Қазақстанда жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып отыр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекет басшысының биылғы 29 наурызда ҚР Парламенті сессиясының ашылуы барысында берген тапсырмаларын іске асыруға кірісті. Жұмыстың негізгі бағыттары туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Марат Қарабаев баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. Марат Қарабаевтың айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының биылғы 29 наурыздағы Қазақстан Республикасы Парламенті сессиясының ашылуы барысында берген тапсырмаларын іске асыруға кірісті. Ведомство басшысы әр тапсырма бойынша қысқаша есеп берді.

Геология саласындағы заңнаманы жетілдіру

М. Қарабаевтың мәлімдеуінше, қолданыстағы заңнамаға түзетулер пакетін енгізу жоспарлануда:

  1. Қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі операцияны жүргізу кезінде жер қойнауынан алынатын және өтелген қорлардың дұрыс есебін қамтамасыз ету жолымен жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану. Бұл пайдалы қазбаларға бай учаскелерді іріктеп өңдеуге жол бермей, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан толық көлемде алуға мүмкіндік береді.

  2. Геологиялық зерттеу кезеңінен барлау және өндіру кезеңіне өтуге айрықша құқық беру.

  3. Саланы цифрландыру арқылы лицензия беру рәсімін оңайлату, бұл «бірінші өтінім» қағидаты бойынша ұсыну тетігінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Индустрияландыру, өндірісті оқшаулау және инфрақұрылымды жаңғырту

«2029 жылға дейін 147 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 33 трлн теңгеден асатын 800-ден аса инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Осы жобаларды іске асыру шамамен 9 трлн теңге сомасына өндіріс көлемін қамтамасыз етеді, импортты алмастыру 5 трлн теңге, экспорт 4,2 трлн теңге деңгейінде болжанады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, қосылған құны жоғары тауарларды оқшаулауды және шығаруды тереңдетуге негізінен машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар бағытталған. Іске асырылып жатқан жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында биыл шағын өнеркәсіптік аймақтар іске қосылады, қаражат Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы көзделеді.

Өндірілетін ресурстардың қосылған құнын ұлғайту

Бұл тапсырма «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң шеңберінде іске асырылатын болады, онда ішкі қайта өңдеушілерді қолжетімді бағамен отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі нормалар көзделген. Қазірдің өзінде алюминий, мыс және қорғасынды өңдеу артуда.

Шикізатты ішкі тереңдетіп өңдеуді және дайын бұйымдарды шығаруды ұлғайтуға мүмкіндік беретін 20 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Осылайша, 2029 жылға қарай алюминийді 5 есе, қорғасынды 4 есе және мысты 13 есе ішкі өңдеуді ұлғайту жоспарланып отыр.

Елішілік құндылықты дамыту

2022 жылдың қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жалпы көлеміндегі елішілік құндылық үлесі 53,5%-ды құрады. Бұл ретте ішкі резервтер есебінен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту әлеуеті $46,3 млрд-ты құрайды.

Даму үшін ең үлкен әлеуетке ие негізгі салалардың қатарына машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдары жатады. Қазір келесі бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде:

  1. офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді шарттар жасасу бөлігінде нормаларды күшейту;

  2. ірі кәсіпорындардың отандық тауар өндірушілерді қолдау, шарттар жасасу, шағын және орта бизнес белдеуін құру, әлеуметтік қамсыздандыру және тағы да басқа мәселелерді қамтитын, кемінде 3 жыл мерзімге елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын қабылдау жөніндегі міндеттемелерін белгілеу.

Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар

«Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылатын болады. Халықтың сапалы тыныс-тіршілік деңгейін арттыру және инфрақұрылымдық дамудың негізгі проблемаларын шешу мақсатында жоспарда базалық инфрақұрылым жобалары, оның ішінде автомобиль және темір жолдарымен, әуе желілермен, сумен, жылумен, газбен және электрмен жабдықтау, сондай-ақ байланыс, телекоммуникациямен және тағы да басқалармен қамтамасыз ету көзделетін болады», — деді Марат Қарабаев.

Ұлттық Жоспар әлеуметтік-коммуналдық салалардағы проблемаларды шешуге ғана емес, сондай-ақ пайдалануға берілетін жаңа өнеркәсіптік объектілердің энергия ресурстарына өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Шекара маңындағы аумақтардың тұрғындары үшін тұрғын үйді арзандату

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Марат Қарабаевтың айтуныша, халықтың ауылдық және шекара маңындағы аумақтардан кетуін азайту мақсатында бірінші кезекте жаңа өндірістерді іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру, Өнеркәсіп қорында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылатын болады.

Ауылдағы тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында өз қызметкерлері үшін жалға берілетін үйлер салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылды. Осы тетік арқылы ауыл қызметкерлері үшін 2 мың 855 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа ауылдық жерлерде жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жыл сайын 22 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілетін болады.

Қала құрылысы кодексінің мәселелері

Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, Құрылыс кодексін әзірлеу мақсатында Жұмыс тобы құрылып, кезеңдік іс-шаралары бар Жол картасы бекітілді.

«Ірі салалық қауымдастықтардың және салалық институттардың өкілдерімен бірлесіп, кодекстің бірінші жобасы әзірленді. Жобаны осы айда біз қоғамдық талқылауға шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін әзірленген жобаны Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарлануда», — деді ол.

Жалпы Құрылыс кодексі 4 заңды біріктіреді және 8 кодекске өзгерістер енгізуді көздейді. Өз кезегінде құрылыс процесінің циклын жоспарлаудан пайдалануға дейін толық қамтитын болады.

#Инфрақұрылымдық даму

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу