«Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдарының рөлі күшейтіледі — С. Жұманғарин

Бүгін Парламент Сенатында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы қабылданды. Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында заң жобасының басты міндеттері мен жаңашылдығы туралы ҚР ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин айтып берді.

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында, сонымен қатар 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тариф қалыптастыру айқындығын күшейтуді тапсырды.  

С. Жұманғарин заң жобасының нормаларына сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап монополистер тарифті бекітуге өтінімдерді тек электронды түрде беретінін айтты. «Е-монополист» тиісті деректер базасы әзірленген. Оған ниет етушілердің барлығы қосыла алатын болады. Енді алдағы уақытта кез келген табиғи монополиялар субъектісінің өтінім беру науқанын сайттан бақылауға болады.

Сонымен қатар, алғаш рет монополистердің инвестициялық бағдарламасының іс-шараларын орындаудың сыртқы техникалық аудиті енгізілді.

Оған қоса, инвестициялық бағдарламаларды орындаудың қоғамдық мониторингі жүргізіледі. ТКШ инфрақұрылымының нысандарын уәкілетті орган, тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің, «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдері тексереді.  

Монополистер БАҚ-та тоқсан сайын фото-, видео материалдарды ұсыну арқылы инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы туралы ақпаратты жариялап отыруға міндетті болады. Бұған қоса, монополистер тарифтік сметалар мен инвестциялық бағдарламалар іс-шараларын орындау туралы тұтынушылар алдында беретін есептерін енді жылына бір рет емес, жарты жыл сайын өткізетін болады.

Маңызды түзетулердің бірі — тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамдарының (ТҚҚҚ) рөлін күшейту. ТҚҚҚ біліктілік талаптары қойылады: жұмыс тәжірибесі, штатта білікті заңгерлер мен экономистердің болуы.  

Сондай-ақ, жаңа заңда әкімдіктердің есептеу құралдары жоқ тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бекітілген кезде көпшілікке арналған тыңдалымдар өткізу қарастырылған.

«Сонымен қатар, заң аясында өте маңызды орган – Тариф саясаты жөніндегі қоғамдық кеңес құрылады. Оған инвестициялық бағдарламаларды, табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларын тыңдау құқығына ие Парламент депутаттары, бизнес, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Бұл түрлі қоғамдық ұйымдар өздерінің позицияларын ұсынатын үлкен көпшілік алдындағы орган болады», — деп түйіндеді С. Жұманғарин.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу