Еревандағы ЕҮАК отырысы: Еуразиялық «бестік» көшбасшылары қандай келісімге келді  

2022 жылғы 20-21 қазанда Армения астанасында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ереванда ЕҮАК-тің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысып, Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурянмен кездесті.

Шараға Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, сондай-ақ ЕАЭО бақылаушы мемлекеттерінің өкілдері, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов және Куба Республикасының елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья қатысты.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперациялық жобаларды қаржыландыру көздері мен тетіктерін, Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою, Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер кедергілерді жою жолында жүйелі және мақсатты түрде қадам басуда – Н. Пашинян

Отырысқа қатысушыларды құттықтаған Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қырғыз әріптестеріне Одақ органдарына сәтті төрағалық еткені, қазіргі күн тәртібін әзірлегені үшін алғыс айтып, барлығына сындарлы және табысты жұмыс тіледі.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылау барысында армян үкіметінің басшысы бірқатар өзекті міндеттерге назар аударды. 

Ол әлемдегі саяси шиеленіс пен күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарамастан, ЕАЭО елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдете отырып, интеграциялық күн тәртібін жүйелі түрде іске асырып жатқанын атап өтті.

«Биыл жаңа және үздіксіз жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз өзара саудада оң нәтижелер мен үрдістер бар деп сеніммен айта аламыз. ЕАЭО-ны қалыптастыру процесінде біз елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Ауқымды ортақ нарық құрылды, өзара сауда көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Арменияның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы осы жылдың қаңтар-тамыз айларында $2,8 млрд-қа жетті және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74%-ға артты. Бұл ретте Армения экспорты екі есеге, ал импорт 58%-ға ұлғайды. Сонымен қатар ЕАЭО-ның жалпы нарығы ұсынатын барлық мүмкіндіктермен ұлттық заңнамалардың ерекшеліктері мен талаптарын да сақтап келеміз. Қажет болған жағдайда жаңа сын-қатерлерге жауап ретінде өзіміздің ішкі нарықтарымызды қорғау шараларын қолданамыз», — деді Н. Пашинян.

Оның айтуынша, ЕАЭО кеңістігінде «төрт бостандықты» толыққанды іске асыру, қағидат пен интеграцияның басты идеясын қамтамасыз етуде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер кедергілерді жою жолында жүйелі және мақсатты түрде қадам басуда.

«Кедергілерді жою мәселесі – бұл ішкі нарықтың тұрақтылығы мәселесі. Ол өзінің өзектілігін жоғалтпайды. Бұл үздіксіз процесс, оның тиімділігі мен жеделділігі көбінесе Одаққа мүше мемлекеттер мен органдардың үйлесімді жұмысына, сондай-ақ ымыралы шешімдер қабылдауға дайындығына байланысты», — деді Н. Пашинян.

Сонымен қатар армян үкіметінің басшысы өнеркәсіптік сектор Одақтың экономикалық жүйесіндегі басты секторлардың бірі болып табылатынын тағы да атап өтті. Қазіргі экономикалық сын-қатерлер жағдайында өнеркәсіптік кооперация мен бірлескен өндірістерді дамыту, оның ішінде жоғары технологиялық салада, Одақ елдерінің бәсекеге қабілеттілігін әлдеқайда арттыруға мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, импортты алмастыруға бағытталған бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландырудың келісілген саясаты мен тетіктерін әзірлеу өз тауарларымыздың толыққанды бірыңғай нарығын құрудың басты шарттарының бірі болады. Сондай-ақ қаржы институттарының әлеуетін тарту және күш-жігерді біріктіру жақын арада Одақта практикада сұраныс бар өнімдер өндірісіне көшуге мүмкіндік береді.

Н. Пашинян тағы бір маңызды және өзекті бағыт электрондық сауда-саттық саласы екенін атап өтті. Оның үлесі үздіксіз өсіп келеді, өйткені қазіргі әлемде цифрлық платформаларды дамыту – бұл сөзсіз және тұрақты процесс. Тиісінше, электрондық сауда-саттық саласын тиімді фискалдық реттеу өзектілігі артуда. 

«Осы тұрғыда белгіленген елдегі салық салу қағидаттарына негізделген сенімді реттеу жүйесін құру мақсатында келісілмеген мәселелерді талқылай отырып, нормаларды тезірек қабылдау қажет деп санаймын», — деді Н. Пашинян.

Оның айтуынша, ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесі аясында Армения ақпараттық жүйелерді дамыту мәселелерін заманауи жолдармен шешуді қолдайды және осы процестерге барынша белсенді қатысуға дайын. Армения Премьер-Министрі ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытудың 2027 жылға дейінгі нысаналы бағдарламасында көзделген IT-саладағы жүйелі қадамдарды қалыптастыру аса қажет цифрлық шешімдерді қабылдау үшін стратегиялық негіз болатынына сенім білдірді.

ЕАЭО-ның энергетика саласындағы ортақ салалық нарықтарын қалыптастыруға келетін болсақ, армян үкіметі басшысының айтуынша, бұл – ЕАЭО шартының ережелерін орындау жөніндегі міндет қана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік секторды толыққанды дамыту үшін экономикалық интеграция әлеуетін және ресурстық платформаны іске асыру үшін де қажетті талапқа айналады.

«Осы тұрғыда біз Одаққа мүше барлық мемлекеттердің ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарт жобасының жекелеген ережелерін реттеу жөніндегі өзара түсіністік пен мүдделерін есепке алу негізінде сындарлы диалогқа дайынбыз, оны іске асыру мүше мемлекеттерге ортақ газ нарығының артықшылықтарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік береді. Олай болмаған жағдайда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер екіжақты шарттардың қолданылуы аяқталғанға дейін ортақ газ нарығының әлеуетін пайдалана алмайды. Әрине, бұл өте сезімтал тақырып және бәріміз кемінде, орта мерзімді перспективада баға мәселесін нақтылауымыз керек», — деді Н. Пашинян.

Одан әрі ол экология мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда парниктік газдарды азайту және көміртекті бейтараптық мәселелері экологиялық қана емес, сондай-ақ экономикалық сауда күн тәртібіне де еніп, экономикалық дамудың моделін тұтастай қайта қарау және неғұрлым тұрақты және төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі іс-қимылдарды жеделдету қажет екенін көрсетті. 

«Декларативтік арнадан неғұрлым практикалық арнаға көшу және өзара іс-қимыл тұрғысынан климаттық күн тәртібі шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы бойынша Жол картасының бірінші пакеті келісілгенін айтқым келеді. Климаттың өзгеруін азайту жөніндегі жаһандық іс-әрекеттерге қосқан үлесіміз ретінде біз Париж келісімінің ережелеріне сәйкес шығарындыларды азайту бойынша бірқатар іс-шараларды өз еркімізбен жүзеге асырып жатырмыз», — деді Н. Пашинян.

Сөз соңында Армения Премьер-Министрі армян тарапының Еуразиялық интеграцияны ілгерілету бойынша Одаққа мүше барлық мемлекеттермен белсенді өзара іс-қимылға дайын екендігін атап өтті. 

«Бүгін қабылданған шешімдер Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін. Бүгін үкіметаралық кеңестің биылғы соңғы отырысы өтіп жатқанын ескере отырып, 2022 жылда атқарған жүйелі және дәйекті жұмыс, нәтижелі ынтымақтастық үшін ризашылығымды білдіремін», — деп түйіндеді Н. Пашинян.

ЕАЭО шеңберінде цифрлық көлік дәліздерінің жобасы іске қосылды – А. Жапаров

«Сыртқы нарықтардағы сын-қатерлер мен шектеулер, жекелеген елдердің экономикалық Одақ бойынша әріптестерімізге қатысты санкциялық қысымы артып отырған жағдайда, біз сыртқы нарықтардағы қиындықтарды өтеу үшін ішкі нарықтарымызда бизнеске барынша қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Егер жеңілдететін сипаттағы шаралар қабылданбаса, елдер экономикасы әлдеқайда күрделі сын-қатерлерге тап болуы мүмкін», — деді Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысы барысында.

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің басшысы атап өткендей, сыртқы экономикалық қызметтің қазіргі қиын жағдайларын, логистикалық тізбектер мен қаржылық есептеулер трансформациясы, сондай-ақ Одақ бойынша стратегиялық әріптестерге көрсетіліп жатқан біржақты санкциялық қысымды ескерсек, ЕАЭО елдерінің экономикасы елеулі өзгерістерге ұшырауда.

«Ұлттық және Еуразиялық экономикалық одақ органдары деңгейінде қабылданған дағдарысқа қарсы тұрақтандыру шаралары өзінің тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өткім келеді, бұл нақты көрсеткіштермен расталады. Сыртқы қолайсыз факторларға қарамастан, жалпы одақтық ЖІӨ-нің күрт төмендеуіне жол берілген жоқ, ол 7 айдың қорытындысы бойынша 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейде сақталды», — деді Ақылбек Жапаров.

Қырғыз Республикасы Премьер-Министрінің айтуынша, өнеркәсіптік өндірісте оң көрсеткіштер байқалады. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 2022 жылғы қаңтар-тамызда 100,8% құрады.

Одақтың ауыл шаруашылығы өнімін өндірудегі әлеуеті нығайып келеді. ЕАЭО-да ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі осы жылдың қаңтар-тамызында 4,4%-ға ұлғайды.

Сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге құйылған инвестициялардың оң үрдісі байқалады, өсім – 6,6%.

ЕАЭО бойынша халықты жұмыспен қамту қызметтерінде тіркелген жұмыссыздар саны 28,2%-ға төмендеді, бұл ретте Одақ бойынша нақты жалақы өсіп келеді, деп атап өтті қырғыз делегациясының басшысы.

«Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Одақтың Қытай, Үндістан және АСЕАН елдері сияқты негізгі серіктестермен сыртқы сауда көлемі артып келеді. Мәселен, олармен сауда-саттық көлемі тиісінше 31,9%, 31,7% және 11,3%-ға өсті. Қазіргі шектеулерге қарамастан, Еуропалық одақпен сауда көлемі 28,4%-ға ұлғайды. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қырғыз Республикасының экономикалық даму серпіні де жақсы болып отыр. ЖІӨ 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға өсті», — деді Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы.

Осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қырғыз Республикасының ЕАЭО елдерімен тауар айналымы шамамен $2,5 млрд-ты құрады және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,0%-ға ұлғайды, бұл ретте экспорт $682,3 млн-ды, ал импорт – $1,7 млрд-ты құрады.

Айта кетейік, әлем бойынша экономикалық даму болжамдары көңіл көншітерлік емес. Алдағы жылдары өсу қарқынының күрт төмендеуі және әлемдік экономиканың рецессиясы орын алады деп күтілуде.

«Осыған байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын арттырға жағдай жасау жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобы әлемдік және өңірлік деңгейлерде экономикалық конъюнктураға тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын ұсынуы қажет деп санаймын», — деді А. Жапаров.

Ол биыл 9 айда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер бірлесіп экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнесті қолдау және одақтағы интеграциялық процестерді одан әрі дамыту үшін келісілген шараларды жедел қабылдағанын атап өтті. 

«ЕАЭО органдарының 55 шешімі, шаралардың 3 топтамасы қабылданды, оның қорытындысы бойынша 1310 тауар позициясы бойынша кедендік әкелу баждарының ставкалары уақытша жойылды – бұл азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, фармацевтикалық өнімдерді, машина жасау және басқа да тауарларды өндіруге арналған азық-түлік және шикізат тобының тауарлары», — деді Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің басшысы.

Сондай-ақ Қырғызстан Премьер-Министрінің айтуынша, дағдарыс жағдайында бизнесті қолдау және қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Одақтың бірқатар техникалық регламенттері бойынша талаптар жеңілдетілді.

«Бірінші қажеттіліктегі тауарлар мен сыни импорт тауарларының тапшылығын болдырмау үшін жеке тұлғалар үшін тауарларды бажсыз әкелу шегі 1000 евроға дейін ұлғайтылды. Одақ елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі, оның ішінде негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бірлескен индикативтік теңгерімдерді бекіту жолымен шараларды үйлестіру бойынша жұмыс күшейтілді. Биыл көктемде жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде біз азық-түлік тапшылығына жол берген жоқпыз. Дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу рәсімдері, сондай-ақ өндіріске арналған жабдықтар мен шикізат өнімдерін әкелудің техникалық рәсімдері жеңілдетілді», — деді қырғыз делегациясының басшысы, Премьер-Министр Ақылбек Жапаров.

Бұдан басқа, Одақтың ішкі шекараларында бақылау іс-шараларын барынша азайту, мүше мемлекеттердің транзиттік тартымдылығын арттыру, ЕАЭО аумағында тауарларды бақылауды және олардың заңды айналымын қамтамасыз ету үшін Одақта навигациялық белгілерді қолдану туралы келісімге қол қойылды.

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін транзиттік тасымалды жүзеге асыру кезінде кепілдік тетіктерін дамыту, қаржылық кепілдіктер мөлшерін азайту және кепілгерлік институтын дамыту бөлігінде жағдайлар жасалған. Тиісті келісімге биыл қол қойылды, деп атап өтті Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің басшысы.

«Жыл басында Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына қаратып айтқан сөзінде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етуінің басымдықтарын белгіледі, олар мыналарды қамтиды. Ең алдымен, бұл экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу, Одақтың ішкі нарығында «төрт бостандық» қағидатын қамтамасыз ету, өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік салалардағы ынтымақтастықты арттыру, импортты алмастыру жөніндегі бірлескен жобаларды әзірлеу және іске асыру, көлік инфрақұрылымын құру және дамыту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту қажеттілігі», — деп атап өтті Ақылбек Жапаров.

Қырғызстан Премьер-Министрінің айтуынша, биыл келісілген іс-қимылдардың нәтижесінде Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. 

Одақты дамыту және мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда-саттықты жүйелі арттыру үшін ұлттық, орталық банктер мен мүше мемлекеттердің үкіметтері үшін Одақ мемлекеттері мен шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы өзара есеп айырысулардағы ұлттық валюталардың үлесін ұлғайту жөніндегі ұсынымдар әзірленді, сондай-ақ ЕАЭО туралы шартқа кедендік әкелу баждарының сомаларын Одаққа мүше мемлекеттер арасында ұлттық валютада аудару мүмкіндігіне қатысты бөлігінде өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды.

«Мұқият пысықтап, біз «Еуразиялық агроэкспресс» секілді маңызды инфрақұрылымдық және көлік жобаларын іске асыруға негіз жасадық. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде азаматтық авиация саласында өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» және Одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі қабылданды», — деді ҚР Министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров.

А. Жапаровтың айтуынша, ЕАЭО-ға қатысушы елдер осы жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде арнайы комиссия құрып, өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларында кооперация және импортты алмастыру жөніндегі жұмысқа жаңа серпін берді.

«Импортты алмастыратын жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыру перспективасы – бұл жылдар бойы жүзеге асырылатын жұмыс, ал біз арнайы және демпингке қарсы баждардан алатын ресурстар осы бастаманы тұрақты іске асыру үшін аз болатынын атап өткім келеді. Тиісінше, қаржыландырудың неғұрлым тиімді және тұрақты тетіктері мен көздері қажет. Осыған байланысты Комиссияға қаржыландырудың баламалы көздерін және кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау нысандарын қалыптастыру мәселелерін қосымша пысықтауды ұсынамын», — деді Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы.

Сондай-ақ Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы инфрақұрылымдық жобалардың бірлескен пулын қалыптастыру тақырыбын қозғады.

«Бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыру тетіктері мен көздерін қалыптастырумен қатар, кооперациялық экожүйені әзірлеу мен дамытуды қолдау тетіктерін қалыптастыру үшін институционалдық негіз туралы да ойлануымыз керек. Ұлттық деңгейде мұндай институттар бар және интеграцияны одан әрі дамыту кооперациялық жобалар пулын қалыптастыру, инвестициялық жобаларды бағалаудың жалпы әдіснамасын әзірлеу, инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша ұсынымдар дайындау, өңірлерге инвестициялар тартуға және инвестициялық жобаларды дайындауға жәрдемдесу мандатымен осындай ұлттықтан жоғары институт құруды қажет ететіні сөзсіз», — деді А. Жапаров.

Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерге қарсы күрес күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі болып қалуда. 

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, соңғы 6 жылда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының бәрі ішкі нарықтағы проблемалар туралы айтты. Алайда, А. Жапаровтың сөзінше, кедергілер саны азаймай отыр. 

«Комиссияның тиімді жұмысын құру және оның функциялары мен құзыреттерін толыққанды іске асыру, сондай-ақ осы процеске ЕАЭО сотын тарту қажеттілігі туындағаны анық. Құқықтық және қаржылық әсер етудің неғұрлым тиімді, қатаң және пәрменді тетіктері туралы ойланатын кез келді», — деді ҚР Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров.

Еуразиялық экономикалық одақ үшінші елдермен халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Мәселен, Иранмен еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ұзарту туралы хаттама қабылданды, сондай-ақ Индонезия Республикасымен еркін сауда туралы келісім жасау бойынша келіссөзді бастау туралы шешім қабылданды. Шығыс және Оңтүстік Африканың Жалпы нарықтық бәсекелестік комиссиясымен бәсекелестік саясат және құқық қолдану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Мысырмен еркін сауда аймағын құру туралы келісім қол қоюға дайындық жұмыстары басталды. Біріккен Араб Әмірліктерімен келісім жасау бойынша келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр.

А. Жапаровтың айтуынша, өңірлік экономикалық интеграция, экономика және қаржы, көлік және тасымалдау, цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен, сауда саясаты және бәсекелестік саясат салаларындағы өзара іс-қимыл мақсатында осы жылдың 13 қазанында ЕЭК пен АӨСШК хатшылығы арасында меморандумға қол қойылды.

«Осы елдермен және ұйымдармен келіссөздер легін аяқтау нәтижесінде біздің өндірушілерге 2 млрд-тан астам тұтынушысы бар нарыққа есік ашылады. ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібін іске асыру мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйені дамытудың 2027 жылға дейінгі нысаналы бағдарламасы әзірленді. ИАЖ бірыңғай оператор институты енгізіліп жатыр», — деді Ақылбек Жапаров.

Сонымен қатар цифрлық көлік дәліздерінің жобасы іске қосылды. Көлік-логистикалық операцияларды қағаз жүзінде сүйемелдеуден бас тарту, көлік-логистикалық сервистер үшін бірыңғай стандарттар жасау және тасымалдаушылардан әкімшілік жүктеменің басым бөлігін алып тастайтын деректерді талдауға негізделген өтпелі интеграцияланған қадағалау жүйесіне көшу жоспарлануда.

Сондай-ақ «Шекарасыз жұмыс» жобасы аяқталды, оның аясында ЕАЭО-ның 4 мыңнан астам азаматы жұмыс тапты.

«Комиссия мен біздің үкіметтердің үйлесімді және нәтижелі жұмысын атап өткім келеді. Қырғыз Республикасының төрағалығына байланысты құрметті Садыр Жапаровтың үндеуін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруды Еуразиялық экономикалық комиссия жалғастырады деп ойлаймын», — деді Қырғызстан Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров.

Санкция жағдайында ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық байланыстар күшейе түсті – Р. Головченко

Бұл туралы Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко бүгін Ереванда өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы кезінде мәлімдеді.

«2022 жылы бұрын-соңды болмаған және ауқымды геосаяси оқиғалар орын алуда, бұл біздің ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымызға да әсер ететіні сөзсіз. Біздің қуанышымызға орай, бұл жағдай оң ықпал етіп жатыр. Еуразиялық экономикалық интеграцияның өзектілігі артып келеді, біздің одақ халықаралық беделге ие болып, өрескел араласу мен санкциялық қысымға қарсы қарқынды түрде дамып келеді. Біздің елдер арасындағы экономикалық қатынастар нығайып келеді», — деді Роман Головченко. 

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттері ортақ энергетикалық нарықтарды қалыптастыру саласындағы тәсілдерді әлі толық келіскен жоқ, деді Р. Головченко.

«Одақ құру туралы шарттың базалық мақсаттарын іске асыру жөнінде негізделген шешімдер қабылдау қажет. Бұл тең басқару шарттары, энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру, тауарлардың, қызметтердің, капиталдардың, жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Иә, күрделі мәселелер бойынша, атап айтқанда энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша әлі де келіспеушіліктер бар. Бірақ біз бұл жұмысты Одақтың барлық мүшелеріне жағатын шарттармен аяқтауға ниеттіміз», — деді Беларусь Үкіметінің басшысы. 

Сонымен қатар Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко ЕАЭО-ның энергия ресурстары нарығын қалыптастырудағы прогресс туралы мәлімдеді.

«Әділ шарттар негізінде энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру – ең маңызды мәселе. Біз де кеше оған көп уақыт бөлдік. Сұрақтар әлі шешілмегеніне қарамастан, үлкен жолдан өтіп, тараптар осы мәселе бойынша келіссөздердің бастапқы кезеңімен салыстырғанда, ұстанымдарын айтарлықтай жақындастырғанын айтқым келеді», — деді ол. 

Сонымен қатар Головченко тең басқару жағдайларын жасаудағы елеулі прогресті атап өтті. Оның айтуынша, өзара саудадағы кедергілерді жою бойынша біраз нәрсе жасалған. Ол барлық қалған мәселелер шешіліп, ЕАЭО елдері өзара сауда кезінде кедергілерге тап болмай, алып қою болмайтынына сенім білдірді.

«Тереңірек талдап, әрі қарай біздің кооперациямыздың идеологиясына мән беру керек. Бұл мемлекеттердің құзыреттерін дамыту және олардың жаңа заманауи тауарлар мен технологияларды жасаудағы синергиясы. Біз, Беларусь тарапының пікірінше, басқа біреудің өнімдерін бұрап құрастыру тұжырымдамасынан алшақтап, өз құзыреттерімізді дамытуымыз керек, олар өте көп. Сондықтан осы тұрғыда кеше осындай жобаларды қаржыландыру тетігі мәселелерін талқылағанымыз өте маңызды. Бұл мәселедегі позициялардың жақындығы жағдайды көрсетіп отыр», — деді ол. 

Оның пікірінше, Еуразиялық брендпен шығатын инновациялық өнім жасау бойынша жобалар көп болуы тиіс.

«Беларусь өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және кооперациялық байланыстарды дамыту мәселелерін қарау барысына қанағаттанды. Бірақ уақыт бізді тезірек қозғалуға мәжбүр ететінін атап өтеміз. Нақты жобалардың шексіз сараптамалық кеңестерде қалып қоюына жол бермеу керек», — деді Роман Головченко. 

Еуразиялық бренд атынан пилоттық бірлескен инновациялық өнімді құру бойынша жұмыстар белсенді түрде талқыланып жатыр.

«Біз ұсынған “Еуразиялық электробус” пилоттық жобасы қолда бар құзыреттерді түгендеп, тараптардың күш-жігерін ЕАЭО мемлекеттерінің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағыттауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Бірақ мұндай бірнеше жоба болуы керек. Тек бір нәрсеге тоқтап қалмауымыз керек. Мұны ЕЭК немесе Одаққа мүше кез келген ел өз нұсқаларын ұсына отырып жасауы керек. Әрине, егер әріптестер қолдаса, Беларусь қазірдің өзінде осындай жобаларды ұсына алады», — деді Беларусь Премьер-Министрі. 

Р. Головченко қазіргі уақытта тараптар қаржылық жағдай жасап жатқанын, бұл ретте технологиялық тізбектерге де назар аудару қажет екенін, бұл да оңай жұмыс емес екенін атап өтті.

«Біздің бастамамызды іске асыру және қаржыландыру (қор жасау, жеңілдіктер беру) мәселелерін шешу технологиялық тәуелсіздік қағидаттары бойынша біздің мемлекеттерімізде өнеркәсіп саласын, экономиканың нақты секторын одан әрі дамыту процесін бастайды деп сенеміз. Еуразиялық интеграция бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындарының, экономиканың нақты секторындағы отандық бизнестің мүдделерін қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені жоғары қосылған құнды қалыптастыратын және азаматтарды жұмыспен қамтитын дәл осы сала біздің одақтың экономикалық дамуының локомотиві болып отыр, оның мақсаттары 2014 жылы қол қойылған ЕАЭО туралы шартта нақты баяндалған», — деді Беларусь Үкіметінің басшысы. 

Қазақстан ЕАЭО елдеріне өңделген өнім экспортын 64%-ға арттырды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов армян әріптестеріне және Никол Воваевичке Еревандағы жақсы қарсы алып, қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс айтты. Қазақстанның Үкімет басшысы өз сөзінде ЕАЭО аясындағы геосаяси тұрақсыздық кезінде белсенді жұмыс мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге де, ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарын құруға да мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Еуразиялық комиссия Еуразия өңірінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналды. Біз өзара сауданы, өнеркәсіп кооперациясын, көлік логистикасын және халық пен бизнестің басқа да өзекті мәселелерін кеңейту жөніндегі міндеттерді дәйекті және жүйелі түрде шешім келеміз. Сыртқы сын-тегеуріндерге қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы осы жылдың 8 айында $17 млрд-тан асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға жоғары», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Бірлестік құрылған сәттен бастап Қазақстан ЕАЭО елдеріне өңделген өнім экспортын 64%-ға ұлғайтты. Ал жалпы ЕАЭО елдеріне қазақстандық экспорт 35%-ға өсті. Бұл ретте номенклатурада дайын тауарлар үлесі артып келеді. Еуразиялық экономикалық комиссияны үйлестіру кезінде қазіргі уақытта кедергілердің 80%-дан астамы жойылды.

«Алдағы жылдары ортақ қаржы және энергетикалық нарықтардың жұмысының құқықтық базасын қалыптастыру керек. Бұл елдеріміздің өзара іс-қимылының маңызды салалары. Сонымен қатар 2025 жылға дейін еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы стратегияны іске асыру бойынша елеулі жұмыс күтіп тұр. Еуразиялық одақтың дамуы базалық уағдаластықтарды іске асыруға негізделуі қажет. Бәрінен бұрын бұл тауарлар, қызметтер және жұмысшылар үшін кедергісіз орта», — деді Ә. Смайылов. 

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі келесі маңызды мәселелерді атап өтті.

Бірінші. Бұл ЕАЭО туралы шартта көзделген мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алуларындағы ұлттық режим.

Техникалық және технологиялық талаптар, жергілікті жағдай, тіпті географиялық шектеулер – серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу кезінде кәсіпорындардың алдынан шығатын кедергілердің толық тізімі бұлар ғана емес

«2020 жылы тауарларды өндіруге қойылатын жалпы талаптарды көздейтін бірыңғай ережелер қабылданды. 2 жылдан аз уақыт ішінде бұл ережелер 10 рет өзгертіліп, толықтырылды! Мұндай жағдай көбіне Ережелерді айналып өтетін қосымша талаптардың қойылатынына байланысты болып отыр. Мемлекеттік сатып алуларда ұлттық режимнің жұмыс істеу қағидаттарын тұтастай түзету қажет деп ойлаймын. Мысалы, мөмен болған жағдайда ұлттық режим ұсынылмайтын мемлекетттік сатып алу шегін анықтауға болады. Тараптар ұлттық өндірушілер үшін белгіленген шектен төмен преференцияларды заңды түрде белгілей алады. Мұндай тәжірибе ДСҰ аясында қолданылады. Комиссиядан осы ұсынысты талқылауды сұраймын», — деді Әлихан Смайылов.

Екінші. 2014 жылы Қазақстан көлік құралы паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру туралы келісім қабылдады.

«Өкінішке орай, біз Ұлттық ақпарат жүйелері мен Әкімшінің ақпарат жүйелерін интеграциялау бойынша әлі ортақ келісімге келмедік, сондай-ақ олардың функционалы нақты анықталған жоқ. Мәселені шешу келісім нормаларын әр түрлі түсіндіру салдарынан қиынға соғып отыр, бұл іс жүзінде саудадағы кедергілерге әкеледі. Комиссияға осы мәселені бақылауға алуды және ЕҮАК кезекті отырысында баяндауды тапсыру қажет деп санаймын», — деді Ә. Смайылов. 

Үшінші. Бірыңғай техникалық реттеу.

ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, бұл ЕАЭО ортақ нарығының жұмыс істеуінің міндетті шарты. Осы саланы реттейтін құжаттар алғашқылардың бірі болып қабылданды. Бұл ретте бүгінгі таңда қолданыстағы 52 техрегламенттің 35-і ЕАЭО жұмыс істей бастағанға дейін қабылданды. Осыған байланысты кейбір жағдайларда техрегламенттерді өзектендіру объективті түрде қажет.

«Техрегламенттердің бірыңғай базасын қалыптастыра отырып, біз қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін тауарлардың еркін айналымын мақсат тұттық. Алайда сертификаттар беру процесін реттеудегі олқылықтар жалған сертификаттар негізінде тауарларды әкелуге жол ашып отыр. Үкімет басшысы Қазақстанның бастамасымен “сұр” сертификаттармен күресуге бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданды. Комиссиядан осы мәселені бақылауға алуды және техникалық регламенттердегі олқылықтар мен сәйкессіздіктерді жою бойынша жұмыс жүргізуді сұраймын. Әрбір тараптың бірлескен күш-жігері мен нақты іс-әрекеттері ғана бізге ағымдағы сын-қатерлерді еңсеруге және Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деп түйіндеді Қазақстан Премьер-Министрі. 

Ресей ЕАЭО-ның ортақ нарығының әлеуетін барынша толық ашуды құптайды – М. Мишустин

Өз кезегінде Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин бірінші кезекте азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету және барынша қолайлы іскерлік ортаны құру үшін одақ қызметінің барлық салаларында ынтымақтастықтың үйлесімді жүйесін құру консенсус негізінде жалғасып жатқанын атап өтті. 

«ЕАЭО мемлекеттерінің тауар айналымының серпіні осы алаңда талқыланып жатқан интеграциялық процестердің оң әсерін көрсетеді. Өткен жылы одақ мемлекеттері арасындағы өзара сауда көлемі біздің бірлестігіміздің барлық кезеңінде ең жоғары деңгейге жетті. Ол $73 млрд-тан асты. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда шамамен 33%-ға өсті. Ал азық-түлік тауарлары, ауылшаруашылық шикізаты туралы айтатын болсақ, мұнда өсім шамамен 21%-ды құрайды. Өзара жеткізудің нақты көлемі 11%-ға өсті», — М. Мишустин.

Ресей Премьерінің айтуынша, Еуразиялық интеграция қазіргі ауыр жағдайда – жаһандық экономиканың турбуленттілігі, өсіп келе жатқан геостратегиялық шиеленіс аясында дамып келеді. Ресей мен Беларусь еліне сыртқы қысым «бестіктің» барлық қатысушыларына әсер етеді. Бірінші кезекте бірыңғай нарықтың жұмысына әсер етеді.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша одақтың жалпы ішкі өнімі $1 трлн-нан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,5%-дан астамға, ал орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 3,5%-ға өсті.

«Әрине, осы тенденциялардың барлығын бекіту керек. Экономика мен саудадан бастап өнеркәсіптік өндіріс технологияларына, инновацияларға, гуманитарлық салаға дейінгі барлық салаларда өзара іс-қимылды арттыру керек. Кез келген кооперациялық жобалар құпталуы керек және оларды арсеналда бар барлық құралдармен ынталандыру қажет», — деді М. Мишустин.

Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету. Онда стратегиялық маңызды және жоғары технологиялық салаларда бірлескен кәсіпорындарды іске қосу қажет. Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігін пайдалана отырып, осындай жобаларды қаржыландыру жүйесін құру қажет. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің технологиялық дамуына ықпал ететін болады.

«Әрбір кооперациялық жобаға міндетті түрде кемінде үш “бестік” мемлекеті қатысуы өте маңызды деп санаймыз. Мұндай тәсіл шағын экономикалардың жаңа технологияларды әзірлеуге қол жеткізуіне кепіл беруге, сондай-ақ тұтастай еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ынталандыруға мүмкіндік береді. Біздің елдеріміздің бизнесі тиімді ынтымақтаса алады – жаңа келісімдер негізінде кооперациялық тізбектер қалыптастырылады. Жаңа кәсіпорындар пайдалануға беріліп жатыр. Мұндай мысалдар мүмкіндігінше көп болуы керек. Бұл үшін бірлескен компанияларды құруды ынталандыру қажет», — деді М. Мишустин.

Оның айтуынша, әрбір «бестік» мемлекетінің өз инновациялары, тамаша технологиялық мысалдары бар.

«Біз тәжірибелермен алмасу арқылы ортақ тіл таба аламыз және бір-біріміздің мықты жақтарымызды пайдалана отырып, айтарлықтай жетістіктерге жете аламыз. Сонымен қатар Ресей шетелдік нарықтарға бағытталған еуразиялық бизнес үшін тиімді шешім ұсынады. Біз Одақ бойынша серіктестерімізді Мысырдағы Ресейдің өнеркәсіптік аймағына қатысуға шақырамыз. Оның аумағында оқшауланған кезде компания өндірісінің 30%-ы айтарлықтай артықшылықтарға ие болады. Олардың ішінде негізгі теңіз көлік инфрақұрылымына жақындығы және Суэц каналының порттарын пайдалану кезіндегі жеңілдіктер бар. Бірақ ең бастысы – Африкаға, Таяу Шығысқа, Латын Америкасына және Мысырдан сауда келісімдері бар басқа мемлекеттерге экспорттау кезінде кедендік баждарды төлеуден босату. Мұндай преференциялар барлық әлеуетті резиденттерге қолданылады – шыққан еліне сілтеме жасалмайды. Осыған ерекше назар аудару керек», — деді М. Мишустин. 

Ресейдің өнеркәсіптік аймағының негізгі салалары – машина жасау, химия, автомобиль, орман өнеркәсібі және металлургия.

Халықаралық нарықтардағы өзара іс-қимылды күшейте отырып, РФ ЕАЭО-ның ортақ нарығының өсу әлеуетін барынша толық ашуды, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуді құптайды.

«Біз қазірдің өзінде халықаралық тәжірибе негізінде тәсілдерді жетілдіріп жатырмыз. Осы уақытта 60-қа жуық кедергілер жойылды. Қалғандарын жоюға байланысты процедураларды мүмкіндігінше тезірек аяқтау үшін қабылданған шешімді құптаймыз», — деді М. Мишустин.

Ресей Премьер-Министрі көлік саясаты саласындағы күш-жігерді үйлестіруді жалғастыру қажет екенін атап өтті. Бұл бірінші кезекте ЕАЭО аумағы бойынша өтетін маршруттарға қатысты. Шығыс бағытта, сондай-ақ «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі аясында көлік-логистикалық тізбектер салу қажет. Шикізат тасымалдарының қайта бағдарлануын, Қытаймен және Азия-Тынық мұхиты өңірінің басқа мемлекеттерімен тығыз сауда-экономикалық өзара іс-қимылды ескеру қажет.

«ЕАЭО аумағында тиісті қызметке серпін беру, бірге жүк тасымалын ұлғайту және тауарларды жеткізу мерзімдерін қысқарту үшін жағдай жасау маңызды деп санаймыз. Біздің ортақ құрлықтағы заманауи инфрақұрылым да үлкен еуразиялық әріптестік құру үшін қажет», — деді М. Мишустин. 

Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының айтуынша, қазіргі жағдайда ерекше өзекті ие тағы бір сала – цифрлық күн тәртібі. Оны ЕАЭО ішінде өткізу индикаторларының бірі – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы тауарлардың экспорты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай өнімдер бойынша сауда көлемі 30%-дан астам өсті.

«Озық шешімдер экономиканың барлық салаларының серпінді дамуына ықпал етеді, оның ішінде елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, барлық рәсімдерді оңайлатуға және жеделдетуге көмектеседі. Біз Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін толық форматта іске қосуға дайындалып жатырмыз. Ол электронды түрде мемлекетаралық өзара әрекеттесуді қамтамасыз етуге арналған, оны бұрыннан жасау керек еді. Ол іскерлік және сауда-экономикалық әріптестікті дамытудың тиімді және заманауи құралына айналады», — деді М. Мишустин.

Сонымен қатар Ресей Премьер-Министрі климат тақырыбын да қозғады.

«Бүгін біз Батыста экологиялық жобаларды іске асыру қарқынының айтарлықтай баяулағанын көріп отырмыз. Бұл энергия тасымалдаушыларға деген қажеттіліктің артуына байланысты болып отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың, өзінің климаттық күн тәртібін дамыту үшін барлық мүмкіндіктері бар. Мұнда нақты қадамдар белгіленген. Біз тұжырымдамалық құжаттарды әзірлеуде ілгерілей алдық. Біз өз ұстанымдарымызды жақындастыру үшін қажет нәрсенің бәрін жасай беруіміз керек деп санаймыз», — деді М. Мишустин. 

Өзбекстанда ЕАЭО елдерінен капиталы бар кәсіпорындар саны 4,5 мыңға жетті – А. Арипов

Өзбекстан бақылаушы мемлекет ретінле ЕАЭО-мен өзара тиімді әріптестікті дамыту мен нығайтуды құптайды, деп хабарлады Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында.

Ол жаһандық дағдарысқа қарамастан, Одақ елдерімен бірге тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың күрделі міндеттері дәйекті түрде шешіліп жатқанын атап өтті. Сауда қатынастарын кеңейту мәселелерімен қатар инвестициялар, өнеркәсіп кооперациясы, көлік логистикасы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты арттыруға басымдық беріледі.

«Өзара қолдау мен бірлескен күш-жігердің арқасында біз өзара сауда көлемін арттыра аламыз. Мәселен, Өзбекстанның бірлестік мемлекеттерімен сыртқы сауда айналымы осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 41%-ға ұлғайып, $12,5 млрд-қа жетті, бұл біздің еліміздің жалпы саудасының үштен бірін құрайды. ЕАЭО серіктестерімен өнеркәсіп кооперациясының маңызды жобаларын жоспарлы түрде ілгерілетіп, қосылған құнның тиімді тізбегін құрып жатырмыз. Өзбекстанда бірлестік елдерінің капиталы бар кәсіпорындар едәуір көбейді, олардың саны бүгінде 4,5 мыңға жетті. Еуразиялық экономикалық комиссиямен белсенді өзара іс-қимыл жасап келеміз», — деді А. Арипов. 

Мәселен, мемлекеттік және қоғамдық дамудың барлық салаларында ауқымды реформаларды іске асыру жалғасып жатыр. Іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқан серпінімен расталады. Мәселен, осы жылдың 9 айында Өзбекстанда ЖІӨ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға өскен.

«Сонымен қатар жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескере отырып, көпжақты форматта біздің елдеріміз арасындағы бірлескен күш-жігер мен тиімділікті арттыруға деген сұраныс артып келеді. Осыған байланысты ортақ күш-жігерді серіктестікті тереңдетуге жұмылдыру орынды деп санаймыз. Техникалық кедергілерді жоюды және Өзбекстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өнімді сертификаттау нәтижелерін өзара тануды көздейтін техникалық реттеу саласындағы келісімді бірлесіп әзірлеуді қолдаймыз, бұл сауда шектеулерін алып тастау және өзара тауар айналымын ұлғайту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Шикізат бағытынан кетуге, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, оқшаулау процестерін нығайтуға және импортты алмастыратын өнімді жасауға ықпал ететін өңіраралық өнеркәсіптік ынтымақтастық пен өндірістік кооперация деңгейін арттыру маңызды деп санаймыз», — деді Өзбекстан Премьер-Министрі.

Куба ЕАЭО елдерінің өз экономикасына қатысуына мүдделі

Куба Республикасының елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья Куба Республикасының ЕАЭО-дағы бақылаушы мемлекет ретіндегі мәртебесі даму стратегияларына сәйкес келетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының ережесін басшылыққа ала отырып, Куба барлық анықталған салаларда өзара алмасуды нығайтуға және Куба мен мүше мемлекеттер үшін қызығушылық тудыратын экспортталған тауарлар мен қызметтер бойынша сауда келісімдерін жасауға байланысты осы кезеңге жоспарланған тапсырмаларды орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

«Мариэль арнайы даму аймағының өкілдері мен еуразиялық экономикалық комиссия арасында осы аймақта ЕАЭО өнеркәсіптік паркін құру туралы тұрақты пікір алмасу үміт отын ұялатады, бұдан басқа, елдің барлық аудандарында айтарлықтай әлеует бар, оларды ЕАЭО елдері әртүрлі салаларда шетелдік инвестициялары бар жобаларды жүзеге асыру үшін пайдалана алады», — деді Хулио Антонио Гармендия Пенья.

Куба ЕАЭО елдерінің қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосуына мүдделі екенін тағы да растайды. Әсіресе зор әлеуеті бар және өзара қызығушылық тудыратын салалар туралы сөз болып отыр. Мысалы, көмірсутектерді барлау және өндіру, энергетика, әсіресе ЖЭК, туризм, ауыл шаруашылығы, қара металлургия.

Сонымен қатар ол арал мен бірлестік елдері арасындағы «денсаулық сақтау және биотехнология саласындағы ынтымақтастық перспективаларының» маңыздылығын атап өтті.

«Біз бақылаушы мемлекет ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың мақсаттарына қол жеткізуге, сондай-ақ осы ұйымның рөлі мен ықпалын халықаралық деңгейде нығайтуға өз үлесімізді қосуға дайын екенімізді тағы да растаймыз», — деді Хулио Антонио Гармендия Пенья.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар мақұлданып, оларға қол қойылды. Келесі отырыс 2023 жылдың ақпан айында Алматы қаласында өтеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу