Қауіпсіздік мәдениеті – ТЖМ жаңа тұжырымдама әзірлеп жатыр

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндама жасады.

«Бүгінгі брифинг құтқарушылардың кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келді. Құтқарушылар күні төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға тікелей қатысатындардың барлығын біріктіретін шын мәнінде жалпыхалықтық күн болды. Барлық құтқарушыны мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, амандық, біздің қиын қызметімізде жаңа жетістіктер тілеймін», — деді министр сөз басында.

Оның сөзінше, қазіргі заманғы азаматтық қорғау жүйесі 1995 жылдың 19 қазанынан бастау алады. Бүгін азаматтық қорғау органдарына 28 жыл толды. Осы уақыт ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа сындар мен қауіп-қатерлерге нық тұрып келді. Адамдарды қорғау және құтқару ісінде айтарлықтай баға жетпес тәжірибе жинады.

«Ширек ғасыр ішінде елдің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ-ның алдын алуға мүмкіндік беретін бірқатар ірі жоба іске асырылды. Атап айтқанда, су тасқынына қарсы Көксарай және Астана қарсы реттегіштері, Алматы облысының Талғар, Қарғалы өзендерінде селді ұстап тұратын бөгеттер салынды. Ақсай, Аюсай, Қорғас өзендерінде төрт инвестициялық жоба іске асырылуда, олардың аяқталуы 2025 жылға жоспарланған», — деді Сырым Шәріпханов. 

Сондай-ақ бір жарым мыңға жуық өрт-құтқару автотехникасы сатып алынып, 30-дан астам өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Кәсіби кадрларды даярлау жұмыстары – жүргізілу барысында. 

Азаматтық қорғау академиясының қабырғасынан 5 мыңнан астам маман шығарылды. Осы жылдан бастап алғаш рет курсант қыздарды оқуға алуды пысықталды. Қазір азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өрт сөндірушілер күн сайын өрттен адам өмірін сақтау арқылы адамдарды құтқару ісіне үлкен үлес қосуда.

Жедел-құтқару жасақтарына келсек, олар ел аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізеді. Кинологиялық бөлімшелер мен ведомствоның қызметтегі иттері жоғалған туристер мен адамдарды іздеуге қатысады.

«Әскери бөлімдеріміз төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қатысады. Жыл сайын Төтенше жағдайлар министрлігі тексеруден өтеді», — деді Сырым Шәріпханов.

Ірі құтқару операцияларының ішінде мыналарды атап өтуге болады: Түркия мен Ауғанстанда болған ауқымды жер сілкіністерінің салдарын жоюға қатысуы.

1990 жылы Зайсандағы, 2003 жылы Жамбыл облысының Луговая станциясындағы жер сілкіністері, Қызылорда және Қарағанды облыстарының аумақтарындағы зымыран апаттарының, Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы оқ жарылыстарының, Мақтаарал ауданындағы су тасқынының, Риддер қаласы, Қостанай және Абай облыстарында болған орман өрттерін сөндіруге қатысулары.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, 28 жыл ішінде құтқарушылар төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1,5 млн-нан астам шақыртуға барды. Олардың кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 400 мыңнан астам адам құтқарылды, 380 мыңға жуық адам түрлі ТЖ аймақтарынан эвакуацияланды, 70 мыңнан астам азаматқа медициналық көмек көрсетілді.

Биылғы 9 айда 9 мыңға жуық адам құтқарылды, ТЖ аймағынан 9 мыңнан астам адам эвакуацияланды, зардап шеккендерге 3,5 мыңнан астам алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Барлығы 60 мыңға жуық шақырту орындалды. Осы жылдың 9 айында 9 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелді, 1,5 мыңға жуық азамат зардап шекті, 539 адам қаза тапты. Материалдық шығын шамамен 171 млрд теңгені құрады.

«Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою саласындағы мәселелерге ерекше назар аударуда. Қауіпсіздік кеңесімен, Үкімет аппаратымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өрттерге ден қою алгоритмі әзірленді», — деді С. Шәріпханов.

Жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары, Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары бекітілді, оның аясында табиғатты қорғау және орман мекемелерін жарақтандыру 100%-ға, ТЖМ-нің материалдық-техникалық деңгейін 95%-ға дейін нығайту жоспарлануда.

Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісім бекітілді, оған сәйкес орман өртінің туындағаны туралы алғашқы хабарлама бойынша жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімшесінің кезекші қарауылын сөзсіз тәртіппен жөнелту жүзеге асырылады.

Төтенше жағдайлар министрлігі орман өрттерімен қатар, маусымдық төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударады. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол карталарын іске асыру, сел, көшкін және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары өзінің тиімділігін көрсетуде.

Сондай-ақ маусымдық төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдері жыл сайын Үкіметтің, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның, облыстық және аудандық комиссиялардың отырыстарында қаралады.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, практикалық дағдылар жыл сайынғы оқулар мен командалық-штабтық жаттығулар аясында пысықталады. Бүгінгі таңда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Соңғы үш жылда республика бойынша 65 тұрғын үй, 121 мектеп, 90 денсаулық сақтау нысаны, 40 мектепке дейінгі мекеме және 33 қоғамдық-өндірістік ғимарат сейсмикалық жағынан күшейтілді.

2020 жылдан бастап Алматы қаласында қатты жер сілкінісі туралы халықты ерте хабардар етудің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы жүйенің бірінші кезеңде 11 станция орнату жұмыстары аяқталды. Осы жылдың соңына дейін тағы 17 станцияның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Кең ауқымды кешенді шараларды іске асыру үшін Сейсмология саласында кешенді жоспар әзірлеуге бастама жасалды, оны Мемлекет басшысы қолдады. Бұл сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көрсетілген салаларға цифрлық технологияларды енгізу, ғылыми-зерттеу орталығы бар авариялық-құтқару құралымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі іс-шараларды кезең-кезеңмен іске асыруға мүмкіндік береді.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу да – маңызды бағыт. Қазақстанда өнеркәсіптің жоғары қарқынының дамуымен елдің жекелеген өңірлерінде апаттар қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Биыл қауіпті өндірістік нысандарда 15 апат тіркелді, 27 адам зардап шекті, 9 адам қаза тапты. Негізгі себептер: өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бұзылуы, пайдаланылатын жабдықтың тозуы, өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі міндеттер кешенін іске асырады. Жыл сайын ауқымды төтенше жағдайлар кезінде және соғыс уақытында орталық және жергілікті атқарушы органдар мен санатталған ұйымдардың жұмысының тұрақтылығын арттыруға бағытталған профилактикалық бақылау жүргізіледі.

Оған қоса мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және сақтау да – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Жыл басынан бері Түркия Республикасына, Сирия Араб Республикасына және Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетілді. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша шаралар қабылдау үшін Абай және Маңғыстау облыстары үшін материалдық құндылықтар шығару жүзеге асырылды.

«Негізгі қызмет мәселелермен қатар, халықтың “қауіпсіздік мәдениетін” арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Бүгінде еліміздегі тіршілік қауіпсіздігі негіздерін зерделеу білім берудің барлық деңгейінде жеңілдетілді. ТЖ кезіндегі іс-қимылдарды оқыту жүйелі сипатта және оқудың барлық кезеңінде жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты біз қоғамның қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың жалпыұлттық тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз, оны іске асыру халықтың ТЖ кезінде жеткілікті дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Сырым Шәріпханов.

Жаңа қауіптер мен сын-қатерлердің пайда болуы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі төтенше жағдайлар жүйесінің рөлі мен орнын қайта қарастыруды талап етеді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігін трансформациялау жұмыстары басталды. Ең алдымен, ТЖ салдарын жою жүйесінен олардың алдын алуға, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қою дайындығын арттыру арқылы тәуекелдерді азайтуға көшу көзделеді.

«Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын әзірледі, оны қабылдау төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді», — деді министр Сырым Шәріпханов.

#ҚР ТЖМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу