«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 30-дан астам инновациялық жоба іске асырылады

13 қыркүйекте, Астанада цифрландыру мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес аясында арнайы көрме ұйымдастырылды, онда мемлекеттік органдар, отандық компаниялар мен ұйымдар отыздан астам АТ-жобалар ұсынылды. Көрмені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аралады.

Әзірлемелер бірнеше бағытты қамтиды: индустрия, көлік, қауіпсіздік, қаржы, инновациялар, денсаулық және «ақылды қала» жүйесі.

Мысалға, ақпарат және коммуникациялар министрлігі қазақстандықтарды интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс туралы баяндады. Бүгінгі таңда елді мекендерде оптикалық-талшықты желілер салу жүргізіліп жатыр, оны 2019 жылы аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ, көрмеге келушілер кен орнында онлайн-аукционның қалай жұмыс істейтінін көре алды. «Цифрлық кеніш» жобасы туралы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АТ-департаментінің директоры Азат Игенберлин айтып берді.

«Біз «Цифрлық кеніш» жобасын іске қостық, ол өндіру мен қайта өңдеу процестерінің бәрін толық автоматтандыруды көздейді. “Цифрлық кеніш” біздің өндірістің барлық кезеңдерін қамтиды», — деді А. Игенберлин.

Бұдан өзге, компания макетінде қосымша шынайылық технологиясы ұсынылды. Планшеттің көмегімен шынайы физикалық объектіге оның цифрлық егізін салуға болатынын көруге болады.

«Егер шынайы физикалық объектіде оның кейбір мәліметтерін көре алмасақ, онда виртуалды объектілерге салу бұл объектінің толық нақты цифрлық мәндерін көруге мүмкіндік береді. Мысалға, толықтырылған шынайылықтың көмегімен біз сорғылардың бірінің істен шыққанын, оның қандай параметрлерінің өзгергенін, оның басқа процестерге қалай әсер ететінін көре аламыз», — деп баса айтты А. Игенберлин.

Көрмеде «TLAB отандық вирусқа қарсы шешім», «Критикалық инфрақұрылымды қорғау» және «Кеңістік мәліметтерінің ұлттық инфрақұрылымы» жобаларын іске асырудың алғашқы нәтижелері ұсынылды. Бұдан өзге, білім беру контентін, сондай-ақ АӨК саласын цифрландыру жобасы ұсынылды.

Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы Интернет пайдаланушыларының үлесі 2021 жылы 81% құрайды, халықтың цифрлық сауаттылығы деңгейі 81,5% дейін өседі, ал АКТ саласындағы еңбек өнімділігінің өсімі 5,2% жетеді деп күтілуде.

Көрмеде «Қазпошта» АҚ өзінің цифрландыру жобасын ұсынды.

«Қазақстанда 13 млн белсенді интернет пайдаланушылардың шамамен миллион адам онлайн-сатылымдар жасайды. Электрондық коммерция – бұл Қазақстандық өндірушілердің жасырын әлеуеті. Электронды коммерцияның өзі үш заттан тұрады: интернет-сайт, төлем жүйесі және логистика. Біз өз тарапымыздан үшінші базалық құраушы – логистиканы дамыту үшін жобаларды жүзеге асырамыз», — деді «Қазпошта» АҚ әкімшілік мәселелер бойынша басқарушы директоры Әсет Тұрысов.

Осылайша, бүгінде Қазпошта Қазақстанның ішінде жеткізу мерзімдерін қысқартады – 15 күннен 6 күнге дейін, шетелден – 45 күннен 18 күнге дейін. Бұдан бөлек, «Қазпошта» АҚ тағы бірнеше жобаны іске қосуды жоспарлауда.  

«Қорғас» ШЫХО-дан Вильнюсқа дейін біз 10 млн жуық сәлемдеме жеткіздік, биыл 30 млн дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. «Шығыс қақпалары» АЭА-ға теміржол арқылы контейнерлік тасымалдау арқылы Польша және Еуропа арқылы сәлемдемелер жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл зор транзиттік әлеует. Өйткені, біз Қазақстан арқылы өтпейтін үлкен ағымды көріп отырмыз. Алайды осы жобалар арқылы транзиттік ағымның шамамен 20% Қытай арқылы Еуропа мен Ресейге біз арқылы өтеді деп жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Ә. Тұрысов.

Бүгінде Қазпошта шамамен 16 мың сәлемдеме жеткізетінін ескерсек, болжамдық мәліметтер бойынша сан жылдам қарқынмен артады.

«Ол үшін біз постоматтар желісін кеңейттік, клиенттер үшін жеткізу және хабарландыру сервисін жеңілдетеміз. Қазпоштаның міндеті – біздің клиенттеріміздің өмірін жеңілдету, олардың электрондық коммерцияға сенімін арттыру», — деді Ә. Тұрысов.

Жол сақшыларына арналған мобильді қосымша туралы ҚР Бас прократурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің қызметкері, ӘҚББТ жобасының басшысы Евгений Недельский айтып берді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап Астана қаласы бойынша сәйкес пилоттық жоба іске қосылды.

«Әрбір ІІД инспекторын планшеттермен, мобильді принтерлермен және посттерминалдармен жабдықтап жатырмыз. Аталған бағдарлама әкімшілік хаттаманы электронды форматта жазуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сол жерде несие картасымен төлеу мүмкіндігі қарастырылған», — деді жоба жетекшісі.

Жоба хаттама толтыру кезінде инспекторлардың, айыппұлдарды өтеу кезінде қате жасау тәуекелдерін жояды. Бұдан өзге, әкімшілік процесс уақыты қысқарады. Қазіргі уақытта әкімшілік процестің толық циклі (хаттама жасаудан өтеу және атқарушылық өндіріске жіберуге дейін) 34 күнді құрайды. Аталған қосымшаның көмегімен ол 10 минутқа дейін қысқарады, деп сендірді әзірлеушілер. Оған қоса, аталған қосымшаны жол сақшылары ғана емес, әкімшілік айыппұл салуға құқылы тағы 64 орган пайдалана алады.

«Қазір біз ІІД желісін алдық. Себебі, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 70% солардан тұрады. Кейін қалған органдар да қосылады», — деп түсіндірді Е. Недельский.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов ХҚКО қызметкерлерінен қашықтықтан мемлекеттік қызмет алуға арналған видео-кабинканы таныстырды.

«Мұндай кабинкалар адамдар көп шоғырланған жерлерге, мысалға, сауда орталықтарында, азаматтар ХҚКО-на жүгінбей-ақ қашықтықтан кеңес немесе мемлекеттік қызмет алуы үшін орнатылады. Аталған қызметтерді әр түрлі қалалардағы бос операторлар көрсетеді», — деп түсіндірді А. Оспанов.

Кабинкалар принтерлермен жабдықталады, олар арқылы оператор анықтаманы басып шығара алады.

ҚР ДСМ жанындағы республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев биыл ҚР денсаулық сақтау министрлігі екі инновациялық жобаға бастамашы болғанын айтты: онкологиялық аурулар бойынша жасанды интеллект енгізу және жүрек пен басқа ішкі органдардың 3D-моделін жасау бойынша толықтырылған шынайылық көзілдірігі.

«Бірінші жоба бойынша онкологиялық науқастар бойынша барлық мәліметтерді талдау үшін жасанды интеллектіні енгізу бойынша IBM Watson for oncology-мен келісім бар», — деді О. Әбішев.

Оның айтуынша, жүйе дәрігерлерге соңғы зерттеулер негізінде ең оңтайлы шешімдер қабылдауға көмектеседі. Санаулы секундта жүйе онкологиялық зерттеулер саласында 300 мыңнан астам жазбаны талдайды және науқасты қалай тиімді емдеу керектігіне ұсынымдар жасайды.

АӨК мелекеттік қызмет көрсетулерді дамыту және цифрландыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетов ауыл шаруашылығын цифрландыру жобасын таныстырды. Осылайша, оның айтуынша, АӨК онлайн-сауда бағытында дамып келеді.

«Қазір мысалға, электронды астық қолхаттары жүйесі құрылды. Электронды сауданы енгізуді жоспарлап отырмыз. Нақты қадамдар жасалды. Астық қолхаттарынан бөлек біз фермерлерге арналған электронды сауда алаңдарын құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, сонда олар өз өнімдерін онлайн-режимде өткізе алады. Бұл оларға үстеме шығынды төмендетуге, сату көлемін арттыруға, делдалдық үстеме баға бойынша шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді», — деп баса айтты Б. Айымбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу