Қазақстан Үкіметінде еліміздегі бәсекелестікті дамыту шаралары қаралды

Елімізде бәсекелестікті дамыту туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Тимур Сүлейменов айтып өткендей, 2017 жылы бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау тұрғысынан 108 заң мен 972 заңға тәуелді актіге ревизия жүргізілді. Көрсетілген заңнамалық актілерге жүргізілген ревизия нәтижесінде бәсекелестікке кедергі келтіретін 144 норма анықталды.

Бизнес шығындарын төмендету бойынша түбегейлі шаралар бизнесті қайта реттеуге; бірқатар ақылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, монополист кәсіпорындар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың қызметтерін қысқарту немесе олардың құнын төмендетуге; жекелеген салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер (алымдар) мөлшерлемелерін қайта қарауға; рұқсат алу кезінде мемлекеттік бақылау немесе қадағалауды жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерге қойылатын шамадан тыс талаптарды жоюға; ақпараттық құралдарды оңтайландыруға; табиғи монополия субъектілерінің инженерлік желілеріне қосу бойынша техникалық талаптар беруді регламенттеуге бағытталды.

Тиісті заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді, ол «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында көрініс тапты. Қазіргі уақытта осы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

«YellowPagesRule» қағидаттарын заңнамалық түрде бекіту мақсатында Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді, онда бастапқыда жекешелендірілуі тиіс 734 объект болды. 2016-2017 жылдары Жекешелендірудің кешенді жоспарында көзделген 902 объектінің нақты бәсекелес ортаға 367 объекті (164 млрд теңге сомаға) берілді.

2017 жылғы қарашада Қызмет түрлерінің тізбесін өзектендіру шеңберінде министрлік тауар нарықтарын талдау қорытындылары бойынша Үкіметке 65 қызмет түрін алып тастау туралы ұсыныстар жіберді. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде жалғастырылатын болады.

«Қазіргі уақытта министрлікте менің төрағалық етуіммен бәсекелес ортаға беру немесе тарату, сондай-ақ оларды шоғырландыру үшін мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін айқындау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының жұмыс қорытындысы бойынша ақпарат Үкіметке үш кезең – 2018 жылғы сәуір, мамыр және маусымда енгізіледі», — деп баса айтты  Тимур Сүлейменов.

Бәсекелестікті қорғау саласында 2017 жылы аяқталған тергеп-тексерулер саны 212-ні құрады, оның ішінде 187 тергеп-тексеру бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылықтарды анықтай отырып аяқталды. 2017 жылы барлығы 2,01 млрд теңге сомасына айыппұл салынды, оның ішінде 594 млн теңге өндіріп алынды. Қазіргі кезде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына 81 тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, атап айтқанда көмірдің бастапқы және қайталама көтерме және бөлшек сауда нарықтарында; ЖЖМ-ды бөлшек саудада өткізу нарығында.

2016 жылы Қазақстанның монополияға қарсы органы ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі комитетіне қатысушы ретінде қабылданды. 2018 жылы ҚР монополияға қарсы заңнамасына енгізілген өзгерістердің практикалық қолданылуына талдау жүргізу мақсатында ЭЫҰД сарапшыларының сапары жоспарланып отыр. 2019 жылы ҚР бәсекелестік заңнамасы мен саясатына ауқымды шолу жүргізіледі.

Талқыланған мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов өз пікірімен бөлісті.

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаевқа Мемлекет басшысының бәсекелестікті дамыту бойынша тапсырмаларын орындауды жұмыс деңгейінде бақылау тапсырылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу