Фермерлер мен қант зауыттары ынтымақтастығы. Үкіметте саланы дамытудың кешенді жоспары талқыланды

Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен қант саласындағы проблемалық мәселелер бойынша кеңес өтті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атап өткендей, соңғы екі жылда қант саласына мемлекет тарапынан теңдессіз қолдау шаралары көрсетілді.

Атап айтқанда, фермерлер үшін 2023 жылы қант қызылшасы тұқымдарын және тапсырылған қызылшаның көлемін қайта өңдеуге (кг/15-тен 25 теңгеге дейін) субсидиялау нормативтері ұлғайтылды. Зауыттар қызылшаны сатып алу бағасын 10 теңгеден 15 теңгеге дейін көтерді, бұл рентабельділігі бойынша шекті дақылдармен салыстырмалы түрде алғанда, қант қызылшасының тоннасының жалпы құны 40 мың теңгені құрады. Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау нормативі ауыл шаруашылығы техникасының негізгі түрлеріне, соның ішінде қызылша жинайтын комбайндарға, тұқым сепкіштерге және тыңайтқыштарға 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды.

Ал қант өндірушілер үшін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС бойынша 70% жеңілдіктің қолданылу мерзімі ұзартылды. Қамыс шикiзатын импорттау кезiнде ҚҚС төлеуден босатылды. Жетісу облысының қант саласын дамытуға Үкімет резервінен 1,4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2024 жылдың соңына дейін үшінші елдерден 300 мың теңге көлемінде қамыс шикізатын бажсыз әкелуге арналған квотаның қолданылу мерзімі ұзартылды.

2024 жылы қант қызылшасының егіс алқабын ұлғайту және 25 мың гектарға егу міндеті қойылған. Алайда алынған өнімді шығынсыз уақтылы қайта өңдеу үшін жабдықтары әбден тозған отандық қант зауыттарын модернизациялау қажет.

«Бүгінде қамыс шикізатындағы зауыттардың жұмысы тиімсіз. Жалғыз балама  –  қызылшаны жеткілікті мөлшерде өсіру. Ол үшін мүмкіндігінше суармалы жерлерге егу керек. Бірақ зауыттар бұл көлемдерді өңдей алуға тиіс. Олардың мүмкіндіктеріне сәйкес, Қант саласын дамытудың кешенді жоспарын пысықтау қажет. Өзара әрекеттесу шарттары екі тараптың да мүддесіне сай болуы үшін зауыттар мен фермерлер арасында ынтымақтастықтың болғаны абзал», — деді Серік Жұманғарин.

Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, қазақстандық қант зауыттары әбден ескірген. Ең алғашқылардың бірі 1967 жылы салынған Ақсу қантына  90 жыл болды, әлі күнге газдандырылмаған. Мұның бәрі өнімнің құнын арттырады.

«Қызылша көлемін ұлғайтып, зауыттарымызды модернизациялау қажет. Біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Сондай-ақ біздің зауыттар мемлекеттік қант сатып алуға қатысуы қажет. Қазір бұл негізінен жоғары бағаға байланысты мүмкін емес», — деп мәлімдеді Қауымдастық басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша қант қызылшасын өсіру үшін зауыттарға суармалы жер бөлу мүмкіндігін қарастыру және көтерілген проблемалар бойынша қант зауыттарына қолдау көрсету үшін Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды пысықтау туралы шешім қабылданды. 

#АӨК #Серік Жұманғарин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу