Қазақстанда еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Жұмыстың негізгі бағыттары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова баяндады.

Министрдің міндетін атқарушы бірінші бағыт бойынша ана мен баланы әлеуметтік қолдау жөніндегі мәселелер блогына қатысты пікір білдірді.

«Биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі, оған 1,2 триллион теңге қаржы жұмсалатын болады», — деп мәлімдеді Т. Дүйсенова.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Биыл І тоқсанда төлем алушылардың жалпы саны 435 мыңды құрады, оның ішінде жұмыс істемейтін 93 мыңға жуық ана республикалық бюджеттен жәрдемақы алады, ал жұмыс істейтін 343 мыңнан астам ана — Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады.

Жыл соңына дейін бала күтімі бойынша төлемдерді 760 мың ана алады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсаттарға 334,5 млрд теңге қарастырылған.

Әлеуметтік көмек жүйесін жаңғырту жалғасуда. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өтініштерін ескере отырып, аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға заттай берілетін пакет биылдан бастап ақшалай форматқа ауыстырылды.

Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша көрсетілген 1,4 млрд теңге сомасындағы әлеуметтік төлемдермен мектеп жасына дейінгі 114 мыңнан астам бала қамтамасыз етілді. АӘК төлеуге 74 млрд теңге қарастырылған, олар өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттермен берілген.

Екінші бағыт – мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейту.

«Өздеріңіз білетіндей, жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлері 8,5%-ға артты. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Қаржы министрлігімен бірлесіп, мүгедектігі бар азаматтарға, оларға күтім жасайтын тұлғаларға және асыраушысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін тағы 14,5%-ға арттыру бойынша есептер пысықталуда», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

Қосымша қажеттілік 43 млрд теңгеден асады.

Мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін олардың ұсыныстарын ескере отырып, бірқатар пилоттық жобалар әзірленді және оларды 1 шілдеден бастап іске асыру жоспарланып отыр.

Олар:

  • жоғары сапалы катетермен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 328 млн теңге бөлінді;
  • жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін гигиеналық құралдардың (жөргектердің) нормативін 2 есеге арттыру қарастырылды;
  • алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп психикалық ауытқуы бар балаларды санаторий-курорттық емдеуге жіберу критерийлері айқындалды. Биыл пилоттық режимде еліміз бойынша 1000 бала сауықтыру шипажайларына жіберілмек;
  • Пилоттық режимде жан басына шаққандағы нормативті енгізу және секторды әлеуметтік қызметтерге кеңінен тарту қарастырылды. Пилот 7 өңірде жүргізілетін болады.

 Үшінші бағыт – Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын күшейту.

«Қазақстанда осы санаттағы қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру үшін 2005 жылдан бастап жазатайым оқиғалардан әлеуметтік сақтандыру жүйесі және 2015 жылдан бастап 50 жасында ерте зейнетке шығуды көздейтін зейнетақымен қамсыздандырудың кәсіби схемасы енгізілді», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

Бірақ, оның айтуынша, бұл екі жүйе де аннуитетке негізделген. Егер бірінші жүйе бойынша төлемдер тек зейнет жасына дейінгілерге жүргізілсе, екіншісінде жинақтардың аздығына байланысты аннуитеттер барлығына бірдей қол жетімді бола бермейді.

Осыған орай Мемлекет басшысы арнайы төлемдер енгізу арқылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуді тапсырды. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде отандық және әлемдік тәжірибені зерделеп, Министрлік бірқатар тәсілдерді қарастыра отырып, моновариантты есептеулер жүргізді.

Төртінші бағыт – проактивті форматта қызмет көрсету.

Министрдің м.а. айтуынша, осы тапсырманы орындау мақсатында әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды одан әрі ілгерілету жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Бұл бағыттың басты міндеті – әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу және белсенді қызметтер көрсету. Осы мақсатта биыл жыл басында Отбасының цифрлық картасы енгізілді.

Бірінші тоқсанда азаматтарға әлеуметтік төлемдердің қандай да бір түрлерін алу құқығы туралы 59 мыңнан астам смс-хабарлама жіберілді.

«Бүгінгі таңда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Отбасының цифрлық картасының деректерін өзектендіру, отбасылардың мәртебесін нақтылау және мұқтаж отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында тиісті жұмысты бастады», — деді Т. Дүйсенова.

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, дамыту жұмыстары жүргізілуде. Олар:

  • ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін Әлеуметтік қызметтер порталын;
  • онлайн еңбек шарттарын жасасу үшін Электрондық еңбек биржасын;
  • елімізге келіп кететін азаматтардың барлық санаттарын есепке алуды және мониторингті көздейтін көші-қон ағындарынының бірыңғай есепке алу жүйесін;
  • мүгедектікті проактивті түрде белгілеуге арналған Бірыңғай терезе жүйесін дамыту.

Бесінші бағыт – еңбек нарығының кешенді жоспарын құру.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2030 жылға дейін Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу аяқталды.

«Жоспардың басты бағдары – азаматтарды тұрақты жұмыс орындарымен қамту, кемінде өңірдегі орташа жалақы мөлшерінде еңбекақы төленетін, әлеуметтік кепілдіктері бар, қауіпсіз, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын құру. Осы мақсатта жұмыспен қамту саласының заңнамалық негізін дамытып, оған байланысты салалық кедергілер мен өңірдегі үйлеспеушіліктерді шешу жөніндегі шаралар ұсынылады», — деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін әзірлеу жұмыстары жалғасуда.

Қазіргі уақытта Министрлік Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп ЕТЖ мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасын әзірледі.

ЕТЖ мөлшері орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады. Бұл тәсіл жұмыскерлердің кірістері мен өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Бүгінде әдістеме жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен келісу рәсімінен өтуде.

Биылғы 1 шілдеге дейін Әдістемені заңнамалық тұрғыдан бекіту үшін Еңбек кодексіне енгізілетін тиісті түзетулер әзірленетін болады.

#Жұмысқа орналастыру

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу