Экономиканы цифрлық трансформациялау — ЕАЭО дамытудың негізгі шарттарының бірі

Еуразиялық экономикалық одақты жаһандық цифрлық экономика көшбасшылары: АҚШ, ЕО, АСЕАН, Қытаймен қатар заманауи интеграциялық формат ретінде дамыту үшін экономиканы цифрлық трансформациялау қажет. Еуразия аптасының спикері — Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Карине Минасян РrimeМinister.kz-пен осындай пікірімен бөлісті.

Карине Минасян 2016 жылдың соңында ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Одақтың цифрлық күн тәртібі туралы Мәлімдемеге қол қойғанын еске салды. 2017 жылы цифрлық күн тәртібі Комиссияда және ЕАЭО барлық елінде өзекті тақырыптардың біріне айналды.

«Біз цифрлық күн тәртібін әзірлеуге осы жылдың басында кірістік. Бүгінде оны іске асырудың негізгі бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына қарай оны бекітеміз деген сенімдеміз», — деді К. Минасян.

Сарапшының айтуынша, цифрлық түрлендірулер ақпараттық және коммуникациялық технологияларды енгізуге қатысты өзгерістерге сүйенеді. Күн тәртібін іске асыру негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіледі:

—           Экономика салаларын цифрлық трансформациялау және Одақтағы кросс-салалық трансформация;

—           Тауарлар мен қызметтер, капитал және еңбек нарықтарын цифрлық трансформациялау;

—           Басқару процестерін және Одақтағы интеграциялық процестерді цифрлық трансформациялау;

—           Цифрлық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық процестердің қорғалуын қамтамасыз ету.

«Біз цифрлық пікірталаста шешімдерді жылдамырақ қабылдап, аналогтықтан алгоритмдік реттеуге көшу керектігін түсінеміз. Сол себепті де барлық осындай нормалар біздің негізгі бағыттарда қарастырылған», — деді К. Минасян.

Сондай-ақ, ол цифрлық күн тәртібін іске асырудың бірлескен бастамалар арқылы жүргізілетін серпінді моделі құрылғанын мәлімдеді.

«Қазір біз талқылап жатқан бірінші кезекті бастамалардың тізімі бар. Бастамалар сатысында — екі тарап, жобалық іске асыру сатысында — барлық елдер қызығушылық танытқан цифрлық жобаларды жүзеге асыратын боламыз», — деді сарапшы.

Одақтың тараптар талқылап бастаған бірінші цифрлық бастамасы — ЕАЭО кеңістігінде өнімдердің, тауарлардың, қызметтердің, активтердің қозғалысын цифрлық бақылау болды. Бұдан өзге, бірінші кезектегі жобалар — цифрлық транзиттік дәліздерді құру, Одақ аумағында «бірыңғай терезе» жүйесін кеңейту, бизнестің мемлекеттік органдармен электронды өзара байланысы. 

«Аталған жобалардың барлығы алдымен кедергілерді жойып, біздің кеңістікте тауарлардың, қызметтердің және жұмыс күшінің еш тосқауылсыз қозғалысын қамтамасыз етуі керек», — деді К. Минасян.

Қорытындылай келе, Карине Минасян Еуразиялық одақтың ЖІӨ-дегі озық цифрлық жобалардың үлесі 11%-ды құрауы керектігін айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу