Қазақстанда 2020 жылға қарай республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 90%-ын жақсарту көзделген — М. Пішембаев

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев мәлім етті.

Мереке Пішембаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015–2016 жылдар аралығында I және II техникалық санаттарға ауыстыру арқылы 1,3 мың шақырым автожол қалпына келтірілді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінде, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Қапшағай – Балпық би, Бейнеу – Шетпе және Көкшетау – Петропавл бағыттарындағы қозғалыс толығымен ашылды. Сондай-ақ, Орта Азияда Павлодардағы Ертіс өзені арқылы өтетін ұзындығы 12 шақырымдық ірі көпір өткелінің құрылысы аяқталды», — деді Комитет төрағасы.

Биыл Теміртау — Қарағанды учаскесіндегі Орталық – Оңтүстік ауыспалы жобаларында, жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым болатын Астана — Павлодар — Семей — Қалбатау, Бейнеу — Ақтау, Ақтөбе — Атырау, Қапшағай — Талдықорған, Астана – Петропавл және Орал — Каменка учаскесінде Орталық — Шығыс жобалары аясында құрылыс жұмыстары жалғастырылды.

Ауыспалы жобалармен қатар, ұзындығы 511 шақырым болатын Бейнеу – Ақжігіт, Щучинск – Зеренді, Таскескен – Бахты, Үшарал – Достық, Осиновское тас жолы, Қостанай – Денисовка секілді алты жоба бюджеттік қаражат есебінен іске асырылуда.

Сондай-ақ, еліміздің көліктік әлеуетін дамыту мақсатында жетекші халықаралық қаржы институттарымен бірлесе отырып, ұзындығы 3 мың шақырымнан астам болатын 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, бұл өңірлердегі экономикалық белсенділіктің өсуін қамтамасыз етеді.

Бағдарлама аясында 2020 жылға қарай жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның жыл сайынғы қамтуы — 1,5 мың шақырымға жуық.

Мереке Пішембаев атап өткендей, 2020 жылға дейін ұзындығы 6,5 мың шақырым болатын қайта жаңартылған автомобиль жолдарында төлем өндіру жүйесін біртіндеп енгізу жоспарлануда. 2020 жылға қарай жыл сайынғы алым 30 млрд теңгені құрайды.

«Жалпы алғанда, жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 90% жағдайын жақсарту, І және ІІ техникалық санаттағы жолдардың үлесін 50% дейін арттыру көзделген. Бұл автожолдар мен жүк тасымалы учаскелерінің өткізу қабілетін 2 есеге ұлғайтуға және жолда жүру уақытын 1,5 есеге қысқартуға жол ашады», — деді Мереке Пішембаев.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудың әлеуметтік маңызы туралы сұраққа жауап бере отырып, Комитет төрағасы 2015 жылдан бастап 70 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын, 2018 жылы тағы 25 мыңын ашу жоспарда бар екенін айтты. Сонымен қатар қазақстандық қамту үлесі 90%-ға тең.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу