Қазақстанның ірі сауда желілерінің барлығы бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысқа қатысуда — СИМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру қаралды. Аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуныша, биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%, оның ішінде азық-түлік 1,4%, азық-түлік емес 0,9%, ақылы қызметтер 0,7%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана және Шымкент қалаларында 2,2%, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1,8%, Ақтөбе облысында 1,7%, Ұлытау облысында 1,5%-ды құрады. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7% болды. Апталық динамика +0,3, +0,4% болып қалыптасуда. Жыл басынан бері ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау облысында – 3,4%, Ұлытау облысында – 2,8% және Астана қаласында – 2,5%. Тауарлар бойынша жыл басынан беру пияз 22,5%, күріш 5,2%, қырыққабат 4,1%, сүт және сәбіз 3,1%, картоп 3,0%, рожки 2,6%-ға өсті, бқл көрсеткіштер ең жоғары өсім болып отыр.

Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу жөніндегі шараларды талдау барысында бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі іске қосылмағаны анықталды; «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы көкөністерді жеткізуге жасаған 5 қолданыстағы Шарттың тек біреуі ғана өндірушімен жасалған, қалған 4 шарт көтерме саудагерлермен жасалған; өңірлік комиссиялардың отырыстарында өңірде жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық көтерме саудагердің аясында барлығы 4 көтерме саудагермен жұмыс жүргізілді.

«Өнімсіз делдалдарды анықтау және жою бойынша жұмыс нәтиже көрсеткен жоқ. Жалпы осы өңірдегі жаңа тәсілдер аясындағы жұмысты қанағаттанарлықсыз деп санаймыз», — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуныша, Ұлытау облысы да бағаның өсуі бойынша көшбасшы болып отыр. Бір жағынан, аймақ логистика тұрғысынан тұйық болып табылады, сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті бизнестің жұмысы әлі жолға қойылмаған. Қаңтар айында регкомиссиялардың 10 отырысы өткізілді, алайда жұмыс нәтижелері шамалы. 

Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 млрд теңгені құрайды, бірақ өңір 2022 жылдың қорытындысы бойынша да, осы жылдың басынан бері де бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр. 

«Жыл басынан бері комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтаған жоқ. Қала әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен өңірлік комиссияның жұмысын қалпына келтіретініне сенімдімін», — деді министр.

С. Жұманғариннің айтуынша, Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыру құралдарын қайта форматтауды міндеттеді. Үкімет деңгейінде барлық қажетті әдіснамалық және құқықтық жұмыстар атқарылды.

Біріншіден, өндірушілерге тікелей қарыз беру бойынша тәсіл қайта форматталды. Қазіргі уақытта қант зауыттары үшін шикізат қаржыландырылды.

Екіншіден, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі өзгертілді, сатып алу егін жинау кезеңінде, яғни бағалар арзан кезінде, жүзеге асырылады, ал тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сату маусымаралық кезеңде жүзеге асырылады.

Үшіншіден, форвардтық сатып алу тетігі өндірушілерден өнімді сату сәтіне дейін, сақтаумен келісім-шарт жасауға мүмкіндік береді. Бұл осы жылдың 2023 жылғы астықты 2024 жылғы сәуір айына дейін қолдануға мүмкіндік береді.

Сатып алудың форвардтық әдісі 8 өңірде іске асырылуда (Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қызылорда, Абай, Ұлытау, Ақтөбе облыстарында). 

Сонымен қатар ішкі нарықты ерте импорттық көкөніс өнімдерімен толтыру үшін Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Иран бизнес қауымдастығымен және Қазақстан өңірлерімен В2В кездесулер ұйымдастырылды. Сауда желілері 9 200 тонна көлемінде көкөніс жеткізуді пысықтады. Өзбекстаннан өнім жеткізу бойынша жасыл дәліз ұйымдастырылды. Республиканың барлық ірі сауда желілері бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысқа қатысады. Жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық ауытқуын болдырмау үшін импорттық көкөністердің өңірлік сауда желілерімен уақытылы келісім-шарт жасауды қамтамасыз етуі қажет.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 2022 жылдың егіні есебінен нақты қорлар қалыптастырылды. Бүгінде пияз бойынша 110%, картоп 105%, сәбіз 87%, қырыққабат 70%-ды құрайды.

«Мен кассалық аппараттары бар сауда объектілері арқылы пиязды аумақтық қорлардан сатуға тапсырма бердім. Тауар интервенцияларының тиімділігін бағалауды Электронды шот-фактура және фискалдық деректер операторларының деректері бойынша бағаның төмендеу динамикасын, сондай-ақ сатылған өнімнің көлемі мен бағасын талдау арқылы жүзеге асырамыз», — деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау үшін азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірудің алғышарттарын жою мақсатында осы жылдың 28 қаңтарынан бастап 90 күн мерзімге пияз экспортына уақытша тыйым салынды. 

Күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру мақсатында 2023 жылғы 4 ақпаннан бастап күнбағыс тұқымының экспортына өнім құнының 20% мөлшерінде, бірақ тоннасына кемінде 100 еуро мөлшерінде тұрақты экспорттық баж енгізіледі.

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес баға белгілеу тізбегінің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта форматталды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына Электронды шот-фактураны міндетті жазып беру бойынша пилоттық жобаның қолданысы өнімсіз делдалдарды анықтау және оларды жеткізу тізбегінен шығару үшін арнайы 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды. 

Электронды шот-фактура ақпарат жүйесінің деректері баға белгілеу тізбегін бақылауға және сауда үстемесінің асып кету фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.

«Өңірлік комиссиялардың қызметі – менің жеке бақылауымда. Жалпы біздің міндетіміз – бизнес субъектілерінің арасында сауда заңнамасын сақтау мәдениетін қалыптастыру», — деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. 

Цифрлық кеңсе шеңберінде бағаны тұрақтандыру жөніндегі қызметтің негізгі көрсеткіштерін бағалау бойынша өңірлердің рейтингі жасалып отырады. Оның жұмысы келесідей:

Бірінші, өнімсіз делдалдарды анықтау және жою арқылы өңірлік комиссиялардың жұмысының тиімділігіне;

Екінші, ішкі нарықты қанықтыру құралдарымен тауар массасын дер кезінде қалыптастыруға (айналым схемасы, тұрақтандыру қоры, форвардтық келісім-шарт);

Үшінші, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізудің Электронды шот-фактура мен кассалық аппараттардың деректерін талдау арқылы қатаң әкімшілендіруге байланысты.

Әрі қарай ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тақырып бойынша баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, өңірлердің жедел деректеріне сай осы жылдың 2 ақпанына республика бойынша 1 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры бар, оның ішінде кәсіпорындарда, көкөніс қоймаларында 519 мың тонна, қоймаларда (көтерме-тарату орталықтарында, сауда логистика орталықтарында) 194,7 мың тонна, сауда желілерінде 183,3 мың тонна, тұрақтандыру қорларында 24,4 мың тонна қор сақталған.

«Әкімдіктер өткен жылдың күзінен бастап осы жылдың маусымаралық кезеңінде нарыққа реттеуші әсер ету үшін көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Біз өз тарапымыздан әкімдіктерге “инфляциялық кезеңде” (ақпан-мамыр) ішкі нарықтың қажеттілігін жабу үшін көкөністер бойынша ұсынылатын көлемді жеткіздік», — деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің сөзінше, картоп бойынша АШМ ұсынатын көлем 73 мың тоннаны құрайды, бұл ретте Абай, Ұлытау және Алматы облыстарының әкімдіктері өңірлік сұранысты ескере отырып, қажеттілік көлемін азайтты. Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, картопқа деген қажеттілік 2 100 тоннаны құрайды және осы көлемде келісімшарт жасалды. Ұлытау облысында да жағдай осындай. Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша картопқа деген қажеттілік 727 тоннаны құрайды, бұл ретте әкімдік келісімшарттың қалған көлемін ұзарту мүмкіндігімен 1 234 тоннаға келісімшарт жасады. 

Жалпы өңірлер 85,8 мың тонна картопқа келісімшарт жасады. 13 өңір – жасыл аймақта, онда келісімшарттар көлемі АШМ ұсынатын көлемнің 100 және одан да көп пайызын құрайды. Келісімшарттардың көлемі 50%-дан 100%-ға дейінгі сары аймақта 7 өңір орналасқан.

Бұл ретте картоп өндірушілердің негізгі өңірлері – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары нарықтағы картоп қорының жеткіліктілігін атап өтуде. Павлодар облысында маусымаралық кезеңде сату үшін 20 000 тонна картопқа жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен меморандумдар жасалды. 

«Әкімдіктердің деректері бойынша ішкі нарық қажеттілігін осы жылдың мамыр айынан бастап оңтүстік елдерден 5,1 мың тонна көлемде импорттық жеткізілімдер есебінен, шілде айында Түркістан облысынан 4,9 мың тонна көлемде ерте пісетін картоп жеткізу есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Сәбіз келісімшарттарына келетін болсақ, картоп сияқты жағдай қалыптасуда, яғни жоғарыда аталған үш облыстың әкімдіктері қажеттілік көлемін азайтты. Жалпы өңірлер келісімшарттарының көлемі 28,8 мың тоннаны құрайды. Келісімшарттардың көлемі 100%-дан асатын жасыл аймақта 11 өңір бар. Келісімшарттар көлемі 50%-дан 100%-ға дейінгі сары аймақта 8 өңір бар. 

Павлодар облысы – қызыл аймақта, онда келісімшарттардың көлемі 50%-дан төмен. Бұл ретте, жоғарыда атап өткендей, облыста жергілікті өндірушілермен 5 мың тоннаға меморандумдар бар. Импортқа қажеттілік 2 мың тоннаны, ерте пісетін көкөністерге қажеттілік 3,8 мың тоннаны құрайды.

Қырыққабат бойынша АШМ ұсынған көлем – 27,9 мың тоннаға Абай, Ұлытау, Алматы, Жамбыл облыстарының әкімдіктері өзгерістер енгізді. Өңірлер келісімшарттарының көлемі 19,1 мың тоннаны құрайды. Келісімшарттардың көлемі 100%-дан асатын жасыл аймақта 6 өңір бар. Келісімшарттар көлемі 50%-дан 100%-ға дейінгі сары аймақта 9 өңір орналасқан. Қызыл аймақта – 5 өңір, онда келісімшарттардың көлемі 50%-дан төмен.

Өңірлерде қырыққабат бойынша импортқа қажеттілік – 4,1 мың тонна, ерте көкөністер бойынша – 1,3 мың тонна.

Пияз бойынша АШМ ұсынған көлем – 19,5 мың тоннаға Абай және Алматы облыстарының әкімдіктері өзгерістер енгізді. Жалпы келісімшарттардың көлемі 25,4 мың тонна пиязды құрайды. Келісімшарттардың көлемі 100%-дан асатын жасыл аймақта 14 өңір бар. Келісімшарттардың көлемі 50%-дан 100%-ға дейінгі сары аймақта 6 өңір бар. Импортқа қажеттілік 2,8 мың тоннаны, ерте пісетін көкөністерге қажеттілік 2,2 мың тоннаны құрайды. 

Қызылорда облысының деректері бойынша биыл 444,6 мың тонна күріш жиналды. Жаңа өнім жинауға дейін 56,6 мың тонна қажеттілік үшін ішкі нарықтағы күріш қоры 81,1 мың тоннаны құрайды, оның ішінде нарықтағы дайын өнім қоры – 27,7 мың тонна және 111,3 мың тонна шикізат түрінде күріш бар, бұл қайта өңдеуден кейін 53,4 мың тонна жармаға тең.

АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің деректері бойынша 2022 жылғы 25 желтоқсан-қаңтар аралығында 86,4 мың тонна көлемінде күріш экспортына фитосанитариялық сертификаттар берілді және статистика деректері мен Мемлекеттік кірістер комитетінің жедел деректері бойынша 109 мың тонна күріш экспортталды. Қорлардың жалпы көлемі халықтың жаңа егін жинауға дейін күрішке деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, «әлеуметтік нан» бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жалғасады. Биыл әкімдіктердің деректері бойынша арзандатылған бидайға жылдық қажеттілік 308 мың тоннаны құрайды. Азық-түлік корпорациясының сату бағасын ескере отырып, 135 мың теңге, субсидия мөлшері тоннасына 45 мың теңгені құрайды. Бұл 13,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді талап етеді. Тиісті бюджеттік өтінім Қаржы министрлігіне енгізілді. 

«Аталған шаралар өңірлердің ұн тартатын кәсіпорындарын бидаймен 90 мың теңге белгіленген бағамен қамтамасыз етуге және тиісінше қолжетімді бағамен нан өндіруге мүмкіндік береді», — деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Екінші маңызды мәселе – көктемгі науқанды оңтайлы уақытта өткізу. Бұған мемлекет қабылдаған шаралар, соның ішінде Азық-түлік корпорацияның форвардтық сатып алуы ықпал етеді. 2020 жылы осы мақсаттарға бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. Кейінгі жылдары Бағдарламаны қаржыландыру ұлғайды, бұл ретте Азық-түлік корпорациясының қаражаты есебінен толық жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта банк ставкаларының өсуін ескере отырып, корпорация форвардтық сатып алуды қаржыландыруға арналған қаражатпен шектелген. Сонымен қатар қолда бар қаражат есебінен корпорация жалпы сомасы шамамен 31,5 млрд теңгеге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді қаржыландырудың 2 тетігін пысықтауда:

Біріншіден, өңірлердің өтініштерін ескере отырып, қаражатты пайдаланғаны үшін комиссияны қолданбай, 20 млрд теңге сомасында қарыз қаражаты есебінен көктемгі-жазғы қаржыландыру.

Екіншіден, тауарлық несие беру негізінен ірі АШТӨ-ге олардың астықты сату және кейіннен 11,5 млрд теңге сомасына көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру. 

Көктемгі науқанды форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыру сомасын ұлғайту үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталына бюджеттен 70 млрд теңге бөлу ұсынылады. Ол үшін Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі, аталмыш тұжырымдамада тиісті іс-шара көзделетін болады.

«Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне биылғы 17 ақпанға дейінгі мерзімде “Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ-пен бірлесіп, кейінге қалдыру шартымен 2023 жылы корпорацияның жарғылық капиталын ұлғайту бойынша Мемлекеттік инвестициялық жоба мен Қаржы-экономикалық негіздеменің экономикалық қорытындыларын қарауды және ұсынуды тапсыруды сұраймын», — деді ауыл шаруашлығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Одан кейін Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов баяндама жасады.

 

Оның айтуынша, инфляция тұтыну себетінің құрамына кіретін 160 азық-түлік тауары, азық-түлікке жатпайтын 243 тауар және 105 қызмет түрі негізінде есептеледі. Осылайша, халықтың үнемі сатып алып, пайдаланатын 508 тауар мен қызметтен тұратын себет қалыптастырылады.

Инфляцияны есептеу үшін ай сайын бүкіл ел бойынша тек бір уақытта және белгіленген объектілерде ғана бағалар тіркеледі. Бұдан әрі баға динамикасы негізінде әрбір атау бойынша индекс есептеледі және жеке үлес салмақты ескере отырып, республикалық деңгейде, сондай-ақ жеке өңірлер бөлінісінде инфляция есептеледі.

«Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 20,7%-ды құрады, осы ретте оның азық-түліктен тұратын құрамдас бөлігі 25,7%-ды құрады. Дәл осы әдіспен біз апта сайын әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының баға индексін тіркейміз. Мұнда да баға динамикасы жылдық мәнде 23,4%-ға өскенін көре аламыз», — деді Жандос Шаймарданов. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тұтыну себетінің 11,7%-ын құрайды. Жалпы инфляцияны төмендету үшін жоғары үлес салмағы бар позицияларға назар аудару керек, мысалы, бензин (2%) немесе электр энергиясы (2,3%). Тұтыну бағасына тікелей әсер етуден бөлек, олар басқа тауарлардың өндірісі мен тасымалының қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін.

Тұрғын үйді жалға алудың өсімі инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер етті. Ол қызметтің жоғары үлес салмағы мен (2,5%) бағаның өсіміне (35,2%) байланысты болып отыр. Сондай-ақ «қауіп аймағына» тұрмыстық химияны жатқызуға болады, ол бір жыл ішінде орта есеппен 50-ден астам пайызға қымбаттады. Мысалы, кір сабын 88,5%-ға, ыдыс жуу құралы 54,4%-ға, кір жуу ұнтағы 45,8%-ға қымбаттаған.

«Өңірлердің үлес салмағы халық саны мен тұтыну ерекшеліктеріне байланысты. Осы тұжырымға сүйене отырып, біз оны жылына бір рет қайта қарастырамыз. Сондай-ақ бағаларды тіркеу үшін базалық объектілердің тізбесі жыл сайын жаңарып отырады. Оған супермаркеттер, әлеуметтік дүкендер, үй жанындағы дүкендер мен базарлар кіреді», — деді Жандос Шаймарданов.

Осы жылы әдістемені жетілдіру аясында тауарлар мен қызметтердің үлес салмағы әр аймақ үшін жеке-жеке анықталды. Мәселен, ірі қалаларда үйді жалға алу шығындары едәуір жоғары. Тиісінше, Астана мен Алматыда тұрғын үйді жалдау басқа өңірлермен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары үлес салмаққа ие.

Бұл тәсілдердің барлығы бірнеше рет шетелдіктердің сараптамасынан өткен және жалпы қабылданған Халықаралық әдіснамаға сай келеді. Биыл да Қазақстанның Ұлттық статистика жүйесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымы (ЭЫДҰ) тарапынан бағалау жүргізілетін болады.

«Әдістемені жетілдіруден басқа, біз статистикалық деректерді жинау процестерін белсенді дамытудамыз. Қазіргі уақытта өңірлерде бағаны 287 маман тіркейді. Олар баға динамикасын қағазға жазбаша түрде түсіреді», — деді Ж. Шаймарданов.

Статистика деректерін жинау процесін жеңілдету мақсатында осы тоқсанда мобильді қосымшаны іске қосылады. Бұл баға котировкасын жазып қана қоймай, сонымен қатар штрих-кодты және өнімнің суретін жасауға, объектінің орналасқан жерін растауға және деректерді онлайн режимде жіберуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде деректерді өңдеу уақыты қысқарып, бақылау сапасын артады және баға талдауы бойынша мүмкіндікте кеңейеді. Дегенмен мобильді қосымша адам факторын толығымен жоққа шығармайды.

Осыған байланысты Бюроның басым бағыттарының бірі – балама дереккөздерді пайдалану, бұл фискалдық чектер, яғни кассадан берілетін чектегі мәліметтер. Бірқатар Еуропа елі бұл дереккөзді инфляцияны есептеу үшін белсенді түрде қолданып жатыр (Бельгия, Дания, Италия, Нидерланд, Норвегия, Швеция, Швейцария, Ресей).

«Біз де Қазақстанда осындай жобаны іске асыруға кірістік, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары әдіснамалық көмек көрсетті. Қаржы министрлігі өз тарапынан фискалдық деректерді ұсынды. Біз оларды мұқият зерттеп жатырмыз, қазіргі уақытта деректерді “тазарту” және белгілеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың негізінде модель құрылады, ол чектегі тауарларды тұтынушы себетінің құрылымына қарай жіктеуге мүмкіндік береді», — деді Жандос Шаймарданов. 

Қазір модель негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары анықталып жатыр, бұдан кейін тауарлар мен қызметтердің тізімі кезең-кезеңмен кеңейтілмек. Инфляцияны есептеу кезінде фискалдық деректерге толық көшу үшін Тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогын енгізу қажет. Ол деректердің «тазалығы» мен салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыс Сауда және интеграция министрлігі және Қаржы министрлігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.

Бюро тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогы енгізілген соң, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры тарапынан жаңа тәсіл расталғаннан кейін, бағалардың дәстүрлі түрде тіркеуін фискалдық деректерді пайдалануға ауыстыруды жоспарлап отыр. Әзірге деректерді дәстүрлі әдіспен жинауды жалғастырып, фискалды чектер негізінде де экспериментті есептеу жүргізіліп келеді.

Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін Бюро статистикалық ақпаратты тарату құралдарын жетілдіруде. 

Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймардановтың айтуынша, осы мақсатта көрсеткіштерге жылдам қол жеткізуге және динамикалық кестелерді жүктеуге мүмкіндік беретін жаңа сайт іске қосылды. Өткен жылдан бастап инфляция бойынша, сонымен бірге әр тауардың үлес салмағы туралы жарияланатын ақпарат тізімін кеңейтілді. 

Сайтта, сондай-ақ, инфляция бойынша дэшборд жарияланған, онда әдіснама, әр түрлі бөліністегі барлық құрамдас көрсеткіштер сипатталған. Осы сияқты интерактивті дэшбордтар ресми статистиканың басқа салалары бойынша да бар.

Анағұрлым дайындығы бар сарапшылар үшін «Талдау» атты жүйе де жұмыс істейді. Ол пайдаланушылардың сұранысын ескере отырып, API интерфейсын қоса алғанда, нақтыланған деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Пайдаланушылардың пікірін ескере келе, биыл жүйені жаңғырту жоспарланып отыр.

«Ұлттық статистика бюросы жарияланған деректердің дәйектілігіне баса назар аударады. Ол үшін біз деректерді жинау және өңдеу әдістемесі мен процестерін үнемі жетілдіреміз. Оған қоса жиналатын ақпарат көздерінің ауқымын кеңейте бастадық», — деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу