ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қазақстан – Сингапур бизнес форумында сөйлеген сөзі

Бүгін Сингапурде екі елдің іскерлік орталарының 500-ден астам өкілінің қатысуымен Қазақстан-Сингапур бизнес-форумы өтті. Шара сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан мен Сингапурдың бизнес-құрылымдарының өзара іс-қимылының басым бағыттарын дамту мәселелерін талқылауға бағытталған. Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев форум қатысушыларына сөзін арнады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерді біздің форумда көргеніме өте қуаныштымын!

Біз екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнауының мерейтойлық жылында жүздесіп отырмыз.

Бұдан тура 25 жыл бұрын Сингапурдың бірінші Премьер-Министрі Ли Куан Юдың Қазақстанға тарихи сапарынан кейін біз ұзақ жылдарға достық қарым-қатынас орнаттық.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ли Куан Ю мырзамен достықты жоғары бағалайды, біздің халқымыз Сингапур мемлекетінің негізін қалаған тұлғаның өзара сенім мен құрметке лайық мызғымас қарым-қатынастар орнатудағы қомақты үлесін ешқашан ұмытпайды.

Бүгінде Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы аса маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің біріне айналды.

Біздің елімізде өңдеу өнеркәсібінде, саудада, АКТ-да, құрылыс пен қаржы саласында 100-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді.

Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды, жаңа сын-тегеуріндермен қатар, жаңа мүмкіндіктер де туындайды.

Әлем бетбұрыс кезеңінде тұр.

Жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық сауда ережелері көптеген факторлардың қысымына ұшырады. Жаңа технологиялар мен инновациялар өмір салтына терең өзгерістер енгізіп жатыр.

Осыған қарамастан, біздің еліміз болашаққа сеніммен қарайды.

Президент Н. Назарбаев жаңа өсім моделін құруға және жаңа жаһандық шынайылық жағдайларында озық елдердің топ 30-дығына кіруге бағдарланған Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бағытын жариялады.  

Еліміздің цифрлық трансформациясының нақты стратегиясы іске асырылуда.

Экономикалық өсімнің инклюзивтігін және одан кейін барша азаматтардың табысының өсімін қамтамасыз ететін екі әлеуметтік шаралар пакеті мәлімделді.

Бұл стратегияның алғашқы нәтижелері де бар.

Қазақстанның экономикалық өсім қарқыны орташа әлемдік қарқыннан алда келеді. 2017 жылы ел экономикасы 4,1% өсті, сондай-ақ 2018 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 4,1% өскен. Бұл орайда, өсімнің 2/3 бөлігін шикізаттық емес секторлар қамтамасыз етіп отыр.

Біз инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп, кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы тағы да ырықтандырдық. Жекеменшік құқығын қорғау механизмдері жақсартылды. Заңның үстемдігі қамтамасыз етілді. Бәсекелестікке қолдау жасалды. Монополия шектелді.

«Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен өзара тиімді іс-қимыл орнату үшін «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды.

Бүгінде Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2019» рейтингінде әлемнің 190 елінің ішінде Қазақстан 28-орынды иеленді.

Қазақстан ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және «Халықаралық инвестициялар туралы декларацияға» қосылды.

Ынтымақтастық орнату үшін біздің әлеуетіміз зор екеніне сенімдімін. Осы тұрғыдан, перспективалы бағыттарға қатысты өз болжамдарыммен бөлісейін.

Біріншіден, инновациялар саласындағы ынтымақтастық.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан жаңа технологиялар мен инновацияларды, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қарқынды енгізе бастады. Біздің мақсатымыз — жалпыұлттық тетік құрып, болашақта дамуға әзірлік үшін ғылымды, инновациялар мен технологияларды пайдалану.  

Бұл тақырыпта Сингапур, сөзсіз, көшбасшы позицияларға ие. Бұған Сингапурдың Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына сәтті төрағалық етуі; сондай-ақ жақында Сингапурде Тұрақтылық, Икемділік және Инновациялар идеяларын негізге алған 33-ші АСЕАН саммитінің өтуі дәлел бола алады.

Қазақстан Үкіметі сингапурлық компанияларды АТ-салаға, инновациялық цифрлық әдістер мен технологияларды жүйелі енгізу, «Смарт-Ситиді» дамыту бойынша ынтымақтастық орнатуға шақырады.

Біз үшін сингапурлық компаниялардың заманауи инновациялық кластер инфрақұрылымын құрудағы тәжірибесі аса құнды. Сондықтан мен бүгін біздің осы кездесуімізден кейін Fusionopolis инновациялық кластерін арнайы аралайтын боламын.

Қазақстанда біз инновациялық кластерді құрдық.

Оның негіздері — Назарбаев Университеті, Инновациялық технологиялар паркі мен «Astana Hub» халықаралық АT-стартаптар орталығы.

Венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылданды.

Мұның барлығы инновациялық экожүйелер мен технологияларды, сондай-ақ венчурлық бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар тудырады.

Бүгін мен «Бәйтерек» ұлттық холдингіне Enterprise Singapore-дегі әріптестермен бірге Сингапурдың көмегімен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне және ЕАЭО елдерінің нарықтарын қоса алғанда, кері бағытта стартаптарды ілгерілету үшін бірлескен венчурлық қор құруды ұсындым.  

Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты екінші перспективалық бағыт деп санаймын.

Қытайлық «Белдеулер және жолдар» бастамасын қолдаған алғашқы ел ретінде Қазақстан өзінің инфрақұрылымдық және логистикалық мүмкіндіктерін қарқынды дамытуда.

Үлкен Азияны Ресей, Каспий және Қара теңіздер, сондай-ақ Иран мен Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын мультимодальды Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз іске қосылды.

5 теміржол және 6 халықаралық автомобиль жолы Қазақстан аумағы арқылы тауар транзитін теңіз транспортына қарағанда 2 есе тезірек жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің қазақстандық бөлігі (бұл 3 мың шақырым жаңа жол)  Ляньюньган портынан Санкт-Петербургке дейінгі жүктерді тасымалдау уақытын 10 күнге дейін қысқартты.

Қытаймен шекарада «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ портының заманауи қоймалары салынды. Бұл — Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық парк.

Қазақстанның батысында, Каспий теңізінде Ақтау және Құрық порттарының жүктеме қуаттарын арттыратын заманауи порт инфрақұрылымы жасалды.

Мұның барлығы Сингапурда ғана емес, аймақта да көлік-логистикалық кешендерді дамытуда мол тәжірибесі бар сіздердің компанияларыңыз үшін қызықты болуы мүмкін.

Үшінші бағыт — тұрғын үй құрылысы саласындағы ынтымақтастық.

Қазақстанда қазір халықты жеңілдетілген ипотекалық несиемен, қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін кең ауқымды тұрғын үй құрылысы бағдарламалары жүзеге асырылуда. Елімізде урбанизациялану процесі жүріп жатыр. Төрт ірі агломерация дамып келеді.

Қазір сіздермен кездесудің алдында ғана мен Тұрғын үй құрылысы және Сингапурді дамыту кеңесінің кеңсесінде (HDB) болдым.

HDB тәжірибесі өте қызықты. Біз оны зерттеп, сингапурлық тәжірибені Қазақстанның тұрғын үй саясатында қалай қолдануға болатынын қарастырамыз.

Төртінші бағыт — өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты дамытуға арналған инвестициялар.

Біз экономиканы әртараптандыруды жалғастырып, инвесторларды металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау саласына шақырамыз.

Бізде түрлі салалық бағыты мен артықшылықтары бар 12 арнайы экономикалық және 22 индустриялық аймақ бар.

Қазақстанда мыс, алтын және литий, ванадий, фосфат шикізаты т.б. сияқты сирек және сирек жер металдары өндірісін дамыту және барлау бойынша көптеген жобалар қолға алынған.

Біз геологиялық барлау саласына инвестициялар салуға, шикізатты байытуға және өңдеуге арналған жаңа технологиялардың енгізілуіне қызығушылық танытамыз.

Біз агроөнеркәсіптік кешенді жаппай жаңғыртуды бастадық. Аграрлық секторды құрылымдық реформалау және әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Бүкіл сала ғылыми-техникалық және технологиялық тұрғыда қайта жарақтандырылуда. Мұның бәрі азық-түлік өнеркәсібіне инвестиция салуға үлкен мүмкіндік береді.

Қазақстан Үкіметі Қытаймен және басқа да көршілес өткізу нарықтарымен сауда-саттықты дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр — бұл экспортқа бағдарланған агробизнесті инвестициялар үшін аса тартымды етеді.

Ертең мен Пекинде боламын, онда біз қытайлық әріптестермен осы бағыттағы диалогымызды жалғастырамыз.

Біздің экономикамыз үшін жаңа бағыт — туризмді дамыту. Бұл мақсатта «Қазақ Туризм» мамандандырылған компаниясы құрылды, туристік инфрақұрылымды дамытуға мүдделі компаниялар үшін ерекше жағдайлар жасалған.

Қазақстанды Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын жаңа әуе рейстерінің ашылуына орай біз қызығушылық білдіретін сингапурлық компанияларды бірлескен туристік жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз және Сингапурмен тікелей рейсті ашуға әзір екенімізді мәлімдейміз.

Ынтымақтастықтың бесінші бағыты — Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысына және жекешелендіруге қатысу.

Қазақстанда ірі мемлекеттік тау-кен өндіру және металлургия компанияларын, мұнай-газ саласының кәсіпорындарын, энергетика, көлік және байланыс кәсіпорындарын, инфрақұрылымды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатыр.

Өткен аптада АХҚО биржасында жекешелендірілген кәсіпорындардың акцияларының алғашқы сауда-саттығы өтті.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы биржада листингтен өткен алғашқы компания болды; Лондон биржасындағы (LSE) табысты IPO нәтижесінде AХҚО оның әлемдік уран өнеркәсібіндегі көшбасшы мәртебесін растады. Бұл Сингапур бизнесі үшін тартымды болуы тиіс.

Таяу арада IPO-ға телекоммуникация, авиация, теміржол және мұнай-газ салаларындағы ірі ұлттық активтер шығарылады.

АХҚО — бұл Орталық Еуразия аймағындағы жұмысы ағылшындық құқықпен реттелетін жалғыз қаржы орталығы. Тәуелсіз сот және Халықаралық арбитраж орталығы әділдікке, тараптардың құқықтарының қорғалуына кепілдік береді. Қатысушыларға 50 жылға дейін салық жеңілдіктері, жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режимдері ұсынылған.

Сондықтан да Қазақстан Үкіметі сингапурлық компанияларды, банктерді және қаржы институттарын АХҚО-да бірлесіп жұмыс істеуге шақырады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Бизнес үшін тиімді болатын және менің ойымша, екі елді бұдан әрі жақындастыруға мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың негізгі бағыттары осындай.

Бұл тұрғыдан, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылуы мен үшін айрықша оқиға болды.

Ұлы Ли Куан Ю бірде: «Егер мен Сингапурдың табысты ел болуының сырын бір сөзбен сипаттайтын болсам, бұл сөз «сенім» болар еді. Дәл осы сенім шетелдік инвесторларға Сингапурда өз фабрикалары мен зауыттарын ашуға мүмкіндік берді» деген еді.

Бұл ой мен үшін біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік серіктестермен жұмыс істеу кезінде ұстанатын негізгі қағидалардың бірі: «сенімге негізделген ынтымақтастық; өзара тиімді жағдайларда бірлесіп жұмыс істеу» тәрізді, іскерлік қарым-қатынастарды орнатуда айқындаушы, аса маңызды болып көрінеді.

Қазақстан — инвесторлар сенім артып отырған және тиімді жұмыс істеуге болатын ел!

Бір ғана факті келтірейін.

Соңғы 10 жылда еліміздің экономикасына шамамен 250 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар салынған. Бұл бізді Орталық Азияда 1-орынға шығарды: аймаққа салынған инвестициялардың 70%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Қазақстан Үкіметі сіздердің жобаларыныңызға жан-жақты қолдау көрсетуге және түрлі мәселелер бойынша диалог орнатуға әзір.

Сингапурді белсенді ынтымақтастық орнатып, бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға шақырамын!

Форумның барлық қатысушысына сәттілік тілеймін!

Назарларыңызға рақмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу