Қазақстанда қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер пысықталуда

Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыз алуы мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Үкіметке «Қарызсыз қоғам» жобасын бүкіл елімізге ауқымды етуді тапсырды. Бұл ретте Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті жұмыстар атқаруда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Оның айтуынша, бүгінгі көтеріліп отырған мәселе өте өзекті, сондықтан ол жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді. 

Атап айтқанда, арнайы Жол картасы әзірленді және бекітілді. Ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ бірігіп іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдар мен «AMANAT» партиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. 

Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылуда. Жобалық офистердің негізгі міндеті – кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру. Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі. Оған банктер қаржылық жағынан ықпалдасатын болады.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. 

«Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталуда. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін тиісті әдістемелер мен оқу құралдары дайындалатын болады. Нәтижесінде осы бағыт аясында 750 мың оқушы мен студенттерді оқыту жоспарланып отыр», — деді Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер беретін болады. Жалпы халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету кешенді шараларды көздейді. Әсіресе банктер мен микроқаржылық ұйымдардың пруденциалдық реттеуін қайта қарауды талап етеді. Бұл тұрғыда қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер пысықталуда. Атап айтқанда, түзетулер топтамасы халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, банк омбудсменінің қызметін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ кепілсіз онлайн несие беру сегментінде тәуекелдерді азайту мәселелері қарастырылуда. 

«Үкімет Қаржы қадағалау агенттігінің халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге бағытталған барлық ұсынысын қолдайды. Аталған проблемаларды шешу тетіктерінің бір – жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану. Қазір тиісті заң нормалары күшіне еніп, жұмыс істеуде», — деді Ерұлан Жамаубаев. 

Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады. 

«Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша “Qoldau” деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін 24 мемлекеттік орган мен ұйым базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады», — деді қаржы министрі.

Биылғы 3 наурыздан бастап 70 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 80%-дан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: жеке басында мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу. Нәтижесінде бүгінгі таңда 9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгінген. Дегенмен жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергінің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр. Осыған байланысты келесідей нормалар ұсынылатын болады:

1) соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту;

2) азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату;

3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.

Әрине, банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шешпейді, көбісі банкроттықтың салдарын жақсы түсінеді. Бұл ретте банкроттық процесінің дұрыс жүруін тиісті түсіндіру жұмыстары оң ықпал етуде. Атап айтқанда:

  • Заңның негізгі ережелерін ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылды;

  • Қаржы министрлігінің және оның ведомстволарының сайттарында тиісті түсініктемелер орналастырылды, 14-14 телефоны арқылы қызмет көрсету орталықтарында банкроттық бойынша кеңес алу мүмкіндігі туралы барлық азаматтарға СМС-хабарламалар жіберілді;

  • мемлекеттік органдардың бөлімшелері, банктер, Халыққа қызмет көрсету және Халықты жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қатысуымен азаматтардың банкроттық рәсімдерін қарастыру бойынша ұйымдасқан кеңестер өткізілуде;

  • барлық өңірдің тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылуда;

  • медиа-жоспар аясында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубевтың сөзінше, жалпы халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету және «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту бойынша кешенді шаралар қабылдау жалғасатын болады.

Әрі қарай тақырып бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов баяндама жасады.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету шараларын қабылдауды тапсырды. Бүгінде екінші деңгейдегі банктердің тұтынушылық несиелерінің жалпы көлемі 9,2 трлн теңгеден асады. Өткен жылы өсім 25,3%-ды құрады, биылғы 8 айда өсім 20%-дан асты. Төлем мерзімі 90 күннен асатын қарыздардың үлесі 5,2%-ды немесе 500 млрд теңгеден астам болды. Проблемалық қарыз алушылардың саны 516 мың адамды құрады.

Микроқаржы секторында өткен жылы тұтынушылық шағын несиелер портфелі 46%-ға ұлғайды. Биыл 8 айда 11%-ға ұлғайып, 1,1 трлн теңгені құрады. Проблемалық қарыздар 8,8%-ды немесе 98 млрд теңгені құрайды. Мерзімі өткен қарыз алушылар саны 347 мың адамды құрады. Тұтынушылық несие берудің және азаматтардың борыш жүктемесінің өсуін шектеу үшін агенттік төмендегі іс-шаралар кешенін іске асырды:

Бірінші. Тұтынушылық несиелерді беру қарқынын азайту үшін несиелік ұйымдардың капиталына қойылатын талаптар арттырылды. Банктер бойынша тұтынушылық несиелерді тәуекел-саралау коэффициенттері 150%-дан 300%-ға дейін көтерілді. Микроқаржы ұйымдары бойынша бұл коэффициенттер 100%-дан 500%-ға дейін көтерілді. Микроқаржы ұйымдары үшін несие портфелінде проблемалық шағын несиелердің үлесіне 20% деңгейінде ең жоғары лимит енгізілді.

Екінші. Қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау сапасын арттыру мақсатында банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК) есептеу талабы енгізілді. Бұл коэффициент қарыз алушы кірістерінің 50%-ы деңгейінде белгіленді. Өткен жылы аталған коэффициентті есептеген кезде жанама кіріс түрлерінің саны кірістің 18 түрінен 12-ге дейін азайтылды. Бұл берілетін кредиттердің сапасын жақсартады.

Үшінші. Қарыз алушыларға түсетін жүктемені азайту мақсатында 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі шағын несиелер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері 25%-дан 15%-ға дейін төмендетілді. Сонымен бірге 1% деңгейінде күнделікті мөлшерлеменің лимиті енгізілді.

Төртінші. Проблемалық кредиттері бар қарыз алушыларға қолдау көрсету мақсатында 2021 жылдан бастап проблемалық берешекті сотқа дейін реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді. Тәртіпте қаржы ұйымдарының мерзімі өткен қарызды қайта құрылымдау туралы өтініштерді міндетті түрде қарауы көзделген. Егер қарыз алушы қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге келмесе, ол агенттікке жүгінуге құқылы. Аталған норманы іске асыру мақсатында былтыр агенттік банктер мен микроқаржы ұйымдарынан халықтың проблемалық несиелерін азайтудың жеке жоспарларын талап етті.

«Мемлекет басшысының халықтың шамадан тыс несие алуын азайту жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында жеке жоспарлар жаңартылды. Жоспарларға сәйкес келесі жылдың соңына дейін 1 449 мың қарыз алушының несиелік жүктемесі төмендетіледі. Олардың борыш сомасы 275 млрд теңгені құрайды», — деді Олжас Қизатов.

Оның айтуынша, қарыз алушылардың мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында коллекторлардың басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары заңнамалық түрде енгізілді. Коллекторлық агенттіктер капиталының ең төмен мөлшеріне қойылатын талаптар 100 млн теңгеге дейін арттырылды. Бас прокуратурамен бірлесіп, коллекторлардың дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін енгізу жөнінде түзетулер әзірленді. Оларды Парламент Мәжілісі қарауда. 

Парламент Мәжілісі депутаттарының ұсыныстары бойынша халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қарыз алушылардың құқықтарын күшейту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер блогы әзірленді.

Біріншіден, халықтың шамадан тыс несие алуын азайту үшін 90 күннен астам төлем мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кепілсіз тұтынушылық банк қарыздарын беруге тыйым салу көзделеді. Сонымен бірге коллекторлық агенттіктерге тұтынушылық банк несиелері мен шағын несиелер сатуға шектеулер енгізу, сондай-ақ коллекторлардың сатып алынған несиелері бойынша берешекті реттеу міндетін енгізу көзделеді. Тұтынушылық несиелердің шамадан тыс өсуін шектеудің қосымша шарасы ретінде заңнамалық деңгейде тұтынушылық несиенің ең жоғары сомасына шектеу енгізу ұсынылады.

Екіншіден, онлайн шағын несие беру сегментіндегі тәуекелдерді ескере отырып, 45 күн мерзімге және 50 айлық есептік көрсеткішке дейін берілетін шағын несиелердің ерекше түрін толық жою туралы мәселеге бастама жасалды. Агенттік барлық шағын несиелер бойынша бірыңғай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеуді ұсынды.

Үшіншіден, атқарушылық іс жүргізу аясында қарыз алушыларды қорғаудың жүйелік шаралары көзделеді. Ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу көзделеді. Ипотекалық қарыз алушыларға банк өндіріп алған тұрғын үйде тұру мүмкіндігін беру үшін банктерге бұрынғы меншік иелеріне тұрғын үйді жалға беру мүмкіндігі ұсынылады. Банк шоттарына тыйым салынған жағдайда қарыз алушылар қажеттіліктерін өтеуі үшін өз ақшасын пайдалана алуы қажет. Ол үшін қарыз алушының шотында бір ең төмен жалақыдан кем болмайтын ақша қалдығын сақтау ұсынылады.

«Қаржылық алаяқтардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу – маңызды мәселе. Бұл орайда заңнамалық шараларға сәйкес Ұлттық банкпен бірлесіп, бірыңғай Антифрод-орталық құру көзделеді. Ол алаяқтық операциялар бойынша деректер жинауды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге нарық субъектілері нақты уақыт режимінде күдікті операцияларды бұғаттай алады», — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов. 

Сонымен бірге азаматтардың несиелерден ерікті түрде бас тартуы және қаржы ұйымдарының қарыздар туралы ақпаратты несиелік бюроларға онлайн режимде беруі ұсынылады.

Бұдан басқа қаржы ұйымының алаяқтық операциялар бойынша клиентке келтірілген залалды өтеу немесе оған қойылатын талаптарды тоқтату жауапкершілігі көзделеді. Жоғарыда аталған заңнамалық бастамаларға қосымша агенттік заңға тәуелді актілер деңгейінде төмендегідей шараларды қабылдайтын болады:

Бірінші. Пруденциялық реттеуді қатаңдату аясында Ұлттық банкпен бірлесіп, тәуекел-саралаудың жоғары коэффициенттерін белгілеу жоспарланып отыр.

Екінші. Қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін дұрыс бағалауды арттыру үшін борыш жүктемесі коэффициентін есептеу кезінде жанама кірістер түрлерін 12-ден 8-ге дейін қысқарту қосымша жоспарланып отыр.

Сонымен қатар аталған коэффициентті есептеу бойынша талаптар барлық қарыз алушыға және жеке тұлғалардың барлық қарызына қолданылатын болады (бүгінде коэффициент кепілсіз қарыздарға және екі орташа жалақыдан жоғары кірісі бар қарыз алушыларға қатысты есептелмейді).

«21 жасқа толмаған азаматтарға несие беруді шектеу үшін несиелер ресми кірістері расталғаннан кейін ғана беріледі», — деді Олжас Қизатов.

Үшінші. Микроқаржыландыру нарығын және коллекторлық қызметтер нарығын заңнама талаптарын орындай алмайтын субъектілерден тазарту мақсатында микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің ең төмен капиталына қойылатын талаптарды кезең-кезеңмен арттыру жалғастырылады.

«Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту, қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру Агенттік қызметінде маңызды басымдықтар болып қала береді. Осыған байланысты, бұл бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жалғастырылатын болады», — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу