Индустрияландыру күні аясында Қазақстанның үздік кәсіпорындары өндіріс және әлеуметтік жауапкершілік саласында қосқан үлестері үшін марапатталды

Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар индустриялық, инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар іске қосылған «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру күні аясында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты.

«Экспо» конгресс-орталығында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің жеңімпаздары мен «Іскер» арнайы сыйлығы, «Ұлы дала елі» «қолшатыр» брендін қолдану құқығын беретін байқау , сондай-ақ «Бизнес кемелділiк» — «Деловое совершенство» халықаралық сыйлығының үздіктерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты рәсім барысында Бақытжан Сағынтаев ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаздары — «СемАЗ» ЖШС (Шығыс Қазақстан облысы), «ALUGAL» ЖШС (Алматы облысы), «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы) марапаттады. Сыйлық өнім мен көрсетілетін қызмет сапасындағы елеулі жетістіктер мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, басқарудың тиімді тектіктерін енгізудегі жоғарғы көрсеткіштер үшін беріледі.

«Алтын сапа» байқауы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» атты төрт номинация бойынша өткізіледі. Биыл байқауға 182 компания қатысты, оның ішінде 78 шағын кәсіпкерлік, 76 — орта және 28 ірі кәсіпорын бар.

Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын еліміздегі 200-ге жуық кәсіпорын «Алтын сапа» үміткері болады.

«Алтын сапа-2018» байқауының «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясының лауреаттары: «Радуга» ЖШС (Солтүстік Қазақстан облысы), «Бал Текстиль» ЖШС (Түркістан облысы), «Novacom Technology» ЖШС (Жамбыл облысы).

«Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» болып «МЫРЗА-ХАН» ЖШС (Астана қ.), «Темір жол көлігіндегі қазақстандық сертификаттау орталығы» ЖШС (Астана қ.) және «БиКаДа» ЖШС (Маңғыстау облысы) танылды.

«Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» ретінде «Рыбпром» ЖШС (Алматы облысы), «БИЖАН» ет өндеу кешені» ЖШС (Алматы қ.), «Гормолзавод» ЖШС (Ақмола облысы) марапатталды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар «Парыз» сыйлығын табыстады. «Ірі кәсіпкерлік субъектілері» санатында бірінші орынды «Ең үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» номинациясында North Caspian Operating Company N.V., «Ең үздік ұжымдық келісім» номинациясында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Еңбекті қорғау саласындағы ең үздік кәсіпорын» номинациясында «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС, Экологияға қосқан үлесі үшін номинациясында «Интергаз Орталық Азия» АҚ иеленді.

Сонымен қатар, «Қазақстанның үздік тауары» (өндірістік, азық-түлік тауарлары және халыққа арналған тауарлар), «Ұлы дала елi» (экспортқа бағдарланған отандық өндірушілерді қолдау бойынша) байқауларының, кәсіпкерлік қызмет саласындағы арнайы «Іскер» сыйлығы және «Бизнес кемелділiк» — «Деловое совершенство» халықаралық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Марапаттау салтанатына сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Б. Әйтімова, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А. Мамин, Премьер-Министрдің Орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Т. Құлыбаев, ҚР-дағы Азия даму банкінің Тұрақты өкілі Дж. Капаннелли, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б. Әбдірайым және басқалары қатысты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының байқауды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімованың мәлімдеуінше, осы жыл «Алтын сапа» байқауына қатысушылардың саны бойынша рекордтық көрсеткішке ие: электронды форматта 182 компания өтінім жіберген, олардың 40 – финалға шығып, тек 14-і марапатқа ие болды. Жеңімпаздарды іріктеу үшін өңірлерге сапарлар ұйымдастырылып, жергілікті жерлердегі кәсіпорындар зерделенді.

«Үздіктердің үздігін іріктеу өте қиын болды, себебі барлық кәсіпорындар өз деңгейлерінің жоғары екенін көрсетті. Бір-бірінен бар-жоғы екі балға ұтылды деуге болады. Биыл біз өтінімдер мен құжаттарды электронды форматта қабылдадық, цифрландыру аясында бұл үрдіс жақсы дамып келеді, өте ыңғайлы, ешқайда жүгіріп, қағаз шығарып жүрудің қажеті жоқ. Беталысымыз дұрыс деп ойлаймын», — деді С. Әбдікәрімова.

Байқау «Алтын сапа» сапа моделіне, еуропа сапа менеджменті қорының моделіне негізделген. Бұл күллі әлем бойынша әмбебап ретінде саналады. «Алтын сападағы» жеңіс кәсіпорынды басқа халықаралық компаниялармен салыстыруға жол ашады. Бұдан өзге, биыл «Азықтық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» жаңа номинациясы енгізілді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік әріптестік басқармасының басшысы Мерей Мугиынов өз кезегінде, бүгін «Парыз» байқауы 11- рет өтізіліп отырғанын айтты. Байқауға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Өткізіліп келе жатқан уақыттан бері байқауға бүкіл елімізден 5 мыңнан аса кәсіпкер қатысты. 2018 жылы 391 өтінім келіп түссе, оның ішінен 25 жеңімпаз анықталды.

«Бұл уақыт ішінде республикалық комиссия 284 кәсіпорынды іріктеп алды. Байқау екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық. Өңірлік кезеңде үшжақты комиссия отырысы өтіп, олар өңірдегі ең үздіктерді анықтайды, бұдан соң бұл материалдар республикалық комиссияға жолданып, Президент Әкімшілігі қарайды», — деді М. Мугиынов.

«Алтын сапа-2018-ге» өзінің қатысуы мен жеңіске жетуі туралы PrimeMinister.kz тілшілеріне байқау лауреаттары айтып берді. «ALUGAL» ЖШС компаниясының басқарушысы Фатих Узуноғлы бұл кәсіпорынның Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, осы елдегі құрылысқа қажетті жоғары сапалы алюминий профильдерді шығаратын алғашқы зауыттардың бірі екенін айтып берді.

«Біз сан алуан түрлі, сапасы жоғары алюминий профильдерді өндіреміз, алюминий профильдерін жобалаумен, өндірумен, сатумен айланысамыз, сондай-ақ тапсырыс қабылдап, кез келген түрдегі профильді дайындап береміз. Біздің бес зауытымыз бар, олардың бәрі Алматы қаласында орналасқан. Біздің компанияларымыздың бірі өнімдерінің 50%-ын экспортқа шығарады, Тәжікстан мен Қырғызстанға алюминий жеткіземіз», — деді Ф. Узуноғлы.

«Теміржол көлігіндегі қазақстандық сертификаттау орталығы» ЖШС бас директоры Айдар Нығметов компанияның Қазақстан нарығында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап айтты.

«Біз “Алтын сапа” марапатына қызмет көрсету саласы бойынша ұсынылдық. Кеден одағының техникалық регламенті аясында өнімді сертификаттау бойынша қызметтер көрсетеміз. Қалыптасудан бастап сертификаттарды беруге дейін аса ауқымды жұмыстар жасалды. Қазақстандағы ірі компаниялармен жұмыс істейміз. Сонымен қатар біздің қоржынымызда экспорттық келісімшарттар бойынша 40%-дан аса тапсырыс бар. Техникалық регламент бойынша рельске шығатын кез келген теміржол көлігі барлық қауіпсіздік нормативтеріне сай келуі тиіс. Біздің сертификаттарымыздың берілуі Кеден одағы аясында еркін жүруге мүмкіндік береді. Біз үшін мұндай марапатты иеленіп, мойындалу – зор құрмет», — деді А. Нығметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу