Қазақстанда 2,4 млн адам ревакциналанды, бұл тиісті контингенттің 52,6% құрайды — ҚР ДСМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Қазіргі жағдай туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндады.

Әлемде соңғы аптада коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың саны 20%-ға төмендеді. 215 елдің 180-інде сырқаттанушылықтың төмендеуі, оның ішінде Америкада 46%-ға, Израильде, Арменияда 45%-ға, Чехияда 32%-ға, Ұлыбританияда 23%-ға, Түркияда 11%-ға, Австрияда, Ресейде 9%-ға төмендеуі байқалады.

Сонымен қатар әлемнің 35 елінде аурудың өсуі жалғасуда, оның ішінде Малайзияда 1,4 есе, Қытайда 1,3 есе, Таиландта 1,2 есе өскен.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, әлемдік рейтингте соңғы айда 1 млн халыққа шаққанда Қазақстанда сырқаттанушылық жағдайы 5 сатыға жақсарды және 120-орында тұр, өлім-жітім бойынша көрсеткіш 6 сатыға жақсарды және 225 орыннан 108-орында тұр.

«Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді, соңғы аптада аурудың тәуліктік өсімі тәулігіне 1 200 жағдайға дейін төмендеді, бұл инфекцияның таралу коэффициентіне де әсер етті, ол 27 қаңтардан бастап бір бірліктен төмен және 0,6-ға тең. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес қазіргі таңда Республика “жасыл” аймақта, 2 өңір “қызыл” аймақта және 2 өңір “сары” аймақта, қалған өңірлер “жасыл” аймақта орналасқан», — деді А. Ғиният.

Эпидемиологиялық жағдайдың көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Соңғы айда коронавирус инфекциясы жағдайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайды. Стационарда емделіп жатқан адамдардың саны 2,3 есе, амбулаторияда емделушілердің саны 5,1 есе азайды.

Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент, оның ішінде 86%-ы амбулаториялық деңгейде және 14%-ы стационарлық деңгейде емін жалғастыруда. Осы айда инфекциялық төсектердің қамтылуы 38%-дан 17%-ға дейін 2,2 есе, реанимациялық төсектердің қамтылуы 20%-дан 14%-ға дейін 6%-ға төмендеді.

А. Ғинияттың айтуынша, бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы бірінші компонентпен ересек халықтың 82,1%-ы егілді, бұл жалпы ҚР халқының 53,4%-ын құрайды. Екінші компонентпен 9,4 млн адам егілді, бұл егілуге тиісті халықтың 78,5%-ы және республиканың жалпы халқының 50%-ы. 

Қазіргі кезде негізгі профилактика шараларының бірі – ревакциналау. Биыл ревакциналау деңгейінің өсуі байқалады, бүгінгі күні 2,4 млн адам ревакцинация жасатты, бұл егілуге тиісті контингенттің 52,6%-ын құрайды. 

«Ұжымдық иммунитеттің қазіргі деңгейін сақтау үшін ревакциналау деңгейін төмендетпеуіміз қажет», — деді денсаулық сақтау министрі.

Министрлік республикадағы коронавирус инфекциясы штамының айналымдағы нұсқаларына мониторинг жүргізуде. Ақпан айында оң нәтижелі үлгілерді кезекті генотиптеу жұмыстары аяқталды. Елдің барлық өңірлерінде «Омикронның» айналымы анықталды және жалпы зерттелген үлгілердің 72%-ын құрады.

Сондай-ақ барлық өңірлерде «Омикронмен» қатар, «Дельта» штамының айналымы жалғасуда және жалпы үлгілердің 25%-ын құрайды.

Елдегі коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Үкіметтің Ведомствоаралық комиссиясы бизнес пен халыққа қатысты шектеу шараларын жеңілдетті, оның ішінде:

  1. Ashyq-та «жасыл» және «көк» мәртебесі бар адамдар (келушілер) үшін барлық эпидемиологиялық қауіп аймақтарында – объектілерге бару рұқсат етілген, сонымен қатар «қызыл» аймақта халық көп жиналатын объектілерді 

  2. ұйымдар мен кеңселердің офлайн режимде жұмыс істеуі үшін шектеулер алып тасталды;

  3. ревакцинация алған немесе екінші компонентті алғаннан кейін 6 айдан аспаса, COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған, елге келетін ҚР азаматтары үшін міндетті ПТР-тестілеу тоқтатылды;

  4. вакциналау паспорттарын бізбен өзара танитын 30 шет елдің азаматтарына ПТР тестісіз кіруге рұқсат етілді;

  5. ауру белгілері болмаған жағдайда байланыста болған адамдарды үй карантиніне оқшаулау тоқтатылды («Ashyq» жобасынан «сары» мәртебені алып тастау). 

Бұдан басқа, халықтың әлсіз топтарын вакциналаумен және ревакциналаумен қамтуды ұлғайту мақсатында Қазақстанда барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға вакциналардың барлық түрлерін, соның ішінде «Pfizer» вакцинасын пайдалануға рұқсат етілді.

Сондай-ақ 50 жастан асқан адамдарды ревакциналау үшін және бірінші компонентті шет елде алған адамдарға вакцинаның бастапқы курсын аяқтау үшін «Pfizer» вакцинасын пайдалануға рұқсат етіледі.

«Тек вакцина, ревакцинация жасатып, бәрімізге бұрыннан белгілі профилактика шараларын сақтау керек екенін тағы да халықтың есіне салғым келеді. Қабылданған шектеу шараларының жеңілдіктерін ескере отырып, бизнес субъектілері өз объектілерінде халықтың қауіпсіздігін және белгіленген алгоритмдерді қатаң орындауы тиіс, бұл ағымдағы эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасын сақтауға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін А. Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу