі бөлшек саудаға және халыққа қызмет көрсетуге байланысты 190-нан 364-ке дейін кеңейтілген (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1240 қаулысы). Бөлшек салық қолданатын салық төлеушілердің қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтыны – осы режимнің ерекшелігі.

Заңнама талаптарының барлығын сақтайтын, оның ішінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша ғана жұмыс істейтін адал кәсіпкерлер қазірдің өзінде Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде салықтық бақылау саласынан шығарылады, кедендік рәсімдерді жасыл дәліз арқылы өтеді.

Жаңа Салық кодексі аясында сервистік бағдарланған әкімшілендіруді енгізе отырып, мұндай компанияларға қосымша ынталандыру шаралары ұсынылатын болады. Бұл төлемдер бойынша кейінге қалдыруды жеңілдету, қосылған құн салығын жедел қайтару және өзге де шаралар қарастырылған. Сондай-ақ бизнес шығындарын төмендету үшін келесі мәселелер пысықталуда:

  • POS-терминалға және QR-төлемдерге қызмет көрсеткені үшін эквайринг құнының төмендеуі;
  • кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру бойынша онлайн шоттар ашу мүмкіндігі бөлігінде екінші деңгейдегі банктердің төлем жүйелерін пысықтау;
  • мобильді банк қосымшасында кассалық (фискалдық) чекті қалыптастыру (Kaspi кассасына ұқсас) және кейіннен фискалдық деректер операторларының тізіміне енгізу мүмкіндігі үшін екінші деңгейдегі банктердің төлем жүйелерін жетілдіру;
  • қолма-қол ақшасыз жүргiзiлген төлемдер бойынша сатып алушылар үшiн кэшбектi немесе өзге де уәждеу құралдарын ұлғайту (QR-төлемдер, банк картасы және т.б.).

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төлемнің әртүрлі – банк картасы, QR-төлем немесе қолма-қол ақша тәсілдері қарастырылған («Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның 25-бабы). Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Барлық ақшалай есеп айырысу, соның ішінде қолма-қол ақша бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүргізілуі тиіс. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Ал декларацияны толтыруда қиындық туындаса, онда 1414 колл-орталығына (тәулік бойы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына (байланыстар мен мекенжайлар Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында көрсетілген) жүгінуге болады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде (YouTube, Tik Tok, VK) қадамдық бейне нұсқаулықтар бар. Бұл ретте егер қателер немесе дәлсіздіктер жіберілсе, онда азаматтар оларды Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоя алады.

Кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын жаппай тексеру бойынша, егер кәсіпкер барлық заңнама талабын сақтаса, оны ешкім тексермейді. Мемлекеттік кірістер комитетінде Тәуекелдерді басқару жүйесі жұмыс істейді. Тексерулер тек заңды бұзған және тәуекел аймағында жүрген кәсіпкерлерге қатысты жүргізілетін болады. Бұл ретте профилактикалық іс-шараларға және түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылады. Кәсіпкерлердің көлеңкеде қалмауы маңызды.

Айта кету керек, мобильді аударымдарды тексеру емдеу төлемдерін қамтымайды. Мұндай ақша жиналымдарына салық салынбайтынын түсіну маңызды, өйткені олар кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс емес.

Сонымен қатар блогерлер арасында донат ретінде халықтан ақша жинап отырғандар бар. Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарында 405 блогер тіркелген, олар 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 210 млн теңге сома салық төледі. Бұл блогерлер табыс тапқандықтан, оларды өздерінің декларацияларында көрсетеді. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң – 2023 жылдан бастап қолданыста, оған сәйкес әлеуметтік желілерде орналастырылатын жарнама таңбалануға жатады (бұл мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарына беріледі).

Жеке тасымалдаушылар мен курьерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» мобильді қосымшалары және кейбір екінші деңгейлі банктер («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жасауға болады. Салықтың мөлшерлемесі – табыстың 1%-ы (310 мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді).

Көптеген салық төлеуші, соның ішінде такси жүргізушілері қазірдің өзінде «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын пайдаланады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға онлайн режимде көрсетілген қызметтер үшін төлем түсетін кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады. Ол үшін тек смартфон қажет. Бақылау-кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ.

Жаңа Салық кодексі аясында «Платформалық жұмыспен қамту» жаңа салық режимін енгізу жоспарланып отыр, ол жеке тасымалдаушылардың (такси жүргізушілерінің) салық міндеттемелерін ЖК ретінде орындауын көздейді. 2025 жылдан бастап салық төлеу платформасы операторларына осындай онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін тасымалдаушылар үшін салық агенттері жүктелетін болады. Жалпы ахуал – монитроингте. Түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Ауылдық елді мекендерде интернет болмаған кезде фискалдық деректерді тіркеу және беру функциялары жоқ бақылау-кассалық машиналарды пайдалануға рұқсат етіледі (дербес бақылау-кассалық машиналар).

2025 жылдан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау тәртібі іске қосылады. Алайда бұл келесі жылдан бастап барлық азаматтың мобильді аударымдары тексеріледі дегенді білдірмейді. Азаматтардың барлық аударымы бақылауға жатпайды. Сондықтан кәсіпкерлік қызметті анықтау үшін өлшемшарттар әзірленді. Тексеру өлшемшарттарына үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады.

1 қаңтардан бастап кәсіпкерлерді тексеруге мараторий алынып тасталды. Жаппай тексерулер болмайды. Барлық тексерулер Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде тағайындалады. Жүйе жоғары тәуекелді салық төлеушілерге ғана назар аударады және адал бизнес тексеру орбитасына енбейді. Мұндағы мақсат – заңдарды түсіндіру, цифрлық шешімдерді енгізу арқылы рәсімдерді жеңілдету.

Жалпы 2023 жылғы Қаржы министрлігі жұмысындағы негізгі жетістіктер:

  1. Өткен жыл оңай болған жоқ, көптеген сын-қатер, соның ішінде бюджеттің жағдайына тікелей әсер ететіндер де болды. Қиындықтарға қарамастан, бюджет 100%-ға атқарылды. Осының арқасында мемлекеттің барлық қабылданған, бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелері іске асырылды және экономиканың тұрақтылығы сақталды.
  2. Бюджет тапшылығын 100% қаржыландыру және мемлекеттік борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру міндеті қамтамасыз етілді. Ол жалпы ішкі өнімнің 22,9%-ын құрады (27,2 трлн теңге), бұл 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген жалпы ішкі өнімге 32% лимиттен аспайды (01.01.2024 жылға арналған алдын ала деректер).
  3. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Бюджет кодексі әзірленді, оны қабылдау Парламенттің рөлін, Үкіметтің есептілігін күшейтуге, мемлекеттік органдардың дербестігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Кодекс жобасында бюджеттік қағидаларды қолдана отырып, үнемді және тиімді бюджеттік саясатты қамтамасыз ету, бюджеттік процесті оңайлату, блоктік бюджетті енгізу, нәтижелерді басқаруды қамтамасыз ету, Ұлттық қорды пайдалану мәселелері үшін негіз бекітілген.
  4. Жаңа Салық кодексі әзірленді, онда салықтық әкімшілендірудің сервистік моделін енгізу мәселелеріне басты назар аударылатын болады. Салық төлеушіге тіркеуден бастап оны есептен шығаруға дейін фискалдық көмек көрсетілетін болады. Салық есептілігі 30%-ға қысқарады және жеңілдіктердің кем дегенде 20%-ы күшін жоятын болады. Салықтық әкімшілендірудің бизнес-процестерін толық цифрландыру жүзеге асырылды. Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін 3 жылға жеңілдіктер берілетін болады.
  5. Азаматтардың төлем қабілеттілігі мен банкроттығын қалпына келтірудің заманауи институты құрылды. Соттан тыс банкроттыққа 78 мың өтініш түсті. 15 млрд теңгеден астам сомаға 8 мың азамат банкрот деп танылды.
  6. Сондай-ақ жылдың оң нәтижелерінің бірі «Ұлттық қор – балаларға» жобасының басталуы. Бүгінгі таңда заңнамалық өзгерістер күшіне енді, бұл 7 млн-нан астам жас қазақстандықтарға алғашқы есептеулерді алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте 300 мыңнан астам бала оқу ақысын төлеу және тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін биыл Ұлттық қордың қаражатын пайдалана алады.
  7. Экономикаға жеке капиталды тарту үшін Жекешелендірудің кешенді жоспары іске асырылуда. Ол 68%-ға орындалды. «Kegoc» АҚ акцияларының 5,6%-ы SPO-ға өткізілді (қараша айында). Сондай-ақ IPO/SPO-ға «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» (2024 ж.), «QazaqGaz» және «ҚТЖ» (2025 ж.) өткізу жоспарлануда. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бойынша мемлекеттің экономикадағы үлесі 2025 жылға қарай 14%-ға дейін төмендетілмек.
  8. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бүкіл сыртқы шекарасында «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі енгізілді, ол – шекарада көліктің жиналуы жағдайын реттеудің негізгі құралы және оның өту процесінің толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Кедендік бақылауды ақпараттық қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мақсатында 10 мемлекетпен, оның ішінде Қытай Халық Республикасы, Түркия, Өзбекстан және басқалармен тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы халықаралық келісімдер жасалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу