Қазақстанда орта мерзімді кезеңге арналған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қабылданды — Е. Қарашөкеев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында орта мерзімді кезеңге арналған Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қаралып, қабылданды. Жоспардың негізгі бағыттары туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баяндады.

2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Жоспар республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың барлық негізгі бағыттарын қамтиды.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі», — деді Е. Қарашөкеев. 

Ұлттық қауіпсіздік және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заңдарда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үш өлшемшарт айқындалған. 

Бірінші өлшемшарт – бұл азық-түлік нарығындағы қолжетімділік деңгейін сипаттайтын азық-түлікке нақты қолжетімділік.

Екінші өлшемшарт – халықтың азық-түлік сатып алу мүмкіндігін сипаттайтын азық-түліктің экономикалық қолжетімділігі.

Үшінші өлшемшарт – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі.

Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салааралық сипатқа ие және барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген іс-қимылын талап етеді.

«Жоспар үш негізгі бөлімнен тұрады, онда 31 іс-шараны орындау көзделген, оның ішінде 18 іс-шара нақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде, 6 іс-шара экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде және 7 іс-шара өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша», — деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, 18 іс-шара бойынша негізгі орындаушы Ауыл шаруашылығы министрлігі, 5 іс-шара бойынша – Сауда және интеграция министрлігі.

2 іс-шарадан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға, 1 іс-шарадан Денсаулық сақтау, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктеріне айқындалған.

Бірінші бөлім ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту жөніндегі іс-шараларды іске асыруға бағытталған және 18 іс-шараны, оның ішінде 1 жедел және 17 орта мерзімді іс-шараны қамтиды.

Министр негізгі іс-шараларға толығырақ тоқталып өтті. Мәселен, үш жыл ішінде майлы дақылдар алаңдарын 3 млн гектардан 3,5 млн гектарға дейін, картоп алаңдарын 200 мың гектардан 215 мың гектарға дейін, жемдік дақылдарды 3,6 млн гектардан 4,2 млн гектарға дейін ұлғайту жолымен өсімдік шаруашылығында әртараптандыру жүргізілетін болады. Сондай-ақ үш жыл ішінде ІҚМ басы 9 млн басқа дейін, ұсақ мал 20,1 млн басқа дейін, жылқы басы 4 млн басқа дейін және т. б. ұлғайтылады. 

«Картопты, көкөніс пен жеміс сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру 2022 жылы сақтау қуатын 98,3 мың тоннаға, 2023 жылы 104,5 мың тоннаға, 2024 жылы 19,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.

Бұдан басқа, министрдің айтуынша, осы бөлімде азық-түлік тауарларын импортты алмастыру, АӨК өнімін өндіру мен тұтынудың нақты және болжамды теңгерімінің талдауы бойынша шаралар көзделген.

Екінші бөлім халықтың азық-түлік тауарларына тұтыну шығыстарының үлесін төмендету және бағаларды тұрақтандыру бойынша 5 жедел және 1 орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған. 

«Бұл азық-түлік тауарларының бағаларын болжау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылары үшін сауда нарықтарының жалдау ақысын төмендету, бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдауға көшу бойынша шаралар әзірлеу, тұрақтандыру қорлары қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтудың жаңа нысандары арқылы кемінде 25 мың шаруашылық құру жолымен ауыл шаруашылығы жерлерінің айналымы, сондай-ақ жаңа суармалы жерлерді игеру сияқты іс-шараларды қамтиды», — деді Е. Қарашөкеев.

Үшінші бөлім тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету бойынша 4 жедел және 3 орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді. Зерттеліп отырған импорттық өнімнің үлесін 80%-ға дейін арттыру үшін тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету, 2024 жылы отандық ветеринариялық және биопрепараттардың үлесін 80%-ға дейін ұлғайту үшін қолда бар ветеринариялық және биопрепараттар өндіретін отандық кәсіпорындарды жаңғырту және жаңаларын құру және басқалары.

«Жоспарды іске асыру ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға, халықтың азық-түлік тауарларына шығыстарын төмендетуге және тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Е. Қарашөкеев.

 

Ақмола облысында 48 маңызды инвестициялық жоба қабылданды

Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың айтуынша, өңірде Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыру аясында өңірде 263 млрд теңгеге 48 маңызды инвестициялық жоба іске асыруға қабылданды.

Оларды іске асыру:

  • өсімдік майын 3,5 есеге;
  • көкөністердің жылыжай өндірісін 3 есеге;
  • сүт-тауарлы фермаларда шикі сүт өндірісін бір жарым есеге;
  • еттің барлық түрлерін 25%-ға;
  • ұн мен жарма өнімдерін 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 5,5 мың тоннаға балық және форель уылдырығы мен бекіре тұқымын өсіру игерілетін болады.

«Жалпы, облыста соңғы 3 жылда тамақ өнеркәсібіндегі жоғары өсу қарқыны сақталды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті азық-түлік тауарларының өндірісі 2020 жылға қарағанда 16% өсіп 142 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі бір жарым есеге, оның ішінде құс етінің өндірісі 66%, сары май өндірісі 29%, ірімшік пен өңделген сүт 5% артты», — деді Е. Маржықпаев.

Биыл, оның айтуынша, жазғы егістік алқабын тағы шамамен 54 мың гектарға, майлы дақылдарды 14 мың, мал азығы дақылдарын 10 мың, картоп отырғызуды 1,8 мың, көкөністердің алқабын 400 гектарға арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ биылғы жылы қарақұмық сияқты әлеуметтік өнімнің егістік алқабын 10 мың га дейін жеткізу жоспарлануда.

«Жалпы, облыста іске асырылып жатқан іс-шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады», — деп сендірді Е. Маржықпаев.

 

Ақтөбе өңірі ет және ет өнімдерімен толық қамтамасыз етілген

Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин өз кезегінде өңірлік іс-шаралар жоспарын таныстырды.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы негізгі 32 түрлі азық-түлік өнімдерінің 24-і бойынша өзін өзі қамтамасыз етеді. Қалған 8 түрі бойынша (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық) басқа өңірлерден және ішінара импорт арқылы жеткізілуде. 

«Қазіргі таңда аймақ ұн, нан өнімдерімен өз өндірісі есебінен толық қамтамасыз етілуде. Ұнды 2 элеватор өндіреді және де ішкі нарықты қамтып қоймай, экспортқа да өз өнімдерін шығаруда», — деді О. Оразалин.

Нан өнімдерінің негізгі бөлігі 4 ірі наубайхана есебінен өндіріледі, баға соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты, себебі «Ақтөбе» ӘКК АҚ-мен пайызсыз несие беру арқылы қаржыландырылып, тұрақтандыру қорынан арзандатылған ұнмен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар ұн өндіру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы 10 мың тоннадан астам арзандатылған астық сатып алынды.

«Халықты сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 3 ірі сүт зауыты жұмыс істейді. Өткен жылы облыс бойынша 36 мың тоннадан астам сүт және сүт өнімдері өндіріліп, қамтамасыз ету деңгейі 78,6%-ды құрады», — деді О. Оразалин. 

Осы тұрғыда 2022 жылы жалпы инвестиция көлемі 2,8 млрд теңгеге «Айс плюс» ЖШС сүт өңдеу зауытының жаңартылу жұмыстары жүргізуде. Нәтижесінде облыс халқының сүт және сүт өнімдеріне деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.

Ет және ет өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша мәселе жоқ. 

«Алдағы уақытта ет өнімдерінің әлеуетін арттыру мақсатында 2024 жылға дейін көлтабанды суармалы алқапты 100 мың га дейін және де үнемі суармалы алқапты 45 мың га дейін ұлғайту жоспарлануда. Суармалы алқаптардағы өсірілетін мал азығы дақылдарының құндылығы мен шығымдылығы жоғары болуына байланысты, мал шаруашылығының өнімділігінің артуына оң әсерін береді», — деді О. Оразалин.

Әкім өңірді құс етімен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.

«Өзіміздің өндіріспен қамту деңгейі 8,8%-ды құрап отыр. Қалғаны басқа өңірден және импорт есебінен жабылады. Алайда, «Рокос» ЖШС-нің жылына 24 мың тонна қуаттылығымен құс фабрикасының құрылысы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде алдағы жылдары тауық етіне қажеттілік толығымен жабылады», — деді О. Оразалин.

Биыл 2020-2021 жж. суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен 10,6 мың га үнемі суармалы алқапқа жұмыстар жүріп жатыр. Осы ретте, өңірді картоп және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.

«Бұл жерде мәселе болатын бір нәрсе ол көкөніс қоймасы. Мәселені шешу үшін «BAS NUR Kazakhstan» ЖШС арқылы бірінші кезеңде қуаттылығы 5000 тонна көкөніс қоймасын салу жоспарлануда. Алдағы уақытта қуаттылығын кезең-кезеңмен ұлғайту көзделген», — деді О. Оразалин.

Сондай-ақ оның айтуынга, бағаны тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұрақтандыру қорына – 1 млрд теңге және айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін – 1 млрд теңге. Қазір, Ақтөбе облысының аумағында өндірілмейтін азық-түлік тауарлары бойынша қант, тауық еті және қарақұмық жармасы бойынша бағаның күрт өсу қаупі бар.

«Бүгінде тұрақтандыру қорында 2439 тонна картоп, 33,6 тонна қырыққабат, 273,7 тонна пияз, 462,3 тонна сәбіз, 38,7 тонна күріш, 98,5 тонна өсімдік майы, 20 тонна қарақұмық жармасы және 200 тонна қант бар», — деп түйіндеді О. Оразалин.

 

Алматы облысында жалпы сомасы 75 млрд теңгеге 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік іс-шараларды іске асыру туралы баяндады.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асты, 331 млрд теңгеге азық-түлік өнімдері шығарылды. Өз өндірісіміз есебінен облыс өзін азық-түлік тауарларының 9 түрімен 100 пайыз, 5 түрі бойынша 90 пайыз қамтамасыз етеді. 4 өнім түрі бойынша өндірісті ұлғайту шаралары қабылдануда», — деді Қ. Бозымбаев.

Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру мақсатында биыл ақпанда Үкімет қабылдаған Инфляция деңгейін төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешені іске асырылуда. Бағаны ұстап тұру үшін 5,7 млрд теңге бөлінді, оның 1,1 млрд теңгесі – тұрақтандыру қорына өнім сатып алуға, 4,6 млрд теңгесі – айналымдық схема бойынша тұрақтандыру қорын құруға бағытталды. Тұрақтандыру қорына 10 мың тонна азық-түлік тауарлары сатып алынған, бүгінгі күнге қалғаны 1,3 тонна. Қосымша 400 млн теңгеге 830 тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдер сатып алу жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта 475 мың тонна азық-түлік өнімдерінің қоры бар. «Айналымдық схема» бойынша 4,1 млрд теңгеге 21 шарт жасалды. Бүгінде 4,5 мың тонна өнім бар, форвардтық сатып алу бойынша 3,5 мың тонна көкөніс жеткізілетін болады. Қосымша 1,4 млрд теңге жеңілдетілген қарыз беру жоспарлануда. Түркістан облысынан ерте пісетін көкөніс жеткізуге шарттар жасалуда», — деді Қ. Бозымбаев.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 1,3 мың гектарға ұлғайтылып, 974 мың гектарға жеткізіледі.

Жалпы құны 75 млрд теңгені құрайтын 47 инвестициялық жоба іске асырылады. Атап айтқанда, импортты алмастыру міндеті аясында «Прима Құс» компаниясының жылына 36 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы салынуда, инвестиция көлемі – 34 млрд теңге.

1 мың гектарға қарқынды бақ салу бойынша құны 33 млрд теңгелік жоба іске асырылуда. Сыйымдылығы 6 мың тонна жеміс сақтау қоймасы салынды. Сонымен қатар биыл 11,4 мың тонналық тағы 4 жеміс сақтау нысанын іске қосу көзделуде. 34 млрд теңгеге жеміс-жидек кластерінің инфрақұрылымы салынып жатыр.

«Көкөністерді жыл бойы өндіруге көшу үшін 4,7 гектарда өнеркәсіптік жылыжай іске қосылады. Осылайша облыста жылыжай көкөністерін өндіру көлемі 35 мың тоннаға дейін жеткізіледі», — деді Қ. Бозымбаев.

Әкімнің айтуынша, ішкі нарықты алмамен қамтамасыз ету мақсатында облыста 400 гектарға жаңа жеміс бағы отырғызылады. Қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын барынша жүктеу үшін 15 бордақылау алаңы және 3 сүт-тауар фермасын құру жоспарда бар.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде, биыл 1,4 млн тонна астық, бір миллион тоннадан астам көкөніс және 742 мың тонна картоп жинау жоспарлануда. Сондай-ақ ет өндірісі 3,9 пайызға, сүт 2,5 пайызға және жұмыртқа өндірісі 4,9 пайызға ұлғаяды.Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі үнемі бақылауда», — деп қорытындылады Қ. Бозымбаев. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу