Алдағы жылыту маусымына дайындық барысында Екібастұз ЖЭО-да 10 қазандықты жөндеу көзделіп отыр — Энергетика министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Сондай-ақ атқарылып жатқан жұмыстар туралы энергетика министрі – Алмасадам Сәтқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі – Марат Қарабаев, Павлодар облысының әкімі – Асайын Байханов, Қарағанды облысының әкімі – Ермағанбет Бөлекпаев, Абай облысының әкімі – Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.

Энергетика министрі А. Сәтқалиев мәлім еткендей, Жүйелік оператор бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес 2023 жылы электр стансаларында 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.

3 энергия блогында, 19 қазандықта және 8 турбинада жөндеу жұмыстары түрлі кезеңдерде жүргізіледі. 3 қазандық пен 8 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Электр желілерінде осы жылы жалпы ұзындығы шамамен 25,3 км электр беру желілерін, 567 кіші стансаны, 3,5 тарату пунктін және трансформаторлық кіші стансаларды күрделі жөндеу жоспарланған. 1,9 км электр беру желілері мен 69 кіші станса, 469 тарату пункті мен трансформаторлық кіші стансалар жөнделді.

Алматы қаласы бойынша Алматы жарық компаниясы акционерлік қоғамында, Түркістан облысы бойынша Оңтүстік Жарық Транзит мекемесінде жөндеу жұмыстары кешігіп жүргізілуде. Сонымен қатар Атырау, Қостанай, Абай, Маңғыстау облыстарындағы электр стансаларында негізгі жабдықтарды жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмауы байқалады.

«Біз алдағы жылыту кезеңінде қауіпті аймаққа енгізілген энергетикалық кәсіпорындарды анықтадық. Меншік иелері тарапынан жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың болмауына байланысты әкімдік, Өскемен жылу желілері және Риддер жылу электр орталығы акционерлік қоғамының арасында стансада жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды», — деп мәлімдеді энергетика министрі.

Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар барлық 6 қазандық бойынша жөндеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар қажетті материалдар сатып алынады, құбыр өнімдері жылу электр орталығына әкелінуде. Сондай-ақ жылу желілеріне жөндеу жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Екібастұз жылу электр орталығының алдағы жылыту маусымындағы сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде 10 қазандықты жөндеу жоспарланған.

Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүргізілуде. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орта Азия электр энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының есебінен жөнделеді.

Энерегетика министрінің мәліметінше, «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының Екінші жылу электр орталығында №1 қазандығын жөндеуді аяқтау мерзімі мамырдан тамызға дейін 3 айға ұзартылды. № 7 жаңа қазандықтың құрылысы бойынша қазандық барабанының жарамдылығы туралы сараптама жүргізу қажет.

«Жезқазған жылу электр орталығында № 4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Батыс аймақта авариялық жөндеуге байланысты резервтің болмауына байланысты «МАЭК» жылу электр орталығы электр стансасында №1 (20 қазаннан бастап жоспарланып отыр) қазандықта, сондай-ақ «МАЭК» мекемесінің 2-ЖЭО-да №10 және 6 турбиналарында күрделі жөндеу басталған жоқ. Кентау жылу электр орталығында қазандықтарға жөндеу жұмыстары 2015 жылы, ал күрделі жөндеу жұмыстары тек 2012 жылы жүргізілді.Осы жылы 4 қазандықты №8, 9, 10, 11 реконструкциялау жоспарланған. Қажетті 7,5 млрд теңгеден облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Әкімдік жергілікті бюджеттен қаражат іздеу жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деп баяндады А. Сәтқалиев. 

Энергия көздерінің отын қоймаларында 3,3 млн тонна көмір және 95 мың тонна мазут жинақталған. Сонымен қатар 8 стансада отын қоры нормадан төмен.

Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып отыр.

Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 15 млрд 574 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» мекемесінің алдында 6 млрд 541 млн теңге сомасында берешегі бар. Энергетикалық кәсіпорындар қарызды өтеуді жеделдетуі қажет.

Алдағы 2023-2024 жылғы күзгі-қысқы кезеңге сәтті дайындық үшін:

  • жөндеу жұмыстарының қажетті көлемде және келісілген мерзімдерде орындалуын қамтамасыз ету;
  • жоспарланған жөндеу жұмыстарының көлемін, оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар бойынша қысқартуға жол бермеу;
  • энергия көздерінде отынның және қосалқы бөлшектердің нормативтік қорын жасау;
  • персоналдармен аварияға қарсы жаттығулар өткізу қажет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ведомство халық пен бюджеттік ұйымдардың көмірге сұранысын қалыптастыру бойынша нақты мерзімдерді көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдағанын хабарлады.

Жоспарға сәйкес ағымдағы жылыту кезеңінде көмір өніміне сұраныс 9 млн 300 мың тоннаны құрайды. Индикаторлар барлық өңірлерге жеткізілді. Осы жылдың 5 айында 45,2 млн тонна көмір өндірілді, оның 2,7 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа жөнелтілді. 

Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында Министрлік көмірді автомобиль көлігімен әкетуді шектеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдауда. Алайда, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, әлеуметтік көмірді сату орындарынан алып кету ықтималдығы ашық күйінде қалып отыр. 

Сонымен қатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы 22 маусымдағы жағдай бойынша 2500 білім беру объектісінде, 1700 денсаулық сақтау объектісінде, 7300 тұрғын үйде қысым беру жұмыстары жүргізілді. Барлық өңірлерде жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда 89 қаланың 30-ында техникалық тексеру аяқталды. Бұл ретте, 8 қалада орталықтандырылған жылумен жабдықтау жоқ, 9 қалада бұл жұмыстар талап етілмейді. 21 қалада техникалық тексеру жұмыстары әлі жүргізілуде. 14 қалада конкурстық рәсімдер өткізілуде. 7 қалада техникалық тексеру жүргізу бойынша жұмыстар басталған жоқ, олар: Семей, Курчатов, Өскемен, Риддер, Жаркент, Жаңаөзен және Алматы қалалары», — деді М. Қарабаев.

Жоспарлы жөндеу жұмыстары инженерлік инфрақұрылым бойынша жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін 500 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желілерін жөндеу жоспарланған (ағымдағы және күрделі жөндеу, реконструкциялау), оның ішінде шамамен 107 шақырымы жөнделді. Жоспарланған 1 мың 400 шақырым сумен жабдықтау желілерінің 233 шақырымы жөнделді, сондай-ақ 46 шақырым су бұру желілері жөндеуден өтті. Автономды қазандықтарда алдағы жылыту маусымына дайындық кезеңінен өтуде. 

Осы жылы 13 мың 500 автономды қазандықты отын қорымен қамтамасыз ету қажет. Жалпы, бұл нысандар үшін 1 млн 300 мың тонна көмір, 14 мың тонна мазут, 30 млн литр дизель отынын дайындау қажет. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. 

Биыл жылумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту үшін 47 жобаны іске асыруға нысаналы трансферттер түрінде 69 млрд 400 млн теңге бөлінді.

Бюджеттік кредиттеу тетігі бойынша Қызылорда қаласында жылумен жабдықтаудың 2 жобасын іске асыруға 1 млрд теңге бөлінді. 

Үкімет резервінен қосымша Павлодар, Екібастұз қаласы, Ақмола облысы және Көкшетау қаласында жылу желілерін жөндеуге 16 млрд теңге бөлінді.

Бүгінгі таңда 47 жобаның ішінен дайындық жұмыстары 19 жоба бойынша жүргізілуде, 11 жоба бойынша желілерді орнату жұмыстары басталды. 

3 айда 7 шақырым жылумен жабдықтау желілері салынды, бұл жалпы жоспардың 6%-ын құрайды.

9 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталмаған және шарттар жасасу процестері кешіктіріліп отыр.

Сондай-ақ Шымкент қаласында және Қызылорда облысында 1 жоба бойынша Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу прокуратура органдарымен және сот қаулысымен тоқтатылған.

Сонымен қатар 6 жоба бойынша конкурс нәтижелеріне шағымдану фактілері орын алуда. Үкімет резерві есебінен іске асырылатын 8 жоба бойынша бір көзден алу тәсілімен шарттар жасалды. Бүгінгі таңда 6 жоба бойынша Көкшетау, Степногорск және Екібастұз қалаларында жылу желілерін салу басталды, 3,6 шақырым желілер салынды. Қалған 2 жоба бойынша Екібастұз және Павлодар қалаларында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бюджеттік кредиттеу шеңберінде Қызылорда қаласында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, жоспарланған 2,3 шақырым желінің шамамен 700 метрі салынды. Үкімет деңгейінде барлық қажетті қаражат өңірлерге бөлінді.

Әкімдіктер желілерді жаңғырту және реконструкциялау бойынша жұмыстардың уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуі қажет.

Алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындалу мақсатында әкімдіктер: 

  • 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің дайындығын қамтамасыз етуі; 
  • 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік, шығыс өңірлерде және Астанада, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық объектілердің толық дайындығын қамтамасыз етуі; 
  • инженерлік желілерде және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде барлық жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауы; 
  • осы жылдың тамыз айының соңына дейін меншік нысанына қарамастан барлық жылу желілеріне техникалық тексеруді аяқтауы; 
  • іс-шаралар жоспарына сәйкес бюджеттік ұйымдар мен халыққа көмір дайындау бойынша жұмыстарды бақылауға алуы қажет.

Павлодар облысының әкімі А. Байханов өз кезегінде шатырдың құлауы №6 және №7 қазандықтардың арасында болғаны, сондай-ақ адамдар мен жабдықтар зардап шекпегені жайлы тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ғимараттардың жай-күйіне техникалық тексеру жүргізіліп, ақау актілері жасалып, бетон элементтерін жөндеу және ауыстыру жұмыстары басталған.

«Қауіпсіздік техникасын сақтау мақсатында №6 және №7 қазандықтарда жөндеу жұмыстары тоқтатылған еді. Сол себепті, қазандықтарды жөндеу жұмыстарының мерзімі 10 күнге ұзартылды. Жоспар бойынша №7 қазандық – 10 шілдеде, ал №6 қазандық – 18 тамызда дайын болады. Қалған қазандықтарда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде», — деп баяндады өңір әкімі.

Сонымен қатар Павлодар қаласының 3-ші жылу электр орталығы бойынша, электр стансасы жабдығының барлық құрамымен максималды қуатын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Павлодар қаласы стансасының №4 қазандығында жөндеу жұмыстары бір апта бұрын аяқталды.

Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде негізгі жабдықтың 40 бірлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 49,1 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту, 43 шақырым болатын сумен жабдықтау және су бұру желілерінің күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі 2-ЖЭО-дағы №7 қазандықтың құрылысы бойынша баяндама жасап, қазіргі таңда қазандықты монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. 

Оның мәліметіне сүйенсек, жабдықтар толық көлемде әкелініп, жұмыстар 85%-ға орындалған. Биылғы қазан айында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Жыл соңына дейін іске қосу-жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» тарапынан материалдарды уақытылы жеткізбеу салдарынан кестеден артта қалу байқалады. 

Қазандықтың құрылысы әкімнің жеке бақылауында. Әкімдік энергетикалық қадағалаумен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, апта сайын жұмыс барысын тексеріп тұрады.

«2-ЖЭО-ны дайындауға келетін болсақ, стансаны жөндеуге 5 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 1 қазандықты және 1 турбинаны күрделі жөндеу, 2 қазандықты кеңейтілген-ағымдағы жөндеу және 2 турбинаны ағымдағы жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінде 2 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал, 1 турбинаны жөндеу аяқталды. №1 қазандықты жөндеу бойынша артта қалу бар. Бұл жөндеудің кеш басталуына және қосымша жұмыс көлемін анықтауға байланысты. Жалпы, №1 қазандық бойынша жұмыстарды осы жылдың 30 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Е. Бөлекпаев.

Оның айтуынша, Шахтинск жылу электр орталығын дайындауға шамамен 1,3 млрд теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарымен стансаның негізгі және қосалқы жабдықтары қамтылатын болады. 1 қазандықты күрделі жөндеу, 2 қазандықты және 2 турбинаны ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бүгінде 3 қазандық пен 2 турбинада жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жазғы кезеңде қажетті қосымша жабдықтарды сатып алу қамтамасыз етіледі және алдағы қысқа қосалқы бөлшектер мен материалдар қоры жасалады. Жалпы, стансаларды дайындау жалғасып келеді әрі тұрақты бақылауда.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірде алдағы жылыту кезеңіне дайындық мақсатында облыстық штаб құрылып, «Қаражыра» АҚ және ҚТЖ-мен көмірді жеткізу іс-шаралар жоспары мен кестесі бекітілгенін баян етті. 

Оның мәліметінше, бүгінгі таңда жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу және реконструкциялау бойынша, оның ішінде бір жоба 219 млн теңгеге жылумен жабдықтау желілерін салу, 1,7 млрд теңгеге екі жылу көзін реконструкциялау, 3,6 млрд теңгеге алты жоба бойынша жылу желілерін реконструкциялау, 2,4 млрд теңге сомасына облыстың жылу көздері мен жылу желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарлы жүргізіліп отыр. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама есебінен жалпы сомасы 191,5 млн теңгені құрайтын ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылған.

Барлық жобалар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, мердігер компаниялар анықталды. 

Бірінші ЖЭО жобасы бойынша 425 млн теңге сомасына 2023 жылдың 15 маусымында шарт жасалды. Жөндеу жұмыстары басталды.

5 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды, барлық жобалар бойынша 29 мамыр күні шарттар жасалды. Жөндеу жұмыстары биыл 30 қыркүйек күні аяқталады.

Бүгінгі тағда облыс әкімдігі жалпы құны 26,7 млрд. теңгені құрайтын 90% тозған 7 авариялық учаске бойынша жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

#Жылумен жабдықтау #Энергетика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу