Агросекторды цифрландыру аясында өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың электронды платформасы құрылады — Қ. Айтуғанов

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды жетілдіру туралы баяндады.  

Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы Заң 2004 жылы қабылданды. Заңның мақсаты жағымсыз табиғи құбылыстардың салдарынан кейін фермерлердің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Сонымен қатар, соңғы жылдары сақтандырылған егістіктердің азайғаны байқалып отыр — 84%-дан 56%-ға дейін. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі жүйені екі бағытта реформалауды ұсынады.

Біріншісі — өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру жүйесін электрондық форматқа көшіру.

«Ведомство барлық бизнес үрдістер жүзеге асырылатын электронды платформа құруды жоспарлауда. Жүйе электронды дерекқорлармен ықпалдастырылады, бұл енгізілген ақпаратты анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен ықпалдастыру өзіне тиесілі емес жер учаскесін жариялауға мүмкіндік бермейді», - деді Қ. Айтуғанов.

Оның айтуынша, жүйеде жерді қашықтықтан зондтау бейнелері пайдаланылады, ол мәлімделген учаскеде өсімдік жамылғысының өсу индексін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғарыш аппаратурасы мүміндіктерін пайдалану жоспарланған: ғарыш суреттері арқылы ауа-райы жағдайын – ылғалдылықты, ауаның, жердің температурасын және т.б. бақылауға болады.

Нәтижесінде, жүйе комиссияға алқапта дақылды өндіру динамикасы және зиянды бағалау туралы мәлімет береді.  

Екіншісі — өзара сақтандыру қоғамдары (ӨЗҚ) қызметін регламенттеу. ӨЗҚ үшін сақтандыру сыйлықақыларын азайту немесе оларды төлеуді тоқтату мүмкіндігін болдырмау ұсынылады.

«Ұсынылған электрондық жүйе заңнаманы бұзуға жол бермейді. Мысалы, ӨЗҚ мүшелерінің саны 250-ден кем болмауы керек. Алайда, бүгінде мұны ешкім бақыламайды, қазіргі таңда құрамында бес-ақ адам бар ӨЗҚ кездеседі. Өз кезегінде, жүйе мүшелерінің саны аз ӨЗҚ тіркелуіне мүмкіндік бермейді», — деп баяндады бірінші вице-министр.

Нәтижесінде, сақтандыру жүйесіне қолжетімділік пен ашықтық және жалпы сақтандыру тетігіне сенім артады және сақтандыру жағдайларын объективті талдау қамтамасыз етіледі. Аталған инфрақұрылым өсімдік шаруашылығындағы ерікті сақтандыруға одан әрі көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бағалау жүйесі қазірдің өзінде бар және бюджет шығындарын талап етпейді. Жүйені қолдау сақтандырушылардың жарналары есебінен қамтамасыз етіледі, олар 1 гектар сақтандырылған алқапқа 2 теңгеден аспайды. Фермерлер үшін бұл жүйе тегін болады.

«Аталған жобаны іске асыру жалпы агросекторды цифрландыру аясында нақты егін шаруашылығы мәдениетін енгізуге мүмкіндік береді», — деп қорытындылады вице-министр.

Аталған мәселе бойынша отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі — Амандық Баталов, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов түсініктеме берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу