2030 жылға қарай балықтың табиғи популяциясы 7%-ға артады деп күтілуде – Ерлан Нысанбаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру тақырыбында баяндама жасады.

Министрдің сөзінше, балық саласы – экономикалық өсім және халықты жұмыспен қамту бойынша маңызды салалардың бірі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Балық саласы ерекше назар аударуға лайық» деп атап өтті. Өңірлердегі халықпен кездесу барысында Президент балық шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Осы орайда экология және табиғи ресурстар министрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. 

Бірінші кезекте Ерлан Нысанбаев Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін Маңғыстау облысында мемлекеттік табиғи резерват құруды тездетуге қатысты сөз етті. 2023 жылдың сәуірінде жаратылыстану-ғылыми негіздеме бекітілді. Оның негізінде қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Нәтижелерін осы жылдың соңында алынбақ. Резерват 2024 жылғы маусымда дербес заңды тұлға ретінде құрылатын болады.

Екінші мәселе ретінде экология және табиғи ресурстар министрі Каспий теңізінде заңсыз балық аулаудың жолын кесу жөніндегі жұмысты жандандыру туралы айтып берді.

«2023 жылдың наурызында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Жайық-Каспий бассейнінің акваториясында браконьерлікпен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен жоспарды бекітті. Жоспар аясында бірлескен рейдтер жүргізіліп, теңізде бақылау күшейтілді», — деді Е. Нысанбаев.

Нәтижесінде 691 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 13 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, 46 қылмыстық іс қозғалды. Қорғауды күшейту үшін Жайық-Каспий инспекциясының материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Өңірде браконьерлікпен күрес жұмыстары жалғасуда.

Одан кейін Атырау қаласындағы мемлекеттік бекіре зауытының өндірістік базасын жаңғырту туралы айтылды. Министрдің сөзінше, 2023 жылдың наурызында Экология және табиғи ресурстарминистрлігі тиісті Жол картасын бекітті. Зауыт құрылыстарының тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізілді, биологиялық негіздеме әзірленді. Маусым айында зауытты дамыту тұжырымдамасы және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге техникалық тапсырма бекітілді. 

«Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурс өткізіліп жатыр. Жеңімпазды анықтап, шарт жасасу осы жылдың қараша айының соңына жоспарланған», — деді Ерлан Нысанбаев.

Төртінші мәселе бойынша балық саласын мемлекеттік қолдауға қатысты айтылды. Министрдің мәлімдеуінше, 2023 жылғы қыркүйекте Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына несиелеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін, су беру және балық өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын енгізу бойынша өзгерістер, сондай-ақ балық бойынша инвестициялық жобаларға бюджеттік несие беру мүмкіндігі енгізілді. 

Сонымен қатар балық ресурстарын сақтау және молайту, кәсіпшілік балық аулауды дамыту және балықты қайта өңдеу жөніндегі шаралар қосылды. Оған қоса осы жылдың қараша айында Парламент Мәжілісіне бизнесті мемлекеттік қолдауды кеңейтуге құқықтық негіз болатын «Акваөсіру туралы» заң жобасын енгізу жоспарланған.

Келесі айтылған мәселе итбалықтар мен балықтардың қырылу себебін анықтау мақсатында Каспий теңізінің акваториясы мен жағалауын тексеру үшін балық қорғау инспекциясын жарақтандыру бойынша болды.

«Бұл үшін 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат аясында осы жылдың соңына дейін теңіз кемесін сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін автокөліктер, қайық қозғалтқыштары, ұшу аппараттары, түнгі көру құралдары және байланыс пен навигация құралдарымен жабдықтау жоспарланған», — деді Ерлан Нысанбаев.

Алтыншы мәселе балық өсіру мақсатында учаскелерді бөлу үшін Жер кодексіне түзетулер енгізу мәселесін пысықтау жөнінде болды. Экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, Парламент Мәжілісіндегі Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында аталған кодекске бірқатар өзгеріс көзделген. Сондай-ақ осы кодекске және «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңға қосымша түзетулер пысықталып жатыр. 

Одан кейін өңделмеген балық экспортына шектеулер енгізу бойынша айтылды. 2023 жылдың наурызында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен көксерке мен жайын балығын өңделмеген түрде 6 ай мерзімге шығаруға тыйым салынды. Содан кейін енгізілген шектеулердің тиімділігіне талдау жасалды. Бұл шара балық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты бүгінде тыйым салуды қайта енгізу мүмкіндігі қаралып жатыр.

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев саланың қазіргі жай-күйін және Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларға тоқталып өтті.

«Балық шаруашылығындағы негізгі іс-шаралар – балық аулау және акваөсіру. 2023 жылдың 10 айындағы балық шаруашылығының көрсеткіштері келесідей: 34,9 мың тонна балық ауланып, 13,2 мың тонна балық өсірілді, 15,6 мың тоннасы экспортталып, 32 мың тонна балық импортталды», — деді Ерлан Нысанбаев. 

Балық саласының өсуі негізінен акваөсіру болып саналады. Үкімет осыны ескеріп, 2021 жылғы сәуірде Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіріліп, ішкі тұтыну жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайып, балықтың табиғи популяциясы 7%-ға артады деп күтілуде.

«Бағдарлама аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде саладағы бизнестің іскерлік белсенділігінің өсуі байқалуда. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есеге артып, 383-ке жетті. Балық өсіру 9 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін өсті», — деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Министрдің сөзінше, саланы табысты дамытудың маңызды факторы – бизнесті субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде бастапқы кезеңде қолдау. Бүгінгі таңда балық өсірудің бірқатар бағытын субсидиялау көзделген. Бұл күрделі салымдарға, техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгіқұрамдас бөліктерге, атап айтқанда, жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алуға арналған шығындарды өтеу.

2023 жылы субсидиялауға 4,1 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Салалық бағдарлама аясында жыл сайын субсидиялауға бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғаятын болады. Сондай-ақ бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр, олардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:

  1. өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді;

  2. кәсіпшілік су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру жеңілдетілді;

  3. балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды;

  4. балық өсіру тоғандарын жобалық-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей-ақ, тек эскиздік жобалар негізінде салуға мүмкіндік берілді.

Жалпы мыңнан астам жаңа шаруашылық құру көзделген, олардың 21-і өте ірі болмақ, ондағы инвестициялардың жалпы сомасы – шамамен 74 млрд теңге және балық өндіру көлемі – 15 мың тонна, жұмыс орнынының саны – 200-ден астам. Соңғы жылдары балық шаруашылығына жеке инвестициялардың тұрақты өсуі байқалуда. Айталық, 2021 жылы 6,1 млрд теңге инвестиция тартылса, 2023 жылдың 9 айында инвестиция көлемі 13 млрд теңгеден асты.

Экология және табиғи ресурстар министрінің мәлімдеуінше, жаңа өндірістер құру және жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды кеңейту арқылы акваөсірудің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «Акваөсіру туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасының негізгі міндеттері: акваөсіру субъектілері үшін құқықтық негіздер құру, экономикалық жағдайлар жасау және мемлекеттік қолдау көрсету, ғылыми және кадрлық тұрғыдан қамтамасыз ету. Заң жобасын Парламент Мәжілісіне 2023 жылдың қараша айының соңына дейін енгізу жоспарланып отыр.

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев балық аулау мәселелеріне көшті. Бұл салада 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар 20 және жергілікті маңызы бар 3 мыңнан астам су айдыны бар. Бүгінгі таңда балық аулаумен 1 300-ден астам адам айналысады, оларға 2 мыңнан астам су айдыны мен учаскесі бекітіліп берілген. 2023 жылдың 10 айында олар шамамен 35 мың тонна балық ауланды.

Кәсіптік балық аулау негізінен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында жүргізіледі. Соңғы 5 жылда азаматтар өздеріне алған міндеттемелер аясында саланы дамытуға өз қалтасынан 10 млрд теңгеден астам қаражат салды.

Сонымен қатар балықты терең өңдеуге жағдай жасау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды. Бұл ретте қосымша тағы қазақстандық 13 кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді. 

«Экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай елінің тізіміне қазақстандық 65 кәсіпорын енгізілді. Отандық балық өңдеу кәсіпорындарынан әлемнің 21 еліне балық өнімдерінің 100-ден астам түрі жіберіледі, олардың ішінде ең ірі тұтынушылар – Ресей, Германия, Нидерланды, Литва және Қытай елдері», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ, министрдің сөзінше, балық аулауды және өңдеуді жүзеге асыратын субъектілер үшін қосылған құн салығы төмендетілді, сондай-ақ тереңдетіп қайта өңдейтін балық өнімдерін субсидиялау енгізілуде.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдап жатыр. Ең алдымен ол – браконьерлікпен күрес. Осы жылдың басынан бастап 4 812 бұзушылық анықталып, 69 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, 52 млн теңге сомаға талап-арыздар қойылды, 76 қылмыстық іс қозғалды. Балықтардың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Мәселен, батыс өңірде жыл сайын «Бекіре» балық қорғау акциясы, ал қалған өңірлерде «Уылдырық шашу» табиғат қорғау акциясы өткізіледі.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, бұл үшін маңызды шаралардың бірі – балық инспекцияларын қайта жарақтандыру. Мәселен, 2021-2023 жылдары 48 автокөлік және 14 жүзу құралы, 356 киім-кешек жиынтығы, 327 планшет, 327 бейнекамера және 147 рация сатып алынды. 2023 жылы осы мақсаттарға 1,9 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың соңына дейін бір теңіз кемесін, 4 қайық, 28 автомашина, 35 қарда жүретін көлік пен квадроцикл, сондай-ақ өзге де байланыс және навигация құралдарын сатып алу жоспарланып отыр.

«Балық қорғау іс-шараларымен қатар, жыл сайын су айдындарының балық ресурстарының өсімін жасанды молайту бойынша шаралар қабылданады. 2023 жылы құнды балық түрлерінің шамамен 100 млн дана шабағы өсіріліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25%-ға артық», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Министрдің мәліметіше, 2022 жылы жалпы сомасы 120 млн теңгеге үш мемлекеттік балық өсіру кәсіпорны үшін 5 жүзу құралы, 7 автокөлік және 12 балық өсіру жабдығы сатып алынды. Бұдан бөлек, биылғы 1 шілдеден бастап осы кәсіпорындардың негізгі салалық қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 100% қосымша төлем белгіленді. Осы мақсатқа бюджеттен 70 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарын сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар балық түрлерін қолдан өсіруге қайта бағдарлау, атап айтқанда, арал пілмайы мен арал қаязының аналық үйірлерін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мақсатында Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасында балық шаруашылығын жүргізуді оңайлату және әкімшілік кедергілерді жою бойынша бірқатар өзгеріс көзделген.

Мәселен:

  • биологиялық негіздемелерге мемлекеттік экологиялық сараптаманы алып тастау және су айдындарын қайта бекіту рәсімдерін жою;

  • жергілікті маңызы бар су айдындарында жыл сайын емес, үш жылда бір рет ғылыми зерттеулер жүргізу;

  • инвестициялық жобаларды іске асыру үшін су айдындарын конкурссыз бекіту; 

  • су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарына қызмет көрсету нысандарын салуға рұқсат беру;

  • бекітілген су айдынына іргелес жерлерді балық өсіру нысандарын орналастыру үшін конкурстық рәсімдерсіз беру қарастырылған.

«Қабылданып жатқан шаралар саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады, балық өнімдерін өндіру мен экспортын өсіруді және жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың балықты тұтыну деңгейінің өсуіне әкеледі», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Баяндама соңында министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау, Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру жөнінде шаралар қабылдау жалғасатынын айтты.

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мәселен, биыл Абай облысы Семей орманы резерватында болған өрттің әдейі жасалауы мүмкін бе, деген сауалға жауап берді.

«Абай облысындағы орман өрті бойынша мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің арасынан құрылған арнайы комиссияның қорытындысы бар. Онда өртке себеп найзағай деп нақты айтылған. Найзағай түскен ағаш дәлелі бар. Біз ресми нұсқаны ұстанамыз. Қасақана өртеуге қатысты тергеу нәтижелерін күтейік, содан кейін түсінікті болады. Біз ормандардың әдейі өртеніп жатқаны туралы әңгімелерді үнемі естіп жатамыз», — деді Ерлан Нысанбаев ОКҚ-де өткен брифингіде.

Экология министрінің айтуынша, соңғы 30 жылда қасақана өртеу фактілері тіркелді.

«Біз оны жасырмаймыз, бірақ соңғы жылдары жаз өте құрғақ болды және табиғатты қорғау кәсіпорындары наурыздан қазанға дейін қарбалас режимде жұмыс істейді. Статистика көрсетіп отырғандай, өрттің 70%-ы далалық жерде тіркеледі. Одан бөлек найзағай себеп. Менің тәжірибемде Семей облысында жұмыс істеген кезімде тәулігіне 25 найзағай болуы мүмкін еді», — деп толықтырды ведомство басшысы.

Сонымен қатар киіктердің мүйізін шетелге сату жоспарланып отырғаны туралы айтты. 

«Киік мүйіздері фармацевтикадағы дәстүрлі компонент әрі Шығыс елдеріндегі, негізінен Қытайда дәрі-дәрмектердің құрамдас бөлігі саналады. Бүгінде киік мүйіздерін экспорттауға мүмкіндігіміз жоқ. “СИТЕС” сирек кездесетін жануарларды қорғау жөніндегі халықаралық ұйымы жекелеген жануарларды қолдануға (оның ішінде киік те бар) тыйым салды», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министр бүгінде Женевада киіктердің мүйізін пайдалануға тыйым салуды алып тастау туралы мәселе талқыланып жатқанын айтты. 

«Рұқсат алу мерзімі – 2025 жылдың басы. Бүгінгі таңда киіктердің санын реттеуден алған барлық мүйіз таңбаланып, “Охотзоопром” мамандандырылған кәсіпорнының арнайы үй-жайларында сақталады. Қазір киіктердің мүйіздерін сатпаймыз, бірақ болашақта киіктердің мүйіздерін сыртқы нарыққа сатуды жоспарлап отырмыз», — дейді ол.

#Президенттің тапсырмасы #Экология #Экология министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу