Халықаралық жетекші сарапшылар Қазақстанның цифрлық бағдарламаға ұмтылысын жоғары бағалады

Кеше, 13 қыркүйекте, Астана цифрландыру саласындағы сарапшылық қоғамдастықтың элитасы жиналған орынға айналды. Әлемдік компаниялардың басшылары, атақты және көрнекті сарапшылар Қазақстанға «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына өз бағасын беру үшін келді. Цифрландыру мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес аясында «РrimeМinister.kz» АА тілшілері елорда қонақтарымен тілдесті.

Николай Никифоров, РФ байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Ресей мен Қазақстан цифрландыру саласында бірлескен жұмысты күшейтуі тиіс екенін айтып, өз пікірімен бөлісті.

Ең алдымен, оның айтуынша, аталған жұмыс бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер есебінен жүргізілуі тиіс.

«Басқаша айтқанда бізге экономикамыздың салаларын цифрландыруды жүргізетін басты технологияларды бірге жетілдіру қажет. Ол қандай технологиялар? Бұл, мысалға, үлкен мәліметтермен жұмыс жасау технологиялары, блокчейн деп атайтын үлестірілген тізілім технологиялары, жасанды интеллект, толықтырылған шынайылық, роботты техника, сенсорлармен байланысты түрлі технологиялар және т.б», — деді Н. Никифоров.

Оған қоса, министр күш-жігерді біріктірудің және осы технологияларды бірлесіп жетілдірудің неліктен маңызды екенін түсіндірді.

«Қазақстан экономикасын цифрландыру немесе Ресей экономикасын цифрландыру қандай да бір шетелдік шешімдерді пайдалануға айналмауы тиіс. Осындай технологияларды өзіміз жасауды үйренуіміз қажет», — деп баса айтты ол.

Николай Никифоров айтып өткендей, Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» жаңа бағдарламасын табысты іске асыру үшін барлық алғышарттар бар.

«Бұл жолдың басында ең бастысы – саяси ықтияр. Қазақстандағы саяси ықтиярды бүгін көрдік. Кеңеске Президент, Премьер-Министр, және Премьер-Министрдің орынбасарлары, бейінді министрліктер – іс жүзінде атқарушы биліктің барлық жүйесі қатысты.

Бағдарламаны іске асыру кезіндегі мүмкін кедергілер туралы айтқан Николай Никифоров біздің елдеріміз үшін бастысы инфрақұрылым мәселесі болып табылатынын атап өтті.

«Біздің елдеріміз аумағы бойынша үлкен, бізде адамдар көп тұрмайтын елді мекендер көп.  Бұл қомақты инфрақұрылымдық шығындарды қажет етеді. Қарапайым заманауи байланысты қамтамасыз етудің өзіне», — деді Н. Никифоров.

Цифрлық трансформацияның министр назар аударған тағы бір маңызды аспектісі адами капиталды дамыту болып табылады. 

«Мектептегі және жоғары білім беру жүйесін өзгерту қажет. Университет дипломын алғаннан кейін білім алу аяқталмайтынын мойындаған жөн. Мансап жолында да оқуға тура келеді: жыл сайын, бірнеше жылда бір рет. Не дегенмен, бұл – мәліметтерге сүйенген экономика, білімдер экономикасы, адамдарға арналған экономика. Сондықтан, адами капиталға көп үлес қосуға тура келеді», — деп түйіндеді Н. Никифоров.

Smart Cities & IoE CISCO бас басқарушы директоры Амр Салем «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын мемлекет дамуының табысты жалпы стратегиясының бір бөлігі деп есептейді.

«Осындай елеулі іс-шараға шақырту алғаныма қуаныштымын. Бізді шақырған цифрлық бастамаларды таныстыру елдің табысты жалпы стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстанда экономиканы дамыту стратегиясын құрылымдаудың және халықтың өмір сүруін жақсартудың дұрыс тәсілін көріп отырмыз», — деді Амр Салем.

Сондай-ақ, сарапшы бағдарламаның мақсаттары оны жүзеге асыру барысында емес, басында белгіленуі тиіс екеніне назар аударды. Бұл, оның айтуынша, мақсаттарға қол жеткізудің технологияларын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Амр Салем оның пікірінше аталған бағдарламадағы басты екі факторды атады.

«Бірінші фактор — барлық мемлекеттік ұйымдарды бір-бірімен байланыстыратын инфрақұрылым құру. Екінші фактор — халыққа қызмет көрсету бойынша барлық мемлекеттік ұйымдар үшін бірыңғай платформа», — деді А. Салем.

Сөз соңында сарапшы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы — көп жылдарға созылатын үлкен бағдарлама екенін айтты.

«Біртіндеп және тұрақты түрде жақсарту жүргізіледі, жаңа инновациялар пайда болады. Бұл нақты соңы бар жоба емес, саяхат сияқты», — деді ол.

Yandex Data Factory жобалық кеңсесінің басшысы Александр Белугин цифрландыру мәселелері жөніндегі Республикалық кеңес аясында өнеркәсіптік кәсіпорындардың тиімділігін арттыру үшін машиналық оқыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану туралы баяндады.

Оның айтуынша, аталған технологиялар күрделі және болжап болмайтын, адам игере алмайтын және сыртқы үдерістерде түрлендірме бар өндірістерде жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалға, шикізат сапасы үнемі өзгеріп отырады және адам технологиялық үдеріске сәйкес бола алмайды.

«Заманауи технологиялар, нақты айтсам, нақты шешімдер қабылдау үшін машиналық оқыту күрделі және адамға түсініксіз математиканы қолдануға мүмкіндік береді. Мысалға, өндіріске келер болсақ, әлдеқайда арзан өнім шығару, бірақ сапасы бойынша талапқа сай келу үшін көшбасшы элементтердің аз санын қолдана бастады», — деп түсіндірді сарапшы.

Әлемде аталған технологияны өте аз компаниялар пайдаланады – барлық компаниялардың небәрі 1%. Себебі, бұл белгілі бір мәліметтер көлемін жинауды талап етеді.

«Қазір өз өнімдерін қалай жасағаны туралы жеткілікті мәліметтер жинақталған кезең аяқталып келеді. Бұдан өзге, аталған технология соңғы бірнеше жылда пайда болды», — деді Александр Белугин.

Аталған технологияларды енгізудің оң әсері туралы айтқан А. Белугин олар өндіріс шығындары сомасының шамамен 3-5% үнемдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ А. Белугин бірнеше қазақстандық компаниялардың басшыларымен тілдескенін және таяуда аталған технологиялар Қазақстанда пайда болуы мүмкін екенін айтты.

Cagan McAfee Capital Partners негізін қалаушы және басқарушы директоры Лэйрд Каган Қазақстан астанасынан алған әсерімен бөлісіп, Қазақстанның әрі қарай дамуы бойынша өз болжамдарын жасады.

«Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Астана қаласы маған үлкен әсер берді. Қалада елеулі өсім байқалады. Басқа елдерден алынған білімдер, және оларды Қазақстанда іске асыру экономиканы жақсартуға және цифрлық төңкеріс жасауға көмектесері сөзсіз.

Қазақстанда өсімді жылдамдатып, бүкіл әлем бойынша нақты индустрияларда көшбасшы болуға үлкен мүмкіндік бар.

Біз Қазақстан Президентімен және Премьер-Министрімен сөйлестік. Олар іске қосу жоспарланып отырған индустрияның көптеген салалары мен санаттары туралы айтты, жұмыс жасап жатқан кейбір индустрияларды көрсетті. Демек, олардың алға қойған мақсаттарды табысты іске асырудың жаһандық стратегиясы бар. Оған қоса, Қазақстан барлық маңызды индустрияларды көздейді: интернет, білім беру технологиялары, мемлекеттік технологиялар, электронды коммерция, жасанды интеллект және басқалары», — деп атап өтті Лэйрд Каган.

Футуролог, цифрлық философ, TEMPUS MOTU негізін қалаушы, Volvo Cars Group бас футурологы Арик Дроми ҚР Президентінің цифрлық трансформация үдерісіндегі дұрыс позициясын атап өтті.

«Мұндай бағдарламалардың жағымсыз тұстарының бірі – көптеген мемлекеттер бар құндылықтарын сақтауға тырысады, көбіне бұл бюрократиялық код, оны жаңа тұжырымдамаға жазу керек.  Қазір ол — цифрлық. Негізінде жаңа құндылықтарға көшу қажет. Сол құндылықтарды пайдаланатын инфрақұрылымға көшіру керек. Көбіне мен адамдардың бір жақты пайымын көремін. Ал, сіздің Президенттеріңіз мұны кеңінен, назардан тыс қалуы мүмкін бөлшектерді көреді. Дамудағы үш кит – энергия, мобильділік, коммуникациялар. Егер біз мұның бәрін «ақпараттық мәліметтер» түсінігіне көшіре алсақ, әрі қарай даңғыл жолмен жылжи аламыз», — деді Арик Дроми.

Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия бойынша кеңесшісі Рандип Судан Қазақстан дұрыс бағытта келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан көптен бері көш бастап келеді, және сіздер дұрыс бағытта келе жатсыздар. Себебі, бүгін Мемлекет басшысы талқылаған мәселеге назар аудару қажет.

Қазақстан трансформация кезеңіне жылдам көшіп жатыр. Егер инфрақұрылымға, астанаға, стартаптарды қолдауға салынған инвестицияларға қарайтын болсақ, Қазақстан — ілгерілеуге дайын елдердің бірі. Оған уақыт кететіні сөзсіз, үлкен іргетас қалап, осыған күш жұмсау қажет. Ол уақыт еншісінде деп ойлаймын. Өз пайымымен және көреген стратегияларымен Қазақстан көп нәрсеге қол жеткізеді», — деді Р. Судан.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу